Хоккей • 27 Желтоқсан, 2021

«Трактор» «таптап» кетті

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» кезекті тур ойынын Челябіде жергілікті «Трак­тор» клубына қарсы өткізді.

«Трактор» «таптап» кетті

Тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде екінші орында келе жатқан «Тракторға» қазіргі кезде лайықты қарсылық көрсетудің өзі қиын. Бұл жолы да дәл солай болды. Ойын тізгінін бірден қолға алған айдын иелері көзді ашып-жұмғанша қатарынан екі шайбаны «Барыс» қақпасына тоғытты. Нақтылап айтсақ, 8-минутта Никита Тертышный және 9-минутта Лукаш Седлак гол соқты. 34-минутта дәл сол Седлак есепті 3:0-ге дейін жеткізді. Тек содан кейін барып қана «Барыс» ес жиғандай болды. 37-минутта Якоб Берглунд пен 40-минутта Антон Сагадеев нысананы дәл көздеді. Бірақ одан әріге әлі жетпеді. Кездесудің соңғы минуттарында қазақстандық бапкерлер қақпашы Никита Бояркинді қапталдағы ойыншымен алмастыруды жөн көрді. Сол сәтте Теему Пулк­кинен мергендік танытып, бәсекенің соңғы нүктесін қойды. Есеп – 4:2.

Челябідегі сәтсіздіктен кейін «Барыс» жарыс кестесінде 17-орынды қанағат тұ­ту­да. Олардың қоржынында 40 ұпай бар. Ке­лесі кездесуін олар бүгін Нұр-Сұлтанда Ека­теринбургтің «Автомобилист» клубына қарсы өткізеді.