Қоғам • 26 Желтоқсан, 2021

Рақымшылыққа кімдер ілікті?

2037 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Егемен Қазақстан тарихында бұған дейін 8 рет рақым­шы­лық жасалған екен. Оның төртеуі Тәуелсіздік күніне орай­ластырылған. Биыл да ең қастерлі мереке – ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына орай 14 мыңнан астам сотталған рақым­шылыққа ілікті. Бұл – ел тарихындағы тоғызыншы рақымшылық.

Рақымшылыққа кімдер ілікті?

Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 80 түзеу мекемесі жұмыс істейді. Осы 64 бас бос­тан­дығынан айыру түріндегі жаза­ларды орындау мекемесі мен 16 тергеу изоляторында 35 мың­ға жуық адам бар. Оның ішін­де 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу қамағында отыр. Соттал­ғандардың 93 пайызы ауыр жəне аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамалған болса, 40 пайызы бұрын да бірнеше рет сотты болғандар. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

Биыл 7 жел­тоқсанда Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­­стан Респуб­ликасы Тәуел­сіз­ді­гінің отыз жыл­дығына байла­ныс­ты рақым­шылық жасау тура­лы» Заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес рақым­шылық жасау 14 045 сотталған адамға қол­даныл­ды. Ішкі істер министрі Ер­лан Тұрғымбаевтың айтуын­ша, 2 236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға ра­қым­шылық жасал­са, соның нəти­жесінде мың­ға жуық адам қамаудан босап шыққан. Ал 3818 адам проба­циялық бақылаудан босатылды.

Сондай-ақ 1 294 сотталушы мен пробацияда тұрған 7 294 адамға жаза мерзімі қыс­қар­тылып, сотқа дейінгі өндіріс­тегі 5 мың қылмыстық іс тоқ­татылды. Оның ішінде 1 674 адам қыл­мыстық жауапкершіліктен боса­тылса, 1 471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданды.

Құжаттың басты көздегені де осы – аса ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту. Ал ра­қым­­шылық ардагерлерге, кəме­леттік жасқа толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екін­ші топтағы мүгедектер­ге, қоғамға қауіп төндірмейтін адам­­­дарға қолданылады.

ІІМ Қылмыстық атқару жүйе­сі ко­митетінің төрағасы Жанат Еш­мағамбетов рақымшы­лық­тың қылмыстық-құқықтық қа­ты­настардың белгілі бір ас­пек­тілеріне ғана қатысы барын ай­тады. «Рақымшылық жа­сау сот­талғанды толық ақтау деген сөз емес. Бұл құжат тек қыл­мыс жа­саған адамның жаза­сын же­ңілдетеді, олардың тағ­дырын жұмсартады. Сол се­бепті де заң жазадан толық немесе ішінара босату, жазаны жеңілдету немесе қылмыстық қудалауды тоқтатудан тұрады. Бұл ізгілік актісі азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қа­тер төндірмейтін қылмыстар жаса­ған адам­дарға қолданылады. Атап айтқанда, азамат­тардың әлеу­­мет­тік жағынан осал санаттары – кәме­лет­ке толмағандарға, әйелдер мен егде жас­та­ғы ерлерге, 1 және 2-таптағы мүгедектерге ерек­ше назар аударылған», дейді комитет басшысы.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, жүкті әйелдерді, сотталған, ата-ана құқық­та­рынан айы­рылмаған және осы заң қол­­данысқа енгізілген күні кә­ме­летке толмаған балалардың жал­­ғыз ата-анасы деп танылған және ата-ана құқығынан айырыл­маған әйел­дерді де назардан тыс қал­дыр­мады.

Заң жобасында қылмыстық теріс қылық жасамаған, ешқан­дай залал келтірмеген немесе келтірген залалын толық өте­ген азаматтар мен мемлекет қа­уіп­сіздігіне қатер төндірмей­тін онша ауыр емес, сондай-ақ ауыр­лығы орташа қылмыс жаса­ған сотталушыларды жазадан бо­сату ұсынылған болатын. Сондай-ақ заң жобасында қарас­тырылған адамдар үшін негізгі жазаның мерзімі мен мөлшері қысқартылды.

