Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2021

Агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер әзірленді

500 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрлігі агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілетін заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер әзірленді

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты агломерацияларды дамытуды кешенді құқықтық реттеуді қамтамасыз ету және «Агломерацияны дамыту туралы» Заңды іске асыру, оның ішінде:

  • Агломерацияларды қалыптастыру және олардың жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар мен тетіктер жасау;
  • Агломерацияларды жоспарлауды, үйлестіруді және қаржыландыруды жақсартуға бағытталған құқықтық және реттеушілік реформаларды жүргізу арқылы агломерацияларды дамыту тиімділігін арттыру;
  • Агломерацияларды дамытуға жәрдемдесу мақсатында қала құрылысы/экономикалық интеграция процесі мен әкімшілік шекаралар, сондай-ақ өкілеттіктер арасындағы сәйкессіздікті жою;
  • Агломерацияларды дамыту бөлігінде жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлестіру мен өзара іс-қимылды жақсарту.

Заң жобасы агломерацияны дамытуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында орталықтары бар төрт агломерацияда ел халқының 36%-ы тұрады. Агломерация орталықтарында елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен үштен бірі өндіріледі. Агломерациялар үлесіне елге тартылатын шетелдік инвестициялардың 60%-дан астамы тиесілі.

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, қазір Қазақстанда агломерацияларға байланысты міндеттердің, есеп беру тетіктерінің және басқа институционалдық тетіктердің арнайы бөлінуі жоқ.

Сондай-ақ бүгінде жергілікті бюджеттердің өзара қарым-қатынасына жол берілмейтіні айтылады. Сонымен қатар агломерациялар бастамалары үшін қаржыландыру көзі, сондай-ақ Республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың және іргелес облыстардың әкімдіктеріне агломерациялар аумағындағы әлеуметтік жобаларды бірлесіп қаржыландыру мүмкіндігі талап етіледі.

Мысалы, бүгінгі күні Алматы қаласының қала маңындағы аудандарында жалпы білім беретін (52 мың адам) және мектепке дейінгі (8 мың адам) мекемелерде оқушы орындарының тапшылығы бар. Алматы облысының қала маңындағы аудандарының тұрғындары қаланың әлеуметтік нысандарын пайдаланады, сол арқылы Алматы әкімдігінің бюджетіне жүктеме артады.

Заң жобасы 14 қаңтарға дейін «Ашық НҚА» сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.