Театр • 29 Желтоқсан, 2021

Сұлтанның аты – сұлтан

862 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында Сирия драматургі Саадала Ваннустың «Сұлтанның аты – сұлтан» комедиясының премьерасы өтті. Қойылымды тәжіктің белгілі театр режиссері Барзу Абдураззаков сахналады.

Сұлтанның аты – сұлтан

Сахнадағы оқиға тақ пен тәжден, бақ пен байлықтан әбден зерігіп, іші пысқан әмірші мен оның уәзірінің арасындағы әңгімеден өрбиді. Бәрінен мезі болған сұлтан ел ішін аралап жүріп ең бишара біреуді тауы­п алып, байғұсты бір күнге өз тағына отырғызып мазақ етпек болады. Ақыры қарабайыр киініп уәзірін ертіп алып ша­хардың ішін шарлап кеткен әмірші таққұмар тақыр кедей Әбу Азаға кездейсоқ кезігеді. Іздегені оңай табыла кеткен сұлтан есі кете қуанып, әлгі биша­раны шарапқа тойғызып, сылқита мас қылып, патша са­райдағы өзінің құс төсегіне жат­қызып қояды.

Осылайша, бір таңда құдіреті шексіз билеуші болып оянған маскүнем Әбу енді қолына тосыннан тиген билікті уысынан шығармауға бекінеді. Бір сәтте мүлде өзгеріп, қатал әмірші, қаныпезер сұлтан болып шыға келеді. Патша сарайын дереу қатаң тәртіпке келтіріп, әбден күшейіп алған Әбу, тіпті Мұстафа қажы болып киінген нағыз әмір­шінің өзін мазаққа айналдырып, әйеліне дейін тартып алады.

Әбу Азаның рөлін шебер сомдап шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссері Баатырбек Шаам­бетов бұл жолы өзінің мық­ты режиссер ғана емес, шебер ак­тер екенін де көрсетті.

Премьера аяқталған соң об­лыс­тық мәдениет басқарма­сы­ның басшысы Ерлан Қалмақов жа­ңа комедия қазақ театрының қор­жынына қосылған жауһар дү­ниенің бірі деген баға беріп, қо­йылымға қатысқан әртістер ұжы­­мына жүрекжарды алғысын айтты.

– Бүгінде шығармалары бізде ғана емес, бірнеше мемлекеттің театрларында сахналанып жат­қан Барзу Абдураззаков Қос­танайда бір ай болып, осы театр ұжы­мымен шығармашылық жұмыс жүргізді. Бүгінгі қойылым осы залда отырған әрбір көрерменге үлкен ой салары сөзсіз, – деді басқарма басшысы.

 

Қостанай облысы