12 Мамыр, 2010

БАБАЛАР АМАНАТЫН АРҚАЛАУ – КЕЙІНГІ ҰРПАҚ ЕНШІСІНДЕ

850 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысының отқа оранған майданында өшпес ерлік өнегесін,  жанқиярлық пен табандылыққа толы тылда қажырлы еңбек үлгісін көрсетіп, Ұлы Жеңіске жеткен аға ұрпаққа мың тағзым! 9 мамыр күні Ресей астанасы – Мәскеу қаласында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери парад болып өтті. Қайсарлық пен ержүректіктің, батырлық пен батылдықтың ерен үлгісінің айғағы – Ұлы Жеңіс мерекесіне Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің арнайы шақыруымен өзге де бірқатар мемлекет басшыларының қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Адамзат тарихына екінші дү­ние­жүзілік соғыс деген атпен өш­пес­тей етіп жазылған қанды қыр­ғынның тамырына жұмылған жұ­ды­рық пен қажырлы қайрат-жі­гердің арқасында ғана балта ша­былғанын дана уақыт әлдеқашан дәлелдеген. Ал сол мұздай қару­лан­ған неміс фашистерінің қысы­мына толарсақтан қан кешіп жүріп тос­қауыл қойып, қарсы тұруда қазақ жауынгерлерінің еңбегі ұшан-теңіз болғанына да кәрі тарих куә. Бейбіт өмірді сақтау мен ел аспанына төнген қара бұлтты сейілту жолында жан алысып, жан беріскен майдан алаңына қазақ жерінен 1 млн. 700 мыңға тарта аза­мат аттанған болатын. Солар­дың тең жартысына, яғни 600 мыңға жуығы өз атамекеніне қайта оралмады. 600 мың адам, 600 мың тағдыр. Әйтсе де, от ораған, оқ бораған зұлмат жылдары Отан үшін кес­кі­лес­кен шайқасқа түскен азамат­тар­дың бұл ерлігі текке кеткен жоқ. Жеңіс туы асқақ желбіреп, бейбіт өмір салтанат құрды. 500 қазақ­стан­дық жауынгер Кеңес Одағы­ның Батыры атанды. Ел мен жерді фашизмнің құрсауынан азат етуде кеудесін оққа төсеген қа­зақтың қаншама ержүрек жігіттері мен қайсар қыздарының есімдері аңызға айналды. Басқыншы жауға қарсы қан май­данда Кеңес Одағы құрамында бол­ған республикалардың барлы­ғы­ның дерлік ұл-қыздары айрық­ша ер­жү­ректік танытты. Соғыс жыл­дарында өмірі қиылған 50 млн. адамның 28 млн.-ға жуығы­ның Ке­ңес Одағы­ның халқы бол­ғандығы осының айқын айғағы. Бүгінде жер бетін қанмен бояған сол сұрапыл соғыс пен еліне азат­тық сыйлаған есіл ер­лердің еңбегін еш еткісі ке­летіндер, Жеңістің салмағын азай­туға тыры­са­тындар да бой көрсетіп қалуда. Алайда, Ұлы Жеңістің қандайлық маңызға ие екендігі көзіқарақты қауымға мәлім. Уақыттың берген өз бағасы бар. Жеңістің 65 жылдығына ар­нал­ған Қызыл алаңдағы әскери шеруге 21 мемлекеттің басшылары мен Еуропа Кеңесі мен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйы­мы­ның бас хатшылары, сондай-ақ, ТМД Атқарушы комитетінің төр­ағасы қатысты. Бұл – әлем ха­лықтарын жау қолынан азат етуге атсалысқан елдердің үлес сал­ма­ғының орасан болғандығын тағы да бір айғақтайтын факт. Салтанатты шерудің ашы­луын­да сөз алған Ресей Федерация­сы­ның Президенті Дмитрий Медве­дев Кеңес Одағының неміс фа­шизмінің ең басты, ең үлкен соқ­қы­сын бастан кешкенін, алайда күш біріктіру мен мықты қарсы­лық көрсетудің арқасында сан түрлі ұлтты тұтастай жоюға бағыт­талған “соғыс мәшинесінің” тоқ­татылғанын айрықша атап өтті. “Мәскеу мен Ленинградты қор­ғау, Сталинград үшін шайқас – со­ғыс­тың бір кезеңдері ғана емес. Бұл жерде бір-ақ таңдау тұрды. Жеңу, я құл қамытын кию. Бұл