Қазақстан • 24 Желтоқсан, 2021

Жас қазақстандықтар Елбасы медалімен марапатталды

680 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан мен Шымкентте жастар бағдарламасының 400-ден астам қатысушысы Елбасының күміс және қола медальдарымен марапатталды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жас қазақстандықтар Елбасы медалімен марапатталды

Нұр-Сұлтанда 189 қазақстандық Елбасы медальдарымен марапатталды, оның ішінде 180 қола және 9 күміс медаль. Ал Шымкент шаһарында 214 қатысушы қола медальға ие болды.

Іс-шараларға Елбасының медаль иегерлері, еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен белсенді жастар қатысты.

«Елбасы медалі» - жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Қатысушылар «алтын», «күміс» немесе «қола» медальдармен марапатталады.

Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағдарлама өскелең ұрпақ үшін алға қойған мақсаттарына жетуге үлкен серпін береді. Қазіргі уақытта «Елбасы медалі» бағдарламасына 20 000-нан астам адам қатысады. Оның 83%-ы - мектеп оқушылары, 11%-ы-студенттер, 6%-ы-жұмыс істейтін жастар, 24%-ы - ауылдық жерлерден келген қатысушылар.

2019 жылдан бастап медальдарды 6 186 қазақстандық алды, 605 Елбасы медалінің иегерлеріне мемлекеттік білім беру гранттары тағайындалды, олардың 30%-дан астамы ауыл мектептерінің түлектері.

Елбасының қола медалінің иегерлерінің бірі - Нұр-Сұлтан қаласының №91 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Диана Мырзағалиева.

«Жобаға қатысу арқылы менің өмірім 180 градусқа өзгерді. Жоба менің ерік-жігерімді қалыптастырды, мен жан-жақты дами бастадым, көптеген кітаптар оқып, жаңа деңгейге көтерілдім. Экология мәселелерін көтеретін «Ақсу-Жабағылы сиқырлы әлемі» ертегісін жаздым, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау жөніндегі іс-шаралардың үйлестірушісі атандым. Сондай-ақ халықаралық байқауға қатысып, «Жыл волонтері» мен «Волонтерлікті дамытуға қосқан көрнекті үлес» номинациялары бойынша жеңімпаз атандым», деді Диана Мырзағалиева.

Еске сала кетсек, 15 желтоқсанда елордада «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысушыларды марапаттау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Комиссия бағдарламаны іске асыру нәтижелерін қарап, бағдарламаны табысты аяқтаған 2 259 адамды марапаттауға ұсынды. Олардың ішінде 2 216 қола, 40 күміс және 3 алтын қатысушы бар. Сондай-ақ бағдарламаны аяқтаған 344 қатысушы сертификаттарға ие болады.