Экономика • 31 Желтоқсан, 2021

Қаржы: Жыл он екі ай

7435 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл аяқталды. Қаржы нарығында атап айтарлықтай жаңалықтар баршылық. Оның бәріне бірдей тоқталмай, ең маңызды, ең өзекті деген жаңалықтар мен бастамалар тізбегін әр айға бөліп ұсынамыз.

 

Қаржы:  Жыл он екі ай

Инфографиканы жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

Қаңтар

1 қаңтардан бастап Президент тапсырмасымен микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілді. Сөйтіп, осыған дейін өз бетінше қызмет етіп келген микроқаржылық ұйымдар бірыңғай тәртіппен Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агенттігіне бағын­дырылды.

Атап айтар болсақ, МҚҰ-лардың капитал бойынша минималды пруденциалды стандарты бекітіліп, қызметкерлер мен акционерлерге қойылатын талаптары қатаңдатылды. Қазір олардың минималды меншік капиталы 50 млн теңге болуы керек (2023 жылы 100 млн-ға дейін жоғарылайды). Жылдық мәнде 700-1000 пайызға дейін шарықтайтын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайыз мөлшерінде белгіленді. 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша МҚҰ-лардың жиынтық несие портфелі 27,8 пайызға ұлғайып, 1 317,6 млрд теңгеге жетті.

 Ақпан

15 ақпанда Алматы қалалық маман­дан­дырылған ауданаралық экономи­калық сотының шешімімен Tengri Bank АҚ-ның қызметі ресми түрде тоқтатылды. Банк тарату комиссиясының төрағасы болып Оксана Огай тағайындалды. Огай бастаған комиссия банктің клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындап, банк жұмысын түбегейлі аяқтауы қажет.

16 ақпанда Қылмыстық-процес­суал­дық кодексінің 128-бабы негізін­де банк­т­ің бұрынғы басқарма төрағасы Ержан Шәйкенов ұсталды. Банк төлем қабілетінің жоғалуына, соған орай туындаған қиын­дық­тарға байланысты лицензиясынан айырылды.

 Наурыз

Көктемнің басы кәсіпкерлер үшін аса жайлы болды деуге келмейді. Өйткені жұмысын уақытша доғарған кәсіпорын саны 98 мыңнан 120 мыңға жетті. Соның 99 пайызы – жұмысшы саны 100-ден кем емес шағын бизнес нысандары.

 Сәуір

Бұл айда еліміздегі 1 млн 419 мың азамат несие бойынша «оңалтылды» мәртебесін алды. Агенттік енгізген оңалту тетігі өз жұмысын 9 сәуірден бастады.

«Қазақстанда азаматтардың кейбір сана­тының теріс кредиттік тарихы бар, яғни олардың қарыздар бойынша төлем мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген. Бұл ақпарат кредиттік бюро жүйесінде көрсетіледі. Бұрын төлем мерзімін кешіктіру болғандықтан мұндай азаматтар банк­терде және МҚҰ-да жаңа қарыздар алу кезінде қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Оңалту тетігі қарыз алушыға кредиттік бюро жүйесінде «оңалтылды» деген мәр­тебені беруді көздейд» деп атап өтті Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті директорының орынбасары Ерлан Сейілов.

Мамыр

Қазақстандағы «Пәкістан ұлттық бан­кінің» лицензиясы қайтарып алынды. Аталған банкке Қазақстан аумағында банк­тік және өзге де операцияларды жүр­гізуге лицензия 2020 жылы 3 ақпанда берілген болатын.

 Маусым

Жылдың басты жаңалықтарының бірі – «АТФБанк» пен Jusan Bank-тің бірігуі болды. Маусым айында агенттіктің «АТФБанкті» First Heartland Jusan Bank АҚ-ға ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру туралы» 2021 жылғы 28 мамырдағы №66 қаулысы қабылданды. Осылайша, Jusan Bank барлық құқықтар мен міндеттемелер бойынша «АТФБанктің» заңды мұрагері атанды. Интеграция нәтижесінде Jusan активі мен капитал көлемі бойынша (актив көлемі – 3 трлн теңге) еліміздегі ірі банктердің төрттігіне енді.

