Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2021

Жайық жағасындағы өнер тойы

432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2021 жылдың соңғы аптасы Батыс Қазақстан облысында қазақы сөз өнерінің жалауы биік желбіреген күндер болды. Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығының үшкүндік шаралар тізбегі жырсүйер, өлеңсүйер қауымды тәнті етті.

Жайық жағасындағы өнер тойы

Ең әуелі Қадыр орталығында белгілі этномузыкатанушы, эпик жыршы Берік Жүсіптің «Сыр сүлейін сұрасаң…» атты кездесу кеші өтті. Кешті орталық директоры Бауыржан Халиолла алғысөзбен ашып, қонақтың кеудесіне Сырым Датұлы атындағы төсбелгі тағып, Алғысхат табыстады.

Содан кейін сахна төрін жеке-дара билеген жыршы үш сағат бойы көрерменді сырлы саз, ғибратты ғазалдармен баурап алды. Сыр сүлейлерінің түрлі мақамын құйқылжытып, әр жыраудың өзгеше қырларын сөз еткен өнерпаз қазақы жыршылық өнердің өткені мен болашағына да бойлады. Әттең, дәстүрлі жыр тыңдау дағдысы ұмытыла бастаған заманда таңды таңға ұрып жырлайтын жыршылық өнер мен заманауи сахнаның басы бірікпейтіні рас. «Жыршыны то­лық тыңдағыларыңыз келсе, қара­­пайым қазақы ортада, уақыт­қа шек қойылмайтын жайма­шуақ жағдайда кездесу керек», деген Берік Жүсіптің ұсынысы батысқазақстандық жыр­сүйер азаматтардың, мәдениет саласы басшыларының құлағында қалды деп ойлаймыз.

Келесі күні Қадырсарайда Қазақ­стан Жазушылар одағы БҚО филиалының ұйымдастыруымен Ақжайық қаламгерлерінің әдеби жыл қорытын­дысы өтті.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қонақтарды, қаламгерлерді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, қазақ руханиятына өңір әдебиетшілерінің де сіңірген еңбегі зор екендігін айтты. Сөйтіп, Жұбан Молдағалиев атындағы сыйлықты ақын Бауыр­жан Бабажанұлы мен Үзілдік Елеубайқызына, Қадыр Мырза Әлі атындағы сыйлықты ақын Ұлдай Сариева мен Талғат Мы­қиға, ақын Жанғали Нәбиул­лин атындағы сыйлықты жазушы Алпамыс Бектұрғанов пен ақын Талап Таймасұлына, жазушы Бақтығұл Ойшыбаев атында­ғы сыйлықты жымпи­тылық қалам­герлер Мүсірбек Айташев пен Энгельс Шыңғалиевке тапсырды.

Шара барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төр­ағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет қаламдас әріп­тестерін құттықтап, 2021 жыл қо­ры­тын­дысы бойынша Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын жергілікті ақындар Айтқали Нәріков пен Қазбек Құттымұратұлына табыстады. Сондай-ақ бұл күні батысқазақстандық 8 қаламгер – ақын Закария Сисенғалиев, Махмет Қажиахмет, Сағынтай Би­сен­ғалиев, Дариға Нұрашева, Асантемір Қаршы­ға, Ертай Би­мұ­ханов, Бауыржан Ширме­динұлы, Мәрлен Ғилымхан Қа­зақ­стан Жазушылар одағына мүшелікке қабыл­данып, куәлікке ие болды. Биыл 85 жылдығы аталып өткен Ақжайықтың ақиық ақыны Жанғали Нәбиуллинді ұлықтау мақсатында жасалған мерей­тойлық төсбелгі ақынның жары Ағиба Ғинаятқызына және барша қаламгерге табысталды. Дәл осы кеште ақындар Махмет Қажиахметтің «Дала демі» және Бауыржан Ширмединұлының «Қалаға хат» атты жаңа кітапта­рының тұсауы кесілді.

Айта кетейік, осы жиынға шақы­рылған өңір қаламгерлерінің ешқайсысы да марапаттан тыс қалған жоқ.

Желтоқсанның 25-інде Орал қала­сында өткен халықаралық ақындар айтысы үшкүндік өнер тойының нүктесін қойды. Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Бөкей ордасының 220 жыл­дығына арналған «Тәуелсіздік толғауы» атты халықаралық до­даға Қазақстанның әр өңірінен бөлек Қырғызстан, Қытай және Моңғолиядан ақындар келіпті. Айтысты құттықтау сөзімен ашқан өңір басшысы Ғали Есқалиев Жүрсін Ерманды 70 жасымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Шара барысында жергілікті он ақынға Қазақстан Республикасы Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлованың Алғыс­хатын осы сала­ның вице-министрі Нұрғиса Дәуешов табыс етті.

Айтыс арасында Қырғызстаннан арнайы келген құрметті қонақ, манасшы Азиз Биймырза уулу Манас жырынан үзінді орындап, Жайық жұртының делебесін қоздырды. Сондай-ақ қазылар алқасының мүшесі, Сыр сүлейлерінің сарқыты Берік Жүсіп те жиылған жұртқа жырдан сыбаға тартты.

Үш күнге созылған мәдениет пен өнер тойының қорытынды кешінде дала реформаторы, даңқты батыр, би-шешен Сырым Датұлы атындағы төсбелгі мен ақшалай сыйлықтарды ақындарға Асанәлі Әшімов табыстады. Осынау керемет шараны жоғары дәрежеде ұйымдастырғаны үшін барша меймандардың атынан шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұлов Бауыржан Халиолланың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал жергілікті кәсіпкер азаматтар айтыс соңында қырғыз елінен келген қос қонаққа ат мінгізді.

 

Батыс Қазақстан облысы