Мен вакцинаның алғашқы легінде жүктілігіме байланысты екпе алмаған болатынмын. Осыдан да өзімнің, өмірге келетін сәбиімнің саулығына алаңдап жүрдім. Елімізге Pfizer вакцинасы жеткенде еш ойланбастан салдырам деп байлам жасауымның себебі де осы еді.
Биыл 23 қарашада аудан орталығы Шиеліге барып бір топ келіншек вакцина алдық. Екпеден кейін дәрігерлер бақылауында болдық. Жиі-жиі қызуымызды өлшеп, кеңесін айтқан мамандарға ризамыз. 9 желтоқсанда аман-есен босандым.
Әлі де болса осы екпенің айналасында алыпқашпа әңгіме көп. Менің айтарым – екпе салдыру керек. Індеттің алдын алудың осыдан басқа жолы жоқ.
Сандуғаш МЫРЗАХАНҚЫЗЫ
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы,
Бәйгеқұм ауылы
Екпе алып, аман-есен босандым
Мені 3 желтоқсанда Кемер ауылындағы амбулаторияның медбикесі екпе алуға шақырды. Бұл кезде жүктіліктің 34-35 аптасында болатынмын. Шақырған күні барып Pfizer екпесін салдырдым.
Еш әсер етпеді. Үйге келгенде де ешқандай ауырсынуды сезінген жоқпын. Дене қызуым көтерілген жоқ. Үйдің шаруасын істеп, қалыпты жағдайда жүрдім. Содан 23-і күні толғақ басталған соң түс ауа көлікпен Ақтөбеге жетіп, облыстық перзентханаға түстім. Толғақ қалыпты басталып, бірер сағаттан кейін өз күшіммен ұл босандым. Сәбиімде де еш өзгеріс болған жоқ. Үш күннен кейін перзентханадан шығарды. Қазір үйдемін, балам тыныш.
Бұл – менің үшінші сәбиім. Өзім Кемер ауылындағы Саралжын орта мектебінде психолог мұғалім болып жұмыс істеймін. Жолдасым да осы мектепте мұғалім. Аяғы ауыр келіншектерге берер кеңесім, дәрігерлер екпе алуға шақырса, қашпаңыздар. Қан қысымын тексертіп, денсаулық жағдайыңыз қалыпты болса, екпе алыңыздар дер едім. Өйткені өз денсаулығымыз бен сәби денсаулығы үшін ең бірінші жауапты – өзіміз.
Раушан ҚАБДЫҒАЛИ,
Саралжын ауылдық округі Кемер ауылының тұрғыны
Ақтөбе облысы,
Ойыл ауданы