Білім • 27 Желтоқсан, 2021

Қазақстандық ЖОО-лар жаңаша жіктеледі

718 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қолданыстағы заңнамаға түзетулерде жоспарланған ЖОО жіктеудің жаңа моделі туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық ЖОО-лар жаңаша жіктеледі

«Мемлекет басшысының ҚР Президентінің жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысының қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес, ЖОО-ларды жіктеу моделі әзірленді, оны жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оңтайландыру жөніндегі кеңес мақұлдады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарын жіктеудің бұл моделі «Қазақстан Республикасының Білім беру саласындағы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған», деп жазды Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға берген жауабында.

ЖОО-лар келесі топтар бойынша бөлінеді:

  • Бірінші топ - халықаралық және ұлттық деңгейдегі ЖОО-лар;
  • Екінші топ - өңірлік деңгейдегі ЖОО-лар;
  • Үшінші топ - салалық деңгейдегі ЖОО-лар.

Қалған ЖОО-лар аталған топтардан тыс болады, яғни төртінші топқа жатады. Алғаш рет құрылатын ЖОО төртінші топқа жатады.

Жоғары оқу орындарын топтар бойынша жіктеу білім беру, ғылыми қызмет, интернационалдандыру нәтижелеріне, сондай-ақ ел, өңір және (немесе) сала экономикасына қосқан үлесіне негізделетін болады.

Алғашқы үш топқа кіретін жоғары оқу орындары үшін білім беру бағдарламаларын аккредиттеу, олардың кәсіби стандарттарға сәйкестігі қажет. Ғылыми қызметтің табыстылығы профессорлық-оқытушылық құрамның дәйексөзділік деңгейіне, ғылыми коллаборацияға, ғылыми жобаларды коммерцияландырудан түсетін кірістерге, рейтингтік журналдардағы жарияланымдар санына байланысты айқындалатын болады.