Оның бүгінге дейін 300-ге тарта ел таныған туындылары бар, соның ішінде «Отырар қақпасы» атты еңбегін ерекше айтуға болады. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз туған көне қала түрлі тарихи кезеңдерді бастан кешті. Әсіресе, 1218 жылы Хорезмшаһ Мұхаммедтің Отырардағы билеушісі Қайырханның әмірімен Шыңғыс хан керуенінің саудагерлері өлтіріліп, айбарлы ханның Орталық Азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды. 1219 жылы күзде моңғол әскерлері Отырарға жетіп, шаһарды жермен-жексен етіп қиратып, тұрғындарды қырғынға ұшыратты. Бұл оқиға тарихта «Отырар қырғыны» деген атпен жазылып қалса да, кейін шежірелі шаһар қайта жанданып, 1255 жылы армян саяхатшысы өз жазбасында Отырарды Сырдария бойындағы ірі қалалар қатарында екендігін атап өткен.
Тарихымыздағы осы бір жан құлазытар оқиғаны суретші бояу тілімен әсерлі бейнелеген. Картинадағы бір қабырғасы құлаған қақпа, шөккен түйе, әр жерде шашылған арбаның сынықтары мен доңғалағы... адамды мұңды ойға батырады. Суреттегі сары түс те өзгеше көрінеді. Бұл жайында автордың айтқан пікірін келтірген артық болмас.
«Отырар қақпасы» шынайы өмірдегідей емес, сәл аңызға сүйемелденіп салынды. Қабырғасының қалыңдығы да бейнеден анық байқалады. Ал еңбектің тағы бір ерекшелігі, мен мұндағы күннің ыстықтығын, ауа райын сары түстер арқылы көрсеттім. Ал бұлттарының өзі кәнігі суреттердегідей әппақ дөңгеленген пішінде емес, қаламның қылымен ғана бедерленіп, боялды. Бұл туындыны бар-жоғы екі апта ішінде аяқтадым» дейді.
Жалпы, осы тарихи тақырыпты қазақ суретшілері әр қырынан бейнелеп, тамаша туындыларды өмірге әкелді. Бірақ Бейбіттің картинасы олардың ешбіреуіне ұқсамайды, жаңаша ізденістен туған дүние. Жас суретшінің шеберлігі жан сүйсіндіреді.