соғыс біз­ді ержүрек ұлт ретінде та­нытты. Әр күн, әр сағат, әр минөт сайын шешім қабылданып жатты. Май­дан мен тылда ел мен жер үшін бұл жауапкершілік жү­гін біздің ха­лықтарымыз арқа­ла­ды. Олар бізге ең басты құнды­лық­ты сыйға тарт­ты. Ол – еркін­дік”, деді Д. Мед­ведев. Ол, сон­дай-ақ, өз сөзінде неміс фа­шизміне қарсы ұрыста бұрынғы Кеңес Одағы республи­ка­ларының барлығы дерлік аянбай қайсарлық пен табандылық таныт­қанын, қанды қырғынға тек күш біріктіру арқылы ғана қарсы тұр­ғандығын атап өтті. Мәскеу төріндегі әскери шеру­ді бір мезетте 3 мыңға тарта Ұлы Отан соғысы ардагерлері тама­ша­ласа, олардың 32-сі қазақстандық қарт майдангерлер болды. Олар­дың бірі бір сәт қаншама жанның қанын судай шашқан соғыс жыл­дарының қиындығы мен кесапа­тын көз алдынан өткерсе, енді бірі келер күнге салауат айтып, соғыс өртінің қайта тұтанбауын, әлемде тек бейбітшіліктің орнауын тіле­гені анық. Біз әскери шеруге қатысқан майдангер қарттармен әңгімелесіп, олардан отты жылдарды еске алуын өтінген едік. Мәскеудегі Қызыл алаңға Қарағанды қала­сы­нан келген соғыс және еңбек ардагері Масхат Түсіпбеков сонау зұлмат жылдары оң-солын енді ғана ажыратып үлгерген бозбала болыпты. Жасы 90-ға жақындаған қарияның қимылы ширақ. Тың. Ол өз сөзінде Жеңістің 65 жыл­ды­ғына орай өткен әскери шеруді ұмытпайтынын, бұл оған айрықша әсер бергендігін аса бір тебіреніс­пен жеткізді. “Мен үш айдан кейін 90-ға келемін. Бүгінгі парадқа қа­тысқаныма қуаныштымын. Кейін­гі ұрпақ бұл Жеңістің қандай жолмен келгенін ұмытпаса екен”, дейді қарт майдангер. Ал Павлодар облысынан келіп, Жеңіс шеруін тамашалау құрметіне ие болған Ұлы Отан соғысының ардагері Сәйіткен Сағитов соғыстан кейінгі 65 жылды аман-есен көру қан майданға қатысып, одан абы­рой­мен оралған кешегі жауынгерлер, бүгінгі ардагерлер үшін үлкен қуаныш екендігін жеткізді. Мәскеу төрінде өткен тарихи шерудің бір ерекшелігі оған тек Ресей қарулы күштері мен әскери­лері ғана емес, фашистік Герма­нияға қарсы соғысқан мемлекет­тер – Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Польша әскерилерінің, яғни антигитлерлік коалиция жауын­герлерінің қатысқандығы болды. 150-ден астам әскери тех­ника мен 127 тікұшақ пен ұшақ­тың Қызыл алаңнан жүріп, немесе үстінен ұшып өтуі, 11 мыңнан астам сарбаздың сап түзеуі де па­рад­тың тарихи мәнін аша түс­кен­дей. Осыншама ауқымды әскер мен техника бұрын-соңды ешқан­дай парадқа тартылмаған екен. Олар­дың арасында бабалар амана­тын арқалаған қазақтың жас жауынгер­лері де бар еді. Тарихи мәнге ие бұл шеруге еліміздің Қор­ғаныс министрлігінің Құрмет қарауылы ротасының 70 сарбазы қатысып, салтанатты сапта асқақ көрінді. Мерекелік парадта алдымен со­ғыс жылдарының әскери техни­калары көрінсе, артынан бүгінгі заманның озық әскери техника­лары мен құрылымдары шықты. Жеңістің бүгінгі мұрагерлері – сан мыңдаған жас сарбаз шерудің сән-салтанаты мен маңызын арттыра түсті. Ұлы Отан соғысы жыл­да­рының теңізшілері, ұшқыштары мен жаяу әскерлерінің киімімен шыққан сарбаздар сол бір қиын жылдар көрінісін көз алдыңа әкелсе, заманауи техникалар мен әскери құрылымдар, зымырандық кешендер қазіргі заманның әскери әлеуетін паш етті. Мәселен, сұ­рапыл жылдар мен бүгінгі күннің айтулы әскери техникалары – Т90С, Т-34 танктері, “Тор-М1”, “Бук-М1”, С-400 секілді зенит­тік-зымырандық кешендер, жаяу соғыс әскерлеріне арналған БМП-3 және БМП-4 мәшинелері, “Тополь-М” стратегиялық зымы­ран кешені, Ту-160, Су-30, Су-100 және МиГ-2 ар­тил­лериялық құ­рылғылар мен стра­тегиялық жойғыш ұшақтар бірінен соң бірі жер мен әуеде сап түзеді. Салтанатты шеру аяқталы­сы­мен М­әскеуге арнайы шақы­рыл­ған мемлекет басшылары Кремль­дің келесі бетіндегі “Белгісіз солдат­тың” бейітіне гүл шоқтарын қой­ды. Бейбіт өмір жолында өз бас­та­рын қатерге тігіп, елі мен же­рінің азаттығы үшін қыршынынан қиыл­ған сарбаздарды бір минөт үнсіздікпен еске алды. Ұлы Жеңістің 65 жылдық ме­рейтойына орай, Ресей астанасына жиналған ел көшбасшылары Ұжым­дық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы мен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бей­ресми кездесуіне қатысты. Онда өзара ынтымақтастық және әріп­тестік мәселелер жөнінде келіс­сөздер жүрді. Мәселен, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйы­мының бейресми кездесуі аясында мемлекет басшылары екі бірдей бірлескен мәлімдемеге қол жеткізді. Біріншісі – Мәскеу мен Вашинг­тон арасындағы стратегиялық ша­буылдау қаруларын шектеу және қысқарту жөніндегі келісім-шарт болса, екіншісі қазіргі таңда Қырғызстанда қалыптасқан күр­делі жағдайдың түйінін шешу мен ретке келтіру жөніндегі шаралар туралы келісім болды. Бұл күні Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Пре­зиденті Дмитрий Медведевпен, Қытай Төрағасы Ху Цзиньтаомен, Вьетнам басшысы Минь Чиет Нгуенмен, Болгария Президенті Георги Пырвановпен, Армения Президенті Серж Саргсянмен, Из­раиль басшысы Шимон Переспен, Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельмен, Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиевпен, Эстония президенті Томас Хен­дрик Ильвеспен, Словакия бас­шысы Иван Гашпаровичпен екі­жақты кездесулер өткізіп, халық­аралық ынтымақтастық мәселе­лері­нің жай-жапсарын сөз етті. Әрине, халықаралық ынты­мақ­тастық мәселелерінің бүгінгідей, әсіресе, жаһандану заманында айрықша мәнге ие болатыны анық. Кешегі Кеңес Одағының шекпені­нен шыққан елдердің әрқайсысы өз тәуелсіздігін жа­рия­лады. Егемен ел атанды. Мұндай кезде кез кел­ген қауіптің орын алуы ықтимал. Ал сондай сәттерде өзара ын­тымақтастықтың рөлі айрықша арта түседі. Мемлекет басшылары келіссөз барысында осындай ортақ ой түйді. Достастық елдері басшы­ларының бейресми кездесуінде де ауқымды мәселелер жан-жақты талқы таразысына түсті. Мәселен, бұл ауқымды басқосу кезінде пре­зиденттер Жақын болашақтағы әріптестік, оның ішінде ғылыми-техникалық бағыттағы өзара ын­ты­мақтастық мәселелеріне айрықша назар аударды. Ұлы Отан соғы­сын­да ерен ерлік көрсеткен арда­герлер мен тыл еңбеккерлеріне арнап, бірлескен үндеу қабыл­дады. Әрине, бұл – Отаны, туған халқының азаттығы үшін жау оғына қасқая қарсы тұрған сол кездегі өрімдей жастардың, бүгінде сондай соғыстың қайта­лан­бауын Құдайдан жалбарына отырып тілейтін қариялар ерлігі мен еңбе­гінің еш кетпегенін көрсетеді. Ал сол бабалар амана­тын үлкен жау­ап­кершілікпен ар­қалау – кейін­гі ұрпақтың енші­сінде. Ол үшін тарихтан тағылым ала білу қажет. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20