Коронавирус • 31 Желтоқсан, 2021

Індетпен күресте іркіліс болмады

425 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүкіл әлемді жаулаған, бүгінде үйреншікті жа­уы­мызға айналған Covid-19 індетінің әлі де беті қайтар емес. Өкі­ніш­ке қарай, пандемиямен арпалысқан тағы бір жылды артқа қалдырып жатырмыз. Адамзат­тың амандығына қауіп төндірген бұл алма­ға­йып, ауыр кезеңде індет­ке қарсы түрлі амал жасалып, күрес күшейе түсті. Жер-жаһанда жаппай вакциналау процесі жүріп, елімізде де ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыс атқарылды.

Індетпен күресте іркіліс болмады

Коронавирусқа қарсы екпе салу басталды

Адамзаттың басына қандай зауал төнсе де, одан құтылудың бірден-бір жолы вакциналау бол­ғаны тарихтан белгілі. Дүйім дү­ниені дүрбелеңге салған корона­вирус пандемиясына қарсы көп күт­тірмей түрлі вакцинаның әзір­леніп, айналымға енгені – қазіргі кезеңнің үлкен жетістігі. Бүкіл әлемде басталған вакциналау про­цесінен Қазақстан да қалыспай, ерте қам-қарекетін жасады. Биыл 1 ақпаннан бастап елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау басталды. 2021 жылы 13,3 млн-нан аса адамды қамту үшін вакциналардың жеткілікті көлемі қамтамасыз етілді.

Вакциналау басталғанда азаматтар алдымен ресейлік Спутник V препаратын салдырды. Бұл вакцинаны Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінің база­сын­да өндіру қолға алынды. Ке­йін халыққа қолжетімді вакцина­лар­дың тізімі ұлғайып, QazVac, Hayat-Vax , КоронаВак және Сино­фарм вакциналары салына бастады.

Жалпы, елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компоненті 9 236 035 адамға салыпты. Бұл вакцина салдыруға болатын халықтың жалпы санының 76,2%-ын құрайды. Ал екінші компонентті – 8 558 713 адам вакцина алды. Мұның қамтылуы – 70,3%.

Бұған қоса жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналауға қолжетімділікті қам­та­масыз ету мақсатында Pfizer ком­паниясының Comirnaty вакцина­сының 4 млн 230 мың дозасы сатып алынды. Бұл аталған санатта­ғы 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен 230 986 бала және 57 045 жүкті және бала емізетін әйел, екінші компонентпен 80 176 бала және 19 853 жүкті және бала емізетін әйел вакцина салдырды. Comirnaty (Pfizer) вакцинасын сақтау ерекшеліктерін ескере отырып, вакцинаны сақтау және тасымалдау ережелерін сақтау бойынша шаралар қабылданды.

Басқа елдердің вакциналау пас­порттарын тану бойынша жұмыс­тар белсенді жүргізілуде. Бү­гінгі таңда вакциналау паспортта­рын өзара таныған елдердің са­ны 20-ға жетті. Атап айтқанда, бұл мем­лекеттер – Аргентина, Мажарстан, Грузия, Иран, Иордания, Қыр­ғызстан, Мальдив аралдарын, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Таиланд, Түркия және Эстония.

Халықтың осал топта­рын қорғау мақсатында іс-шара­лар қабылданып, қайта вакциналау басталды. Бірінші кезекте медициналық қызметкерлер, педагогтер, медициналық-әлеумет­тік мекемелер қызметкерлері мен кон­тингенті жабық балалар ме­ке­мелері, күш құрылымдарының қызметкерлері вакцина салдыратын болды. Екінші кезеңде бас­тап­қы вакциналауды аяқтаған (вакциналаудың толық курсын аяқ­тағаннан кейін 6-9 айдан кейін) және 2022 жылдың қаңтарынан бас­тап ревакциналау мерзімі жеткен азаматтар қайта вакциналаудан өтуіне болады. Қазіргі кезде ревакциналау мен 424 414 адам қамтылды.

QazVac тиімділігін көрсетті

Пандемиямен күрес кезеңінде Қазақстанның әлеуетін байқатқан ең үлкен жетістіктің бірі отан­дық QazVac вакцинасын әзірлеп, қолданысқа енгізу екені сөзсіз. Әлемді қыспағына алған коронавирус індеті біздің елде де әлек сала бастағанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауасыз дертке қарсы дереу вакцина жасауды тапсырған болатын. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) ғалымдары бұл үдеден шыға білді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуінен сәтті өтіп, кли­никалық сынақта тиімділігін көрсеткен QazVac (ғылыми атауы – QazCovid-in) – инактивтелген вакцина.

Аталған вакцина елімізде 26 сәуірден бастап жаппай қолданысқа енгізіле бастады. Республика бойынша КВИ-ге қарсы вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша жұмыс жалғасып, бүгінде QazVac вакцинасының бірінші ком­понентін 696 103 адам, екінші ком­понентін 578 522 адам салдырды.

