– Тәуелсіздік жылдарында облыста 3 900 шақырым газ, 2,5 мың шақырым ауыз су желісі тартылды. Орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 35-тен 99 пайызға дейін артты. Сондай-ақ 30 жылда 12 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысын жандандыруға 640 млрд теңгеден астам инвестиция салынды, – дейді М.Досмұхамбетов.
Тұрғын үй құрылысы аудандарда да қарқын алып отыр. Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиевтің айтуынша, бұған дейін екі көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, мұқтаж отбасылар баспанамен қамтылыпты. Ал ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Декор» ЖШС Қадыр елді мекенінде тұрғызған 60 пәтерлік үш қабатты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды.
– Елімізде тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері оң шешімін тауып келеді. Соның бірі – баспанаға мұқтаждық. Қазір тұрғындар үшін баспаналы болудың мүмкіндігі көбейді. Аудандарда «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үй кешендері салынып, ел игілігіне беріліп жатыр. Көптеген отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенелді. Мемлекеттің қолдауымен мыңдаған отбасы жаңа баспанаға қоныстанды, – дейді М.Мурзиев.
Аудан әкімінің түсіндіруінше, жаңа тұрғын үйдің пәтерлері 3 санатқа кіретін тұрғындарға бөлінеді. Алдымен көпбалалы отбасылар үш бөлмелі пәтерге иелік етеді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға төменгі қабаттан баспана беру көзделіпті.
Ал Махамбет ауданында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында көпбалалы үш отбасыға, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге, зейнеткерлерге, толық емес отбасыларға жаңа баспананың кілті берілді. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысып, баспаналы болғандардың қуанышын бөлісті.
– Біздің облыста арнайы бағдарламалар аясында түрлі жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, биыл Махамбет ауданында бірнеше жобаны жүзеге асыру үшін 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде ауылдарға жол, спорт нысандарын салу, инженерлік инфрақұрылымдарды, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту секілді жобалар бар, – деді Қ.Бекенов.
Бұл ауданда екі пәтерлік тұрғын үйге Элеонора Аюсина мен Мөлдір Аймағамбеттің отбасылары көшіп келді. Жаңа пәтерлер көгілдір отынға қосылған. Электр энергиясы мен су желілері тартылған.
Атырау облысы