Аймақтар • 01 Қаңтар, 2022

Атырау өңіріндегі елді мекендер жайлы кітап жарық көрді

644 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда 40 елді мекеннің тарихи сәттері жинақталған кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау өңіріндегі елді мекендер жайлы кітап жарық көрді

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының директоры Мұхамбетқали Кипиев шығарған кітап «XVIII-XX ғасырлардағы Атырау өңіріндегі елді мекендер» деп аталады.

Автордың айтуынша, өңірдегі кейбір елді мекендердің іргесі XVIII ғасырда қаланған.

«Жаңа кітапқа 40 елді мекен туралы қызықты деректер енгізілді. Қазір кейбір елді мекендер тіпті жойылып кеткен. Сол себептен, сондай ауылдардың тарихын зерделеу үшін зерттеу жұмысын жүргіздік. Ресей Федерациясындағы Орынбор, Астрахань, сондай-ақ Алматы қаласындағы мұрағаттардан қызықты материалдар таптық. Кейбір кенттердің орналасқан орнына барып қайттық», деді Мұхамбетқали Кипиев.

Кітап елді мекендердің пайда болу кезеңі мен географиялық орналасуына қарай үш бөлімге бөлінген.

«Алғашқы бөлімде Жайық пен Жем өзендерінің бойында салынған елді мекендер қамтылса, екіншісінде Каспий теңізінің жағалауындағы ауылдар туралы жазылды. Ал, үшінші бөлімде ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін бой көтерген сауда және өндіріс орталықтары туралы зерттеулер бар. Бұл кітапты дайындау кезінде өңірдегі елді мекендер жөнінде бұрын жарық көрмеген карталар, сызбалар мен фотосуреттерді пайдаландық», деді кітап авторы.