ҚР Үкіметінің қаулысымен газ саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Газ саласын дамытуға қатысты барлық мәселелер бойынша бағдарламадан басқа, жоспар тармақтарының бірі «ҚазТрансГаз» ҰК» АҚ ескі атауын және логотипін өзгертуіне қатысты.
Компания өкілдері түсіндіргендей, ребрендинг тек атауы мен логотипіне ғана қатысты болмайды, ол ішкі бизнес-процестердің басым бөлігіне де әсер етеді. Осылайша, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы бүкіл отандық газ саласы дамуының жаңа кезеңін бастап отыр. Кешенді жоспарды іске асыра отырып, компания өзін ішкі және халықаралық нарықтарда жаңаша көрсететін болады.
«QazaqGaz» атауы мен жаңа фирмалық белгі компания бизнесінің бағыттарын неғұрлым айқын көрсетеді.
Логотиптің негізгі семантикалық мазмұны алау отын білдіретін белгі болды, ал спиральдағы плексус динамикалық қозғалыс пен дамуды білдіреді. Логотиптің негізі ретінде алынған жалынның тілі - күннің символы, тазарту белгісі және ата-бабаларға табыну заты, үйге жылылық пен жайлылық әкелетін от. Қасиетті нышан ретінде отқа деген көзқарас ежелгі заманнан бері түркі халықтарының салт-дәстүрлерінде болған. Бұл ретте компанияның фирмалық белгісінде көгілдір және жасыл реңктердің болуы табиғи газдың экологиялылығын білдіреді, бұл бүгінгі күні әлемдік тренд болып табылады.