Бұл топтағы адамдарды қарау кезінде сотталғанның залалды толық өтеуі, сондай-ақ осы заң қол­данысқа енгізілген күні жа­за­сын өтеуге бір жылдан ас­пай­­тын уақыт теріс мінез-құ­лық дә­режесінің болмауы ес­ке­­ріледі. Өз кезегінде, заң жобасы аясында жер­гілікті атқарушы орган­дардың еңбекке қа­білетті адамдарды жұмысқа орналастыруын қам­та­масыз етуі, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандарға әлеу­меттік және өзге де көмек көр­сету көзделген.

Ал Қылмыстық кодекстің 78-бабына сəйкес аса ауыр қыл­мыс жасаған адамдарға, та­рқатып айтар болсақ, педофил­дерге, жем­­­қорларға, адам өлтір­гендер мен экстремис­терге, қыл­мыстық топ­­тардың бұрынғы қаты­­сушы­ларына қатысты рақым­шылық қолданылмайды.

Әрине, еліміз үшін елеулі кезеңде рақым­шылық жасау – игі іс. Оның үстіне биылғы заң­­да алғаш рет əлеуметтік тө­мен топқа ерекше назар аударыл­ды. Рақымшылық аясында жаза­дан босаған адамдардың қа­лыпты өмірге қайта оралуына жағ­дай жасалды. Атап айтқанда, бостандыққа шыққан адамдарды жұмысқа орналастыру, əлеу­меттік жəне басқа да көмек көр­сету мə­селелері құжатта жан-жақты қа­растырылған. Ра­қым­­шылыққа ілігетін соттал­ған­дарды іріктеуде бұрынғымен са­лы­стырғанда өз­герістер де бол­ды. Себебі 30 жыл ішінде қол­даныстағы заңнамаға сәй­­кес рақымшылыққа жататын сот­талғандардың санаты да әр­түрлі.

Бұл мемлекет тарапынан жа­салып отыр­ған ізгі әрі сенім шарасы болғандықтан алды­мен мем­лекеттің жəне азамат­тар­дың қауіпсіздігіне қауіп кел­тір­мей­тін қылмыс жасағандар боса­тыла­тыны анық. Алайда «Ра­қым­­шылыққа кімдер ілікті?» де­ген сұрақ талқыға түскенде қо­ғамда екі мәселеге қатысты қызу пікірталас болғанын байқауға болады. Бірінші мәселе – бұрын рақымшылық жасалғандардың түзеу мекемесіне қайта оралуына қатысты. Өйткені еліміз тә­уелсіздігін алғаннан бері ра­қым­шы­лықпен босап шыққан 1972 адам қайта істі болып, сот­талған екен. Яғни 2 мыңға жуық адам рақым­шылықтың қадірін жете түсіне қоймаған.

Заң қызу талқыланып жатқан кезде Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Әміржан Рақым­­жанов осы мәселені көтерген еді. Ол сол кезде: «Рақымшылық бойынша сот­­талғандардың бостандыққа шығуы қылмыс деңгейінің артуына алып келмей ме? Өйткені бостандыққа шыққандар тағы да заңды бұзуы мүмкін. Полиция органдары осы бағытта қандай іс-шараларды жүзеге асыруды жос­парлап отыр?» деген кү­дігін де білдірген болатын. Депу­таттың осы сұрағына жауап берген Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев түзеу мекемесінен босап шық­қан­дардың барлығы бақы­лауға алынып, олармен алдын алу жұ­мыстары жүргізілетінін айтқан еді. «Ал егер босап шыққан адам өз қа­телігінен сабақ алмаса, нақты шара қолда­намыз», деген министр қылмысқа қайта бар­маудың бірден-бір жолы – бостандыққа шық­қандарды жұмыспен қамту екеніне баса назар аударды.

