Өрт сөндіру қызметінде бөлімше командирінің орынбасары лауазымын атқаратын Рафаиль Закиров биылғы 20 қаңтарда көпқабатты тұрғын үйдегі өрттен адамдарды құтқару кезінде батылдық танытқан еді. Сол күні департаменттің диспетчерлік пультіне Атырау қаласындағы Ғ.Абдрахманов көшесінде орналасқан №39 үйдің кіреберісі түтіндеп жатқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші бөлімшесі жедел жетіп, пәтерлердің бірінде қарт әйелмен бірге балалардың қалғанын анықтаған екен. «Бөлімше командирінің орынбасары, азаматтық қорғау старшинасы Р.Закиров әріптестерімен бірге үшінші қабаттың балконынан көмекке шақырған қарт әйелді құтқаруға жедел кірісті. Ол үш иінді баспалдақпен алдымен балаларды қауіпсіз жерге алып шықты. Содан кейін жеке құрамның көмегімен қарт әйелді эвакуациялады. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Ал құтқарушы Нұрсұлтан Жұмағазиев 7 желтоқсанда көпірден Жайық өзеніне секірген жүкті әйелді құтқаруға белсене атсалысты. Бұл әйелді құтқаруға алдымен полиция қызметкерлері қайықпен жеткен еді. Бірақ әйелге алғашқы көмек қажеттігі туындады.
Нұрсұлтан Жұмағазиевтің жасы – 22-де. Азаматтық қорғау саласына үш жыл бұрын жұмысқа орналасыпты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін құқықтанушы мамандығымен бітірген. Ал 27 жастағы Асыланбек Құмар – Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігі академиясының түлегі.
Атырау облысы