 Шілде

Осы айда криптовалюталар майнингінде Қазақстан әлемде үшінші орынға көтерілді. Биткоин өндірудегі Қытай үлесі күрт азайғаннан кейін майнерлер Қазақстанға қарай ағылды. Жаздың ортасында елдегі биткоин өндірісі 1,4-тен 8,2 пайызға жоғарылап, үздік үштік қатарына енді.

Еске салайық, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және  «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заңына қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес майнерлердің 1 киловатт-сағат электр энергиясын тұтынғаны үшін 1 теңге салық салынады. Жаңа норма 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

 Тамыз

Тікелей шетелдік инвестиция өсімі бойын­ша Қазақстанның бірінші орын алғаны хабарланды. COVID-19 пандемиясының әлемдік экономикаға тигізген кері әсеріне қарамастан 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өтпелі экономикадағы 17 елдің және теңізге шығар жолы жоқ 34 елдің ішінде тікелей шетелдік инвестиция өсімі бойынша алға шықты.

 Қыркүйек

Күздің алғашқы айында елдегі инфляция деңгейі 8,9 пайыз болып, ең жоғарғы мәнге көтерілді.

«Азық-түлік тауарлары бағасының өсімі инфляцияға әсерін тигізуде. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсімі бір аптада 0,2 пайызды құрады. «Лидерлер» арасында – Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау, Ақтөбе облыстары бар», деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев­тың айтуынша, қыркүйекте жылдық инфляция 17 өңірдің 13-інде жеделдеп кеткен. Алты облыста 9 пайыздан асып түскен.

 Қазан

Ұлттық банктің ақша-несие саясаты комитеті 25 қазанда базалық пайыздық мөлшерлемені 9,75-ке дейін көтерді. Осы­лайша, базалық ставка бір жарым жылға созылған үзілістен соң қатарынан үш рет жоғарылады.

Ұлттық банк базалық ставканы көтеруге себеп болған бірнеше факторды атап көрсе­теді: Біріншісі – сыртқы инфляциялық ахуал. Бұл әлемдегі азық-түлік бағасының жоғары болуына, жеткізу тізбегінің үзілуіне, тасымалдау, шикізат пен энергия тасымалдаушылар құнының өсуіне, сондай-ақ ішкі сұраныстың қалпына келуіне байланыс­ты. Екінші себеп – негізгі сауда серіктес елдердегі жоғары инфляция. Қытайда көмір мен энергияны көп қажет ететін салалар өніміне бағаның жоғарылауы салдарынан өндірушілер бағасының индексі 10,7 пайызға дейін өсіп кеткен.

 Қараша

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қаржы секторы өкіл­дерімен кездесті. Президент жиында қар­жы секторының дәрменсіз банктерден арыл­ғанын, ал сауықтыру аясында 6,6 трлн теңгеге жуық нашар несиелер есептен шы­ғарылғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың деңгейі банктердегі несие портфелінің 4,3 пайызын құрайды. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

«Банктер мемлекеттік қолдаудың арқа­сын­да бүгінде экономиканы несиелеу бойын­ша зор әлеуетке ие болып отыр. Банк жүйесіндегі өтімділігі жоғары активтердің көлемі – 12,2 трлн теңге. Тұтынушылық несие 32,8 пайызға артқан. Несие алушылар 6,1 млн адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін», деп ескертті Президент.

 Желтоқсан

Жылдың соңғы айында елімізде Google Pay электронды төлем жүйесі енгізілді. Google компаниясы құрастырған жүйе Android операциялық жүйесіне арналған. Google Pay-де қосылған карта саны шектелмеген. Сервисті ОС Android Wear қолдау көрсететін «ақылды» сағаттарға байлауға болады. Қазір Google Pay технологиясын «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank, Bank RBK және ForteBank қолданысқа енгізді.

Жаңа жүйенің жалпыға ортақ пайда­лануға берілуі контактісіз төлем көлемін арттыруға себеп болмақ. 2021 жылдың қаңтар-тамызында еліміздегі қолма-қол ақшасыз операция саны 2,4 есе өсіп, 3 785,2 млн операцияға жеткен. Соның нәтижесінде 43,2 трлн теңге айналымға түскен.