Украиналық Валерия Страховамен бірге жұптық сайыста сынға түскен жерлесіміз алғашқы айналымдарда жергілікті теннисшілердің тас-талқанын шығарса, жартылай финалда Татуджа Бухосале (Үндістан) мен Хирока Куватадан (Жапония) басым түсті. Ақтық сында олар жапониялық Фуна Козаки және Мисаки Мацудамен шеберлік байқасты. Бұл тартыс 6:0, 2:6, 10:5 есебімен Данилина мен Страхова жұбының пайдасынан шешілді.
Осылайша, әлемдік рейтингте жұптық сында 75-орында тұрған отандасымыз үшін бұл ITF World Tennis Tour додаларындағы 23-ші және биылғы 9-шы жеңісі. Сондай-ақ Анна биыл Польшада өткен WTA 250 жарысында алғаш рет чемпиондық атаққа қол жеткізді.