Аймақтар • 01 Қаңтар, 2022

Ел мейірімі телегей теңіз

473 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяуда Шортанды кентінде орын алған жарылыстан зар­дап шеккен отбасына қаржы­лай көмек көрсетіліп, жетім қалған төрт балаға Нұр-Сұл­тан қаласынан пәтер әперілді.

Ел мейірімі телегей теңіз

Соңғы жылдары ел ішінде ізгілік шарапаты мол «Ел үлесі – пәтерге» бас­тамасы қыруар жұмыс тындыруда. Тіршілік болған соң айтып келмейтін апаттың орын алатыны да бар. Міне, осындай сәтте қиындық құрсауында қалған адамдар ізгі қоғамның ізетті ісімен көңіл жадыратса, демеу көрсе, жан жарасы жазыла түсер еді.

Шортандыдағы жарылыстан соң қапияда қайғы шеккен азаматқа қар­жы­лай көмек берушілер өте көп бол­ды. Бұл жай біздің қоғамның жа­на­­шыр­лығын, бауырмалдығын көр­сетеді.

– Өңірде жиырмаға жуық отбасы осы бастама аясында қолға алынған жұмыстың нәтижесінде баспаналы болды, – дейді облыстың бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы, – біз Шор­тандыдағы шетін оқиға туралы ес­тіген кезде қатты уайымдадық. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, ой­ламаған жерден орын алған оқыс оқиғаның соншалықты зілмауыр екен­­дігін жан жүрегімізбен сезіндік. Іле қаражат жинап, көмектесу туралы бастама көтер­дік. Халыққа рахмет, аз уа­қыттың ішін­де 14 млн-нан астам ақ­ша жи­налды. Көмек қолын созғандар ара­сында ел ақса­қалдары мен жастар да бар.

Игі шараның тағы бір тиімді тұсы – өскелең ұрпаққа өміршең өнеге болатындығында. Ілкі заманнан бері бір-біріне қолұшын беруді парыз санаған парасатты қауымның осындай ордалы ісінен үлгі алып өссе, бірліктің тамыры бекем бола түсетіні тағы бар.

 

Ақмола облысы