Егемен Қазақстан • 24 Желтоқсан, 2021

«Egemen Qazaqstan» рекордтар кітабына енді

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстанның ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалығы жарыққа шықты. «Тұран» университетінің бастамасымен жарық көрген Қазақстан рекордтар кітабына отандастарымыздың жеткен жетістіктері, қайталанбас іс-әрекеттері мен құнды деректер енген.

«Egemen Qazaqstan» рекордтар кітабына енді

Тұсаукесердің ашылу салтанатында университеттің бірінші проректоры, «Тұран» білім беру корпорациясының вице-перзиденті, профессор, Қазақстан маркетинг қауымдастығының президенті, энциклопедияның бас редакторы Қуаныш Тазабеков сөз сөйлеп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарыққа шығып отырған Қазақстан рекордтар кітабына енген кейіпкерлер өмірінің тосын да қызықты оқиғаларға толы екенін жеткізді. Энциклопедияның алғашқы басылымы 1999 жылы жұқа кітапша түрінде жарыққа шыққан болса, он екінші редакциясында ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалығы деңгейіне жетіп отыр. Мыңнан астам деректер қамтылған басылым түрлі-түсті фото-иллюстрациялармен безендірілген. Энциклопедияда Тәуелсіз Қазақстанның географиясынан бастап, ел дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірі, экономика, саясатта жеткен жетістіктері, тарихы мен мәдениеті, спорт саласына қатысты қызықты деректер бар.

Басылымда жеке адамдардың өмір жолына қатысты қызықты жайттар назар аудартады. FIAP Халықаралық фотография өнері федерациясының «Платиналы Экселленс» титулының посткеңестік кеңістіктегі жалғыз иегері Валерий Коренчуктың шығармашылық мұрағатында мыңдаған фотосуреттер бар. Фотограф беделді шетелдік байқаулардың 300-ге жуық жүлдесін жеңіп алған. 2020 жылы В.Коренчуктің жұмыстары 22 көрмеге қойылып, 44 марапатқа ие болды. Ал өткен жылы «Портрет с тенью» атты жұмысы үшін FIAP алтын медаліне және тағы да 18 марапатқа ие болды.

2020 жылы Италияның Пезаро қаласында онлайн-режімде өткен Россини (CIMP) атындағы XVII халықаралық музыкалық байқауда «камералық музыка» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтетінің репертуары өте бай. Өткен жылы Жанат Ермановтың жетекшілігіндегі квинтет Ұлыбританиядағы Мюзик Бокс Халықаралық байқауының бірінші сыйлығының лауреаты болды.

Қазақстан рекордтар кітабына 100 жылдық тарихы бар, еліміздегі ең көне газеттердің бірі «Егемен Қазақстан» еніп отыр. «Қазақ» газетінің жалғасы ретінде 1919 жылы «Ұшқын» атауымен Орынборда басылып шыққан газет әр жылдар ішінде көп таралымды газетке айналды. «Еңбек туы» (1920), «Еңбекші қазақ» (1921), «Социалды Қазақстан» (1921-1932), «Социалистік Қазақстан» (1932-1991), «Егеменді Қазақстан» (1991-1993), бүгінде «Egemen Qazaqstan» болып аталатын газет қоғамның үнжарғысына айналған.

Отыз жылдан астам уақытын ғарыш кеңістігін зерттеуге арнаған алматылық Әнуарбек Балахметов, өткен жылы Лондонда өткен 22-ші Rainbow Film Festival халықаралық кинофестивалінде «Мариям» толықметражды фильмі үшін үздік режиссер әйел атанған Шарипа Оразбаева, қырық жылдан астам ұсталық өнерді жандандырып, ата кәсіптің көрігін қыздырып жүрген ағайынды Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Құлменовтардың еңбегі де Қазақстан рекордтар кітабында айшықталып тұр.

Энциклопедиялық анықтамалықтың денсаулық бөлімінде 2019 жылы алғаш рет гипоплазия ауыр патологиясы бар тоғыз күндік сәбидің жүрегіне бірегей ота жасаған алматылық хирургтардың да еңбегі рекордтық көрсеткіш ретінде бағаланып отыр. Ота көзге мүлде көрінбейтін, сезіну арқылы ғана ұстауға болатын жіптің көмегімен жасалады. Сертификат Перинатология және балалар кардиохирургиясы Орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Геннадий Нигайға табыс етілді. Ал дәл сол жылы Magmaris магний қорытпаларынан жасалған еритін тіреуішті қолдану арқылы алғаш рет жасалған бірегей ота үшін рекордтар сертификаты Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-ның рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімінің меңгерушісі Әсем Амантаева тапсырылды.

Денесіне бір мезетте 8 килоға дейін металл бұйымдарды тарта алатын «магнит әйел» атанған Қарлығаш Нығметова 2019 жылы салмағы 6 келі болатын 4 үтікті денесінде ұстап тұрып, бір уақытта темір шеңберді айналдырудан рекордын жаңартқан. Ал алматылық Александр Габченко мен Александр Сипетый биыл велосипедтің автономды режімімен Іле Алатауының қыраттарымен 127 шақырымды 60 сағатта жүріп өткен. Рекдоршылардың соңғы үш жылдағы экспедициялары республиканың 14 өңірінде ойлы-қырлы аймақтар сериясымен жалғасын тапқан.

«Қазақ жолбарысы» лақап атымен танылған қазақстандық палуан, 26 жастағы алматылық Алмат Джұманов 100 тонна көмір тиелген вагонды, салмағы 300 кг екі жасар тірі түйені иығына салып, 13 метрге дейін көтере алатын алып күшке ие. Салмағы 4800 кило екі джип көлігін сүйреу де рекордшы үшін аса қиынға соға қоймаған.

Алматылық Андрей Талалаев Сюррон электрлі велосипедімен 3 сағатта Алматы облысы Іле Алатауындағы 4068 метр биіктіктегі Б. Момышұлы шыңын және де 4 мыңдық шыңды екі дөңгелекті моторлы көлікпен бағындырған. Ал 32 жастағы алматылық Александр Данчевтың экстремалды воркаут бойынша рекордты тіптен қызықты. Александр 15 минут бойы тісімен арқанда тартылып тұра алатын қабілетке ие. Алып күш иесі 26 тонналық көлікті 2,5 метр қашықтыққа тістеп сүйреу арқылы рекордын жаңартқан. Өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, психология және мотивация туралы «Өмір менің көзқарасыммен» кітабын жазған алматылық 17 жасар Ильяс Юсупжанов ең жас автор ретінде Қазақстан рекордтар кітабына еніп отыр.

 

АЛМАТЫ