Сахнадағы оқиға тақ пен тәжден, бақ пен байлықтан әбден зерігіп, іші пысқан әмірші мен оның уәзірінің арасындағы әңгімеден өрбиді. Бәрінен мезі болған сұлтан ел ішін аралап жүріп ең бишара біреуді тауып алып, байғұсты бір күнге өз тағына отырғызып мазақ етпек болады. Ақыры қарабайыр киініп уәзірін ертіп алып шахардың ішін шарлап кеткен әмірші таққұмар тақыр кедей Әбу Азаға кездейсоқ кезігеді. Іздегені оңай табыла кеткен сұлтан есі кете қуанып, әлгі бишараны шарапқа тойғызып, сылқита мас қылып, патша сарайдағы өзінің құс төсегіне жатқызып қояды.
Осылайша, бір таңда құдіреті шексіз билеуші болып оянған маскүнем Әбу енді қолына тосыннан тиген билікті уысынан шығармауға бекінеді. Бір сәтте мүлде өзгеріп, қатал әмірші, қаныпезер сұлтан болып шыға келеді. Патша сарайын дереу қатаң тәртіпке келтіріп, әбден күшейіп алған Әбу, тіпті Мұстафа қажы болып киінген нағыз әміршінің өзін мазаққа айналдырып, әйеліне дейін тартып алады.
Әбу Азаның рөлін шебер сомдап шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссері Баатырбек Шаамбетов бұл жолы өзінің мықты режиссер ғана емес, шебер актер екенін де көрсетті.
Премьера аяқталған соң облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жаңа комедия қазақ театрының қоржынына қосылған жауһар дүниенің бірі деген баға беріп, қойылымға қатысқан әртістер ұжымына жүрекжарды алғысын айтты.
– Бүгінде шығармалары бізде ғана емес, бірнеше мемлекеттің театрларында сахналанып жатқан Барзу Абдураззаков Қостанайда бір ай болып, осы театр ұжымымен шығармашылық жұмыс жүргізді. Бүгінгі қойылым осы залда отырған әрбір көрерменге үлкен ой салары сөзсіз, – деді басқарма басшысы.
Қостанай облысы