Қоғам • 30 Желтоқсан, 2021

Елордада мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі талқыланды

230 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Мүгедектердің құқықтарын қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі талқыланды

Отырысты ашқан Серік Шәпкенов мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат халықтың осы санатының қоғамға толыққанды интеграциялануына және басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т. б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталғанын атап өтті.

«Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Оған мыналар кіреді: әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдау; әлеуметтік оңалту аясында ағзаның жоғалтқан функцияларының орнын толтыру; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету», деді министр.

Іс-шара барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы баяндама жасады.

«2019 жылы Үкімет Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды бекітті, ол 7 бағытты қамтиды және 64 іс-шарадан тұрады. Жоспарды жеті орталық мемлекеттік орган жүзеге асырады», деп еске салды Р. Сәкеев.

Еңбек министрі Ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі заңнаманы жетілдіруде.

«Соңғы екі жылда осы бағытта біз 1 кодексті, 2 заңды, Президенттің 1 Жарлығын, Үкіметтің 2 қаулысын, Ұлттық банк басқармасының 1 қаулысын, министрліктердің 12 бұйрығын әзірлеу және өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргіздік. 12 қазанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат бойынша жұмыс 2019 жылы басталды. Оның негізінде Парламент Сенаты мен Мәжілісінің жұмыс тобы мүшелерінің, мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің, сондай-ақ жұртшылық пен сараптама қоғамдастығының ұсыныстары бар. Бұл нормаларды «Nur Otan» партиясы қолдады және олар сайлауалды тұғырнамада көрініс тапты», деді Руслан Сәкеев.

Вице-министр Заң 19 тұжырымдамалық түзетуден тұратынын және 16 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді қарастыратынын атап өтті.

Мәселен, мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтімді жүзеге асыратын азаматтар үшін жәрдемақы енгізілді. Баланың денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болды.

Сондай-ақ заңда мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар заңда мүгедек балаға күтім жасау кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту көзделген, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдар мен мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты.

Бейнебайланыс режимінде кеңеске 14 облыс, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асқар Бейсенбаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, БҰҰ Даму Бағдарламасы мен БҰҰ Балалар қорының (UNDPA, UNISEF) өкілдері қосылды.