Екінші мәселе – жемқорлық қылмыс жаса­ғандардың осы заң аясында бостандыққа шығуы­мен байланысты. Қазіргі таңда түзеу мекемелерінде сыбайлас жемқорлық қылмыс­тары үшін 501 адам қамауда отыр. Ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына орай олардың жетеуі рақымшылыққа іліккен. Оның ішінде 3 сот­талған адам бостандыққа шығып, төртеуінің жаза өтеу мерзімі қысқартылған. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орын­басары Мей­рам Аюбаев мәлім­деді. Заң жобасын да­йындау ке­зінде қызу талқыға түскен сұрақ та осы – «Неліктен рақымшылық сыбайлас жемқорлыққа жасаған­дарға қолданылады?». Дәл осы сауалды біз брифинг барысында ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкіліне де қойған едік.

Комитет төрағасының орынбасары, генерал-майор Мейрам Аюбаев Қылмыстық кодекстің 73-бабында көрсетілген нормаларды айта келіп: «Осы баптың 1 және 2-тармағына сәйкес онша ауыр емес, ауыр­лығы орташа немесе жеңіл қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілігеді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотты болып, биыл рақымшылық жасалған жеті адамның қылмысы ауырлығы орташа болғандықтан, олардың бостандыққа шығуы, төртеуінің жаза мерзімінің қыс­қартылуы ко­декстің осы бабында көрсетілген нормаларға қайшы келмейді. Жемқорлықпен сотты болған жетеудің негізгі айыптары – өкілеттіліктерін теріс пайдалану, қызметте әрекетсіздік жасау, қызметте жалғандық жасау­ға қа­тысты. Бұл бап тек пара алған­дарға қолданылмайды», деп жауап берді.

Ал сыбайлас жемқорлықтың жеңіл, орташа немесе ауыр қылмыс ретінде жіктелуіне келер болсақ, пара сомасы 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 90 мың теңге шамасында болса, айыпты 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл – орташа дәрежедегі қылмыс. Демек, мерзімі мен пара сомасы бұдан төмен жандарға жаза жеңілденуі мүмкін деген сөз. Заңгерлер де жемқорлыққа қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі бас­талған жағдайда кез келген күдіктінің рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мәселен, заңгер Сергей Уткин осының барлығы заңда айқын болуы керек екенін алға тартады. «Рақымшылық дегеннің өзі нені білдіреді? Тергеу ісі сотқа дейін жетпей жатып жемқорлық дерегі бойын­ша қылмыс дәрежесі орташа деп танылған жағдайда рақымшылықты қолдануға болады. Мұндай кезде тергеуші істі сотқа дейін жеткізбей күдіктіден алдымен рақымшылық жасалғанын қалай ма, жоқ па осыны анықтап алуы қажет. Егер күдікті келіссе, қылмыстық іс тоқтатылып, ол рақым­шылыққа ілігеді. Бірақ айта кетерлік бір жайт бар. Ол осын­дай жолмен рақымшылыққа іліккен күдіктінің өзін өзі ақтау құқы­ғынан айырылатындығы. Яғни рақымшылыққа іліккен айыпталушы өзінің бұрынғы жұмыс орнына – мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарына қайта орналаса алмайды», дейді заңның негізгі ережелері мен оның нормаларын егжей-тегжей түсіндіріп өткен заңгер.

Қазіргі таңда қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар­мен бірге тізе қосып, заңды орын­дауға кірісіп те кетті. Бірлескен жұмыстың ең басында бас бос­тан­дығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу міндеттері тұр.

ТҮЙІН. Рақымшылық – темір торда отырғандар үшін бостан­дыққа шығудың бір жолы екені түсінікті. Алайда бұл игі шараның жазасын өтеушілерге «жаппай жүр­гізілетін жеңілдік акциясы» емес екенін естен шығар­маға­ны­мыз жөн.