Қоғам • 30 Желтоқсан, 2021

Балаева Бекболат Тілеухан мен А.Коскина арасындағы кикілжіңге пікір білдірді

4394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева БАҚ өкілі мен депутат арасында болған түсініспеушілікке қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балаева Бекболат Тілеухан мен А.Коскина арасындағы кикілжіңге пікір білдірді

«Бүгін Парламент ғимаратында журналист А.Коскина мен сұхбат беруші Б.Тілеухан арасында болған оқиға журналистика кәсібінің ерекше қарым-қатынас дағдыларын қажет ететін ерекше мамандық екендігін кезекті рет дәлелдеді. Әрине, сұхбат берушінің журналиске қатысты эмоциялық әрекетін ақтау қиын (әсіресе журналистің әйел баласы екенін ескерсек)», деп жазды Аида Балаева Facebook парақшасында.

Сондай-ақ, министр сұхбат барысында мәдениет пен этиканың сақталу керектігін еске салды.

«Десе де, мәселенің екінші жағы да бар, ол – журналистің кәсіби білігі мен ішкі мәдениеті. Спикердің жеке өмірінің құпиялығы мен құқығын сақтау, тақырып ауқымындағы сұрақтардан тыс ауытқымау, диалог логикасын нақты ұстану – бұл ешкім жоққа шығармайтын жалпыға ортақ өркениет ережелері. Қалай болғанда да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің заңды мүддесін, кәсіби құқығын заң аясында қорғауға қашанда дайын», дейді ол.