Қазақстан • 01 Қаңтар, 2022

Жаңа онжылдық – жаңа белес

736 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Егемен еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесін артқа тастап, азаттықтың төртінші онжылдығына қадам басты. Тәуелсіз болуды аңсаған елдің арманы орындалып, жаңадан құрылған жас мемлекет – Қазақстан осыдан 30 жыл бұрын үміті мен күдігі мол жаңа 1992 жылды қарсы алған-ды.

Жаңа онжылдық – жаңа белес

Атажұртқа шақыру. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жыл күнтізбе­сіндегі айтулы оқиғалар Елбасы­ның алыста жүрген ағайынға жаса­ған Үндеуімен ерекше есте қалды. Осыдан 30 жыл бұрын 1 қаңтарда Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Н.Назарбаев шет­ел­дерге хабар тарату радиосы­нан сөз сөйлеп, шетте жүрген қан­дас­тарды қазақ жеріне оралуға шақырды.

«Ежелгі атамекенінен жырақ­тап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып кел­генін мен жақсы білемін... Сон­дық­­тан атамекенге келемін деуші аға­йын­дарға жол ашық», деді Н.Назарбаев.

Осындай жүрекжарды тілекпен басталған жыл жаңа мемлекеттің қалыптасуында бірқатар шешуші рөл ойнаған маңызды оқиғалармен тарихта қалды.

Дипломатия. Егемен ел атан­ған кезден кейінгі жылы мем­лекетті қалыптастыру мен оны халық­ара­лық қоғамдастыққа таныстыру қар­­қынды жүрді. Шетелдермен бай­ланыс орнату, елшіліктер мен өкіл­діктер ашу, халықаралық ұйым­дар­ға мүше болу секілді сыртқы сая­саттың маңызды қадамдары жасалды.

2 қаңтар күні Қазақстан Рес­­пуб­­ли­касының тәуел­сіздігін мо­йын­даған елдер қатарына Нор­вегия қосылды. Көп ұзамай бұл тізімді Ұлыбритания, Франция, Шве­ция, Куба, Аустрия мен Иран толық­тырды. Жыл соңында Қазақстан 70 елмен дипломатиялық байланыс орнатып, әлемнің 108 мемлекеті елімізді егемен мемлекет ретінде таныды. Алматыда 19 елдің дипло­ма­тиялық өкілдіктері ашылды.

Халықаралық ынтымақтас­тық. Қаңтар айында Қазақстан Кеңес Одағының құрамына кірген өзге 10 мемлекетпен қатар Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ын­ты­мақ­тастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше болды. Ал 2010 жылы еліміз ұйым­ға төрағалық етті. Бұл Қазақ­стан­ның әлемдік процестегі пози­тивті рөліне, оның құқықтық, демо­кра­тия­лық мемлекет құруға шынайы ұм­ты­лысына берілген баға деп қабыл­данды. Ол кезде Қазақстан бедел­ді ұйымға төрағалық еткен тұңғыш Азия елі болған-ды.

Көп күттірмей наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сес­сиясында Қазақстан беделді ұйымға мүше болып қабыл­дана­ды. Бұл арқылы еліміз саяси, эко­номикалық, эколо­гия­­лық, әлеу­меттік, мәдени-гума­ни­­тарлық сипаттағы ғаламдық мә­се­лелерді шешуге үн қосып, ха­лық­аралық ынтымақтастықты арт­тыруға мүм­кіндік алды.

Маусым айында Қазақстан Халық­аралық Валюта Қорына, Халық­аралық Қайта Құру және Даму Банкіне, Дүниежүзілік кеден ұйымына, сондай-ақ 1992 жыл­дың қараша айының соңында Эконо­микалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) кірді.

Рухани келісім. Еліміздің татулық пен бір­лікті нығайту тұрғысындағы қадамы 1992 жылы 18 қазанда Алма­ты­да өткен І Дүниежүзілік Руха­ни келісім конгресінен бастау ал­ған-­ды. Елімізде алғаш рет бар­лық дін­нің, рухани қоғамдық ұйым­­ның өкілдері, белгілі ғалым­дар мен мә­дениет қайрат­кер­лері бас қосты. Міне, осынау ізгілікті үрдіс Ел­­басы бастамасы – Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшыларының съезін шақыру арқылы жаһандық ауқым­ды қамтыды. Айта кетейік, 2003 жылы 13 ақпанда өткен, діндер, мәдениеттер мен халықтардың жа­қын­дасуына маңызды рөл атқар­ған, христиан, мұсылман, еврей ұйымдары қатысқан Бейбітшілік пен келісім халықаралық конференциясында сөз сөйлеген Елбасы барлық конфессия өкілдеріне Қазақ­станда Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшыларының съезін өткізу бастамасын білдір­ген-ді. Содан аталған Съезд алғаш­қы рет 2003 жылдың 23-24 қыр­күйек ара­лығында Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті Нұрс­ұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың бас­та­масымен ұйымдастырылды. Содан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Съезд халықаралық қоғам­дастықта беделі зор үнқаты­су алаңына айналды. Съезд бұған дейін 6 рет өткі­зілді. Келесі, яғни VII Съезд биылғы қыркүйек айында ұйым­дас­­тырылмақ.

Биыл аталып өтілетін ма­ңыз­ды оқиғалардың бірсыпы­ра­сын жоғарыда айтып өттік. Ке­лесі кезекте еліміздің ішкі саяси құ­ры­­­лымына, мемлекет ретін­де қа­лыптасуына, рухани кемел­денуі­не жол ашқан маңызды дата­ларға тоқталуды жөн көрдік.

Әз Наурыз. Еліміз аңсаған азат­тыққа қолы жетіп, қазақы дәс­түр­ді, ұлттық мерекелерді мемле­кет­тік деңгейде кеңінен тойлау­ға көшті. 1991 жылы наурыз­дың 15-інде Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың Жар­лығы шығып, «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке Наурыз мейрамы болып жария­ланды. Ал келесі жылы әз Наурыз тәуелсіз еліміздің басты ме­рекелерінің бірі ретінде тойланды. Егемен елдің алғашқы көктемі, алғашқы Наурыз мейрамы ерекше аталып өтті. Қазақтың ырысы тасып, жалпақ жұрт мол дастар­қан жайып, ұлттық дәстүрлері­міз бен ойындарымыз ұлықталып, азаттықтың алғашқы көктемімен келген ұлы той жалпыхалықтық сипатта ұйымдастырылды. Содан бері қазақы қалпымызды, салт-дәстүрімізді, рухани байлы­ғы­мыз­ды, ұлттық құнды­лық­тары­мыз бен мәдени жәдігер­лері­мізді сақтап, оларды өскелең ұрпақ бойына сіңіруде Наурыз мейрамының орны ерекше болып келеді.

Қазақы атаулар. Қала мен өңір атауларының өзгеріп, қазақылануы да жаңа мемлекет үшін аса маңызды еді. Бұл жұмыс тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылында қарқынды жүріп жат­ты. Осы кезде Орал облысы жаңа атауға ие болып, Батыс Қазақ­стан облысына айналды. Кокчетав – Көкшетау, Чимкент – Шымкент және Целиноград Ақмола деп өзгерді.

Қарулы Күштер. Кеңес Одағы ыды­ра­ғаннан кейін Қазақстан бас­шы­лығына ұлттық Қарулы Күш­терін құру қажеттігі туындады. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы рөлі мен орнын ғана емес, оның одан әрі даму ба­ғытын айқындайтын болды. 1992 жы­лы 7 мамырда Мемлекеттік қор­ға­ныс комитеті Қазақстан Рес­­пуб­ликасының Қорғаныс ми­нистр­лігі болып қайта құрылды. Ведом­ствоның бірінші басшысы Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұр­мағамбетов болды. Осылайша, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні деп бекітілді. Міне, биыл сол Қазақ­стан Қарулы Күштерінің құ­рыл­ғанына 30 жыл толады.

Рәміздер. Тәуелсіз елдің сая­си мәртебесін көрсететін, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілері  Мемлекеттік рәміздері үшін де биыл айрықша жыл. Қазақ елінің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал тұңғыш Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілгенінен хабардармыз. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші Әнұраны 2006 жылы бекітілді. Ту мен Ел­таңбада бейнеленген әрбір бел­гінің символикалық мәні, терең мағынасы бар.

Құрылтай. Осыдан 30 жыл бұрын 1992 жылы Алматы қала­сында қазақтардың І Дүние­жүзілік құрылтайы өткен болатын. Оған алыс және жақын шет мем­­лекеттерден, соның ішінде Түркия, Германия, Франция, Нор­вегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия, жалпы 33 елден 800-ден астам өкіл қатысқан еді. Небір нәубетті оқи­ғаларды бастан өткізіп, төрт­күл дүниеге шашырап кеткен қан­дас­тарымызды біріктіріп, армандарын бір арнаға тоғыстырған бас­қосуда ата-баба жеріне оралу ту­ралы күдікке толы сұрақтарына жауап алғандай болды. Дүние жүзі қазақтарының қауымдас­тығы құры­лып, жырақта жүрген ағайынға ата­жұртта арқасүйер ұлты барын көр­сетті. Қауымдастық биыл 30 жыл­дық мерейтойын тойлап, үлкен құрыл­тай өткізуді де жоспарлап отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуел­сіз­дік бәрі­нен қымбат» атты мақа­ла­сын­да келесі онжылдықтың басым­­дықтарын атап көрсеткен еді. «Алдағы төртінші онжыл­дық­тың бізге жүктейтін міндеті – қуат­ты ел­дің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-эко­но­ми­калық реформаларды және са­на­ны жаңғырту үдерісін жал­ғас­тырып, заман талабына бейім­делген ұлттың жаңа бол­мысын қалыптастыруымыз қажет», деді Мем­лекет басшысы. Иә, Пре­зи­дент нақтылаған бұл ауқым­ды міндеттерді жүзеге асыру елі­міз үшін, ел болып қалуымыз үшін аса маңызды. Мұны баршамыз жете түсінгеніміз абзал.