Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Энергия тапшылығы байқалды
Мұндай мүмкіндік ел билігі тарапынан бекерден-бекер пысықталып отырған жоқ. Қазақстан климат жөніндегі Париж келісіміне қосылғандықтан, орнықты даму мақсаттарын орындау үшін 2060 жылға қарай көміртегінен арылу мақсатын қойып отыр. Ең бастысы, экономиканың салалары мен халықтың сұранысын толық қанағаттандыру үшін экологиялық тұрғыда таза энергия көздерін дамыту күн тәртібіндегі мәселеге айналды.
«Биыл белгілі бір энергетикалық тапшылықпен бетпе-бет келіп, Ресейден электр қуатын жоспардан тыс импорттауға мәжбүр болдық. Сәйкесінше, 2035 жылға дейінгі электр энергиясының тұтыну мен өндіру теңгерімі жасалды. Халық пен экономика секторларын қажетті энергиямен қамтамасыз ету үшін АЭС-ті салудың маңыздылығын байқап отырмыз», деген Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев ықтимал АЭС-тің құрылысына екі өңір қарастырылып отырғанын жеткізді.
Айталық, еліміз Атом стансасын салу жөнінде түпкілікті шешімді қабылдаған жағдайда энергетикалық нысан Алматы облысындағы Үлкен елді мекенінде немесе Шығыс Қазақстандағы Курчатов шаһарында орналасуы мүмкін.
«Бұл мәселе 2013 жылдан бері, яғни сегіз жылдың көлемінде талқыланып келеді. Осы уақыт аралығында әртүрлі жер учаскелері сейсмикалық, инфрақұрылымдық және тұтыну көлемі жағынан зерттелді. Бүгінде екі орын қарастырылып отыр. Оның бірі Үлкен ауылы және екіншісі Курчатов қаласы. Сейсмикалық тұрғыдан олар қолайлы. Инфрақұрылым жағынан Үлкен елді мекенінің артықшылығы басым. Өйткені мұнда 500 киловольтты құрайтын «Солтүстік-Оңтүстік» электр тарату желісі бар. Сонымен қатар аталған елді мекен негізгі тұтынушыларымыз тұратын оңтүстік өңірге жақын орналасқан. Бірақ та станса салынатын орын туралы түкпілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Қазір осыған байланысты «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы жанынан жобалық топ құрылып, барлық тиісті зерттеу жүргізілуі тиіс», деді еліміздің бас энергетигі.
Қоғамның пікірі екіұдай
Осы АЭС төңірегіндегі әңгімелер елімізде әжептәуір талқыланып, қоғамда біраз пікірталас тудырды. Әлбетте, Чернобыль мен Фукусимадағы апатты былай қойғанда, «Әскери оқ-дәрі қоймаларын басқара алмай отырғанда АЭС-ті қалай қадағалайды?» деген қоғамдағы пікірлердің айтылуы да заңды. Сондықтан еліміздегі экологиялық ұйымдар мен қоғам белсенділері неліктен «Жасыл» технологиялар мен газ энергетикасына басымдық берілмей жатқанына түсінбей дал. Алайда бұған қатысты жауапты ведомствоның айтар өз уәжі бар.
«Тұтастай алғанда, электр энергиясын өндірудің тәсілі көп емес. Балама энергияға – күн және жел энергетикасы жатады. Бірақ олар тұрақты энергия көзі болмағандықтан, электр қуатымен толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Күндіз болса, кешке жоқ болуы мүмкін. Электр энергиясын алудың тағы бір тәсілі – газ электр стансасын салу. Алайда елімізде газдың көлемді қоры жоқ. Мұнайлы ел болғанымызбен газға да соншалықты кенеліп отырмыз деп айта алмаймыз. Көп жылға арналған стратегиямызда газ электр стансаларын салу мүмкіндігі қарастырылмаған. Әлемдегі көптеген мемлекет көмір стансаларын салудан бас тартып жатыр. Неге десеңіз, қазір бұған ақша бөлінбейді, сондай-ақ қажетті жабдықтар, атап айтқанда турбиналар мен қазандықтар шығарылмайды. Оларды өндіретін екі-үш ел ғана қалды. Басқа елдер бұл жұмысты тоқтатты. Балама жол ретінде атом стансасын дамыту ғана қалады», деді М.Мырзағалиев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, қазіргі АЭС құрылысында заманауи қауіпсіз технологиялар қолданылады. Бүгінде әлем бойынша 249 атом блогы жұмыс істеп тұр, сондай-ақ 150-ден астам жаңа блок салынып жатыр.
Заманауи қауіпсіздік жүйесімен жарақталған
Мамандардың пікіріне сүйенсек, атом реакторларының қазіргі жобаларында қауіпсіздікті қамтитын пассивті қорғаныс тетіктері жан-жақты қарастырылған. Бұл салқындату тетігі істен шыққанда үлкен ақауға жол бермейді және апаттың мөлшері мен салдарын едәуір азайтады.
«Бұл реакторлардың басты ерекшелігі – «жобалау кезінде апатты алдын алу» тұжырымдамасына сәйкес жобалау сатысының өзінде реактордың белсенді аумағының балқуымен өтетін шартты ауыр апатты жағдайларды болдырмау жолдары қарастырылған. Демек осы реакторлардағы ауыр апаттардың ықтималдығы онның минус жеті дәрежесін (10-7) құрайды. Бұл МАГАТЭ-нің жаңадан жобаланатын стансаларға белгілеген көрсеткіштен 100 есеге төмен шама», деген еді газетімізге берген сұхбатында Ұлттық ядролық орталығы Атом энергия институты филиалы директорының материалтану зерттеулері жөніндегі орынбасары Ерболат Қоянбаев.
Ақпарат ашықтығы қажет
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртайдың айтуынша, осы мәселеге қатысты ресми органдардан жеткілікті деңгейде ақпарат айтылмай келеді. Сол себепті де қоғамда «ақпараттық вакуум» туындап, көпшілік АЭС құрылысын теріс қабылдап отыр деді қоғам белсендісі.
«Қоғамға толыққанды деңгейде ашық ақпарат жеткізілсе, ешкім АЭС-тің құрылысына қарсы болмайтын еді деп ойлаймын. Ал бүгінгі белгісіздік жағдайында халықта күмәнді ой туындайтыны заңды. Осы мәселені жан-жақты талқылау үшін еліміздің белді азаматтарының қатысуымен таяуда ақсақалдар кеңесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған жауапты ведомство өкілдері де шақырылады. Әзірге түсінгеніміз, Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» холдингінің АЭС-ті салуға байланысты нақты ұстанымы мен бағыты жоқ. Түсініксіз ойын жүріп жатқандай әсер қалдырады. Қысқа, жеткіліксіз дәрежеде ақпарат беріліп, сонымен тынады. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Бұл қауіпсіздік тұрғысынан стратегиялық маңызды нысанның құрылысы. Оған қомақты инвестиция қажет. Менің ойымша, мүдделі топтар осы жобадан өздеріне қажетті еншіні алып қалуды көздеп отыр. Оның ішінде қосалқы мердігерлік жұмыстарды, қызмет көрсету салаларын атап өтуге болады. Бұл жерде ешкім АЭС-тің тиімді жұмыс істеуін, энергетикалық нысан ретінде экономикалық пайдасын ойлап тұрған жоқ деп санаймын. Әркім өз компанияларын жұмылдырып, жылдам ақша табудың амалын қарастырып жатқандай. Сондықтан мәлімет бермей отыр. Энергетика министрімен кездескенде екі мәселені көтердім. Біріншіден, озық технологияны пайдалану. Атап айтқанда, Жапонияның, Францияның және АҚШ-тың тың технологиясын қолдансақ, ұтылмайтынымыз анық. Екіншіден, оның жобалық құны аса қымбат болмауға тиіс. Бейресми дереккөздерден шамамен 12 млрд-тай доллар жұмсалуы мүмкін екенін естідім. Министрдің өзінен сұрағанымда бейхабар екенін айтты. Еліміздегі АЭС-тің құрылысына алпауыт мемлекеттер тарапынан үлкен талас жүріп жатқандай әсер қалдырады. Ресей мен Қытайды осы жобаға қатыстырмау керек деп есептеймін. Биылғы 19 қаңтарында аталған мәселеге қатысты қоғамдық жиын өткізуді жоспарлап отырмыз», деді А.Әміртай.
Ресми дерекке сенсек, елімізде электр желілерінің тозуы 65%-дың аралығында. Электр желілерін басқару жөніндегі бірыңғай оператордың мәліметіне сәйкес биылғы 10 айда былтырғы кезеңмен салыстырғанда электр энергиясын тұтынудың өсімі оңтүстік өңірде 11,6%-ды, солтүстікте 5,7%-ды және батыста 7,5%-ға жетті.