Сонымен қатар ревакциналау кезінде халыққа қолжетімді бірден-бір вакцина өзіміздің Qaz­Vac болып тұр. Өйткені Спут­ник V екпесі ревакциналауға жара­майды. Бұл вакцина екі түрлі құрам­дас бөліктен тұрады, яғни Спут­ник V екпесінің бірінші және екінші компоненттері әртүрлі. Ал ревакциналау кезінде құрамы бірдей екпе ғана салынуы керек. Сондықтан қазір қайта вакциналау кезінде негізінен QazVac препараты қолданылып жатыр. 29 желтоқсандағы деректі келтірсек, ревакциналаумен 479 222 адам қамтылса, оның ішінде отандық QazVac вакцинасын 412 170 адам алдырды.

Жаңа штамды анықтауда зертхананың маңызы зор

Елдегі эпидемиялық жағдайды дер кезінде дәл бағалауда зертха­на­лық әлеуетіміздің жоғары болғаны маңызды. Яғни дертті уақытында анықтау – коронавирус инфекциясымен күрестің негізгі бөлігі.

Қазіргі уақытта зертханалардың санын 165-ке дейін арттыру есе­бінен тестілеудің тәуліктік қуаты 1 млн адамға 6 315 тестіні құрайды. Күн сайын 50 мыңға дейін зерттеу жүргізіледі.

Еліміздің үш өңіріне үш бір­лік жоғары техно­логиялық зертха­на­лық жабдықтар жеткізілді. Зертха­наларды жабдықтау және қыз­мет­керлерді оқыту бойынша қа­былданып жатқан шаралар зертха­налардың жалпы қуатын тәулігіне 126 мың зерттеуге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Коронавирус инфекция­сын жұқтырған науқас­тарды зерт­теу үшін Ұлттық ғылыми кардио­ло­гиялық орталық негізінде Пост­ковидтық орталық ашылды.

ПТР диагностикасын қамта­масыз етумен қатар, им­портталған жағдайлардың және вирустың мута­циялық өзгергіштігінің мони­торингін қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі вирустарды генетикалық зерттеуді үнемі жүргізіп отырады.

2021 жылы Қазақстан Респуб­ликасының барлық өңірін қам­ти отырып, толық геномдық секвенирлеу әдісімен SARS-CoV-2 ви­русының генетикалық сипат­тамасына 745 сынама зерттелді.

Осы жылдың қараша-желтоқсан айларында 96 үлгіде «Үнді», «Британ­дық» және «Mu» штамдары анықталды. Ал дәл қазір әлемді дүрліктіріп жатқан жаңа «Омикрон» штамының нұсқасы біздің елде табылған жоқ.

Дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеу қадағаланды

Коронавирус пандемиясының алғашқы толқы­нында елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы сезіліп, халық әжептеуір дүрліккен еді. Осы жағдай сабақ болып, препараттардың жеткілікті қорын қамтамасыз ету, бағаның негізсіз көтерілмеуі сияқты мәселелері жіті назарға алынды. Сондай-ақ дәрі-дәрмекке қатысты орын алған жағдай тағы бір мәселенің бар екенін көрсетіп берді. Бұл – өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмектің аздығы. Аталған мәселеге Президент биылғы Жолдауында ерекше тоқталды. Онда елдегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім екенін айтып, 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізуді тапсырды.

Биыл Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында коронавирус инфекциясын емдеуге арналған жалпы сомасы 6,27 млрд теңгеге дәрілік заттардың 2 айлық қоры қалыптастырылды. Медициналық ұйым­дарда жалпы сомасы 11 млрд теңгеге айлық қор қалыптастырылды.

Сондай-ақ коронавирус инфекциясы таралуының барлық қаупін ескере отырып, төсектік орын қорының дайындығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Індет қатты күшейіп, шыңына шыққан жағдайда 50 мыңнан аса төсектік орын және 3 мыңнан аса реанимациялық, резервтік төсектік орын бар.

Бұған қоса жедел медициналық жәрдем қызме­тінің паркі осы жылы 2 287 санитарлық көлікпен толықты.

Қазақстан – «жасыл аймақта»

Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бүгінгі таңда Қазақстан және еліміздің 15 өңірі «жасыл аймақта» орналасқан. Екі өңір – Сол­түстік Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы – «сары аймақта». «Қызыл аймақта» тұрған өңір жоқ. Репродуктивті сан – 0,95 құрайды. Қыркүйек айынан бас­тап емделіп шыққан адамдардың саны 30%-ға арт­қан. Ал соңғы екі аптада індетпен ауыру 32%-ға төмендеген.

Жалпы, еліміздегі эпидемиялық ахуал тұрақ­ты. Бірақ бұған тоқмейілсіп, босаңсуға бол­майды. Өйткені әлемнің басқа мемлекеттерінде коронави­рустың жаңа штамы «Омикрон» жылдам таралып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша ауру бірнеше ай ішінде бүкіл әлемге таралады. Сондықтан вакциналау процесін күшейтіп, ревакциналауды да тездету қажет.

Сонымен қатар инфекцияны таратпау мақсатында сауда ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, сауда желілеріне; спорттық-сауықтыру орталықтары мен фитнес-орталықтарға, йога-орталықтарға; караоке; бассейндер; сауналар, моншалар; банк­тер; «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, ХҚО-ларға тек Ashyq қосымшасы арқылы «жасыл» мәртебесі бар тұлғаларға кіруге рұқсат беру бойынша қосымша алдын алу шаралары күшейтілмек. Бұл норманы 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап енгізу ұсынылып отыр.