Оқиға • 01 Қаңтар, 2022

Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді

11573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, кеңестің және қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді

Роза Бағланова 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы өңірінде туған.

1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастады. Ол сол ансамбль қатарында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан.

1947-1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары – Қазақ филармониясының, 1960 жылдан бері – Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға зор үлес қосқан.

1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілері конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты атанды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталған.

Роза Бағланова 2011 жылы 8 қаңтарда Алматы қаласында 89 жасында дүниеден өтті. Әншінің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М. Төлебаевтың ақын өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С. Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндері Қазақ радиосының қорында сақтаулы, оның орындауындағы әндер бірнеше рет күйтабаққа жазылып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылған.
Өткен жылы 24 қарашада ЮНЕСКО-ның (БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы) 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Роза Бағланованың 100 жылдығы енді. Осылайша, Қазақстанның қос аңыз тұлғаларының мерейтойлары ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді.