Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2021

«Меркі-Шу-Бурылбайтал» тасжолының 257 шақырым бөлігінде қозғалыс ашылды

701 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Меркі - Шу - Бурылбайтал» автомобиль жолының ұзындығы 257 шақырым болатын учаскесінде қозғалыс ашылды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин ашылған жол аумағына барып, атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Меркі-Шу-Бурылбайтал» тасжолының 257 шақырым бөлігінде қозғалыс ашылды

Шу қаласының айналма учаскесінде 7 көпір мен жол өтпелерінің, соның ішінде ұзындығы 204 метр болатын Шу өзені арқылы өтетін ең үлкен көпірдің құрылысы бойынша жұмыстар белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды. Жобалық құны – 15 млрд.теңге.

Аталған учаскеде қозғалыстың ашылуы транзиттік көліктің кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді және Шу қаласын Мойынқұм, Бірлік, Айдарлы, Бәйдібек сияқты жақын маңдағы елдімекендермен байланыстырады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Айжан Туғанованың айтуынша, ұзындығы 62 шақырым болатын «Шу-Хантау» учаскесіндегі жұмыстар толығымен аяқталған. Нысан жоспарланған мерзімнен алты ай бұрын пайдалануға берілді.

«Меркі-Шу» және «Хантау-Бурылбайтал» учаскелері бойынша бір бағытта қозғалыс ашылды, 4 көпірге кіреберісте жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстардың толық аяқталуы 2022 жылғы қарашаға жоспарланған.

Ауқымды жоба аясында 6 көпір, темір жол арқылы 3 жол өтпесі, жарықтандырылатын 11 көлік айрығы, 9 жайластырылған демалыс алаңы мен 34 көлік павильоны салынбақ.

«Құрылыс жұмыстарына 800-ден астам қызметкер мен 400-ден астам техника бірлігі жұмылдырылған», деп жеткізді А.Туғанова.

Үкімет басшысының қолдауының арқасында келесі жылы «Шу-Благовещенка» автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізу үшін қаражат бөлінетін болады.

Аталған жобаларды аяқтау Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі аралығындағы, сондай-ақ, Қырғызстан Республикасымен  транзиттік әлеуетті едәуір арттыруды қамтамасыз етеді.