Аталған жарыстың тұсауы 2004 жылы Иранның бас шаһары – Теһранда кесілген болатын. Сол кезден бері сары құрлықтың әр қиырында тоғыз бірдей дүбірлі дода дүркіреп өтті. Байрақты бәсекелерде ең мол жүлде қорын жиған Қытай құрамасы. Қытай елінің өкілдері 81 (40 алтын+22 күміс+19 қола) мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Екінші орында – Қазақстанның сайыпқырандары. Біздің елдің атлетшілері 59 (20+18+21) жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ Иран (14+21+23), Жапония (11+7+10), Қатар (11+6+4), Үндістан (10+17+15), Бахрейн (9+7+8), Сауд Арабиясы (4+1+1), Таиланд (3+7+7) және Кувейттің (3+5+2) спортшылары озық он команданың қатарында. Бұл жарыста барлығы 16 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 24 елдің туы көкте желбіреген екен.
Қазірдің өзінде Азия чемпионатына қатысуға 29 мемлекеттің өкілдері ниет білдіріп отыр. Олар QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешенінде осы спорттың 29 түрі бойынша шеберлік байқасады.