Осы орайда, Уинстон Черчилльдің «Англияның мәңгілік достары жоқ, оның тек мәңгілік мүдделері ғана бар» деген қанатты сөзі мемлекетшіл саясаткердің жеке пайымы ғана емес, бірнеше ғасырға созылған табысты жүзеге асырылған ағылшындық саясаттың маңызын түсіндіретін ой орамы десе болатын шығар. Мемлекеттік саясатты қалыптастыру ісі оның азаматтарының мүддесін қорғауды немесе жалпы ұлттық арман-тілекті аңғартып жатса онда мемлекеттік идеология деңгейі көтеріледі. Мұндай көпшіліктің мұраты жүзеге асатын идеологиялық механизмді іске қосу үнемі мүмкін емес және қоғамдық-саяси кеңістік аясындағы үрдістерді мемлекеттердің өз еншісіне шебер пайдалануды талап етеді.
Осы орайда, кейбір мемлекеттердің өз халқынан қолдау тапқан және халықаралық қатынастар саласында белгілі бір абырой әкелген сыртқы және ішкі саясатындағы жемісті іс-қимылдарын хронологиялық тәртіппен орналастырып, қазақстандық оқиғалар қатарымен салыстыруға болар еді.
1952 жылғы 10 қыркүйектегі Германия, Израиль үкіметтері және «Еврейлердің Германияға қатысты материалдық талаптары жөніндегі конференциясы» ұйымы арасындағы келісімге сәйкес Холокост құрбандары үшін Германия Израильге 3 млрд марка және конференцияға 500 млн марка төледі.
1975 жылы Вьетнамдағы соғыс аяқтала салысымен АҚШ үкіметі қаза тапқан және жоғалып кеткен әскерилердің денесін елге қайтару мақсатында іздестіру жұмыстарына кірісті. Экспедиция америкалық соңғы әскердің денесі елге қайтарылмайынша жалғасады деген мәлімдеме жасады.
Мұндай мысалдарды алпауыт елдер тарихында көптеп кездестіреміз. Олардың әрқайсысының түпкі мақсаты туралы көп айтып, түрлі жорамалдар жасауға болатын шығар. Бір анығы, осы іс-әрекеттер елдің өз азаматтары үшін қамқорлық сезімінің мемлекет деңгейінде көрініс табуын және халқының мүддесінен туындаған іс-қимыл екенін білдірсе керек.
Мемлекеттілігі жоғары деңгейде ұйымдасқан, асқақ мақсаттарға ұмтылатын елдер ғана өз мүддесін қорғауды, азаматтарының алдындағы әлеуметтік міндеттерін атқаруды алдыңғы орынға қойып келген. Әлсіз ұйымдасқан, бытыраңқы, шағын топтардың мүддесін ғана көздейтін немесе елдің стратегиялық аймақтары қылмыстық ұйымдардың қол астында қалған мемлекеттер азаматтардың еркін жүзеге асыруды маңызды санамайды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдардан бастап «біз өз адамдарымызға қамқорлық жасаймыз» ұранын жалаң популизм немесе бос дақпыртқа айналдырмастан орындап келеді. «Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді» деген Заңның 11-бабы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ мемлекеттік саясаттың басты ұстанымына айналды. Мәселен, 1991 жылы Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы Қаулы қабылдады. «Егемен Қазақстан» газетінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» деп аталған тарихи кезеңдерде шетел асып кеткен қандастарға арналған мақаласы жарияланды. Бұл алыс және жақын шетелдердегі қазақтар үшін сүйінші хабар болды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақылды құлаққа құйып өскен әр қазаққа Ұлы Отан-анасы шақырып жатқанда қандай кідіру болуы мүмкін. Осылайша бірнеше жылға созылған Ұлы көш бастау алды. Бұл тек Конституция нормасының жүзеге асуы ғана емес, «біз өз адамдарымызды тастамаймыз» идеологиясының алғашқы көрінісі еді.
Сириядағы соғыс көлемі, ұзақтығы және қамту жағынан ХХІ ғасырдағы ауқымды алапат қақтығысқа айналды. Бірнеше жылға созылған соғыс аумақтық деңгейде Қазақстанға қауіп-қатер төндірмесе де, қазақстандықтардың содырлар қатарына қосылуы еліміздің сыртқы саясатының күн тәртібіне жаңа мәселелерді шығарды. Өйткені 2014-2015 жылдары еліміздің бірнеше өңірінен Сирия жеріне аттанған ер азаматтармен бірге олардың отбасылары да бар еді.
Қақтығыс аймағында қалған балалар мен әйелдер зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің құрбанына айналды. Осындай сындарлы шақта Қазақстан тарапы барлық қиыншылығы мен күрделілігіне қарамастан Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтару жөніндегі «Жусан» операциясын бастады. 4 мәрте қайталанған «Жусан» операциясы аясында елге қазақстандық 600-ге жуық азамат қайтарылды.
2016 жылы Ресей мен Қазақстан үкіметтері басшыларының кездесуі барысында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қаһарманы Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтару жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Батырдың басының елге қайтарылуы көпшіліктің қошеметі мен ықыласына бөленді.
Қазақстан өз азаматтарының ғана емес, кешегі нәубетті жылдарда шекара асып, әлемнің өзге аймақтарына тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды да қамқорлықсыз қалдырмайды. Осының бір дәлелі ретінде 2021 жылы 9 қыркүйекте билігін талибандар басып алған Ауғанстан елінен Қазақстан Қарулы Күштерінің арнайы ұшағымен Алматыға 41 адамның жеткізілгенін, олардың 35-нің қандасымыз екенін айтуға болады. Ауғанстан жерінде тұратын қандастарымыздың жеке өтініштеріне қарай оларды елге эвакуациялау әлі де жалғасуда.
Нұрғиса КӨШЕРОВ,
саясаттанушы