Кеше палата Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс бірінші оқылымда меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.
Жаңалықтар Азаматтық кодексінің тиісті актіні шығарған мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның кінәсіне қарамастан, заңсыз актілерді шығару салдарынан меншік иесіне келтірілген шығындарды өтеу туралы 267-бабының редакциясын нақтылауды ұсынып отыр. Бұған қоса, заң жобасында нақты жылжымайтын мүлік объектісі бойынша ақпарат құқық иеленушінің келісімімен өзге де тұлғалардың сұрау салулары бойынша берілетін және құқық иеленушінің келісімінсіз осындай ақпаратқа қолжетімділік алуға құқығы бар тұлғалардың түбегейлі тобы айқындалатын нормалар көзделіп отыр. Сонымен қатар, заң жобасымен нотариалдық куәландырылған мәміле жасасқан жағдайда жылжымайтын мүлікке құқықты міндетті түрде электрондық тәртіппен мемлекеттік тіркеу белгіленеді.
Осындай және де басқа жаңашылдықтарды Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Мұхтар Тінікеев қосымша баяндамасында түсіндіріп өтті.
Отырыста Мәжіліс 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың зардаптарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Еркін Шпановтың мәлімдеуінше, көмек сұраушы Тараптардың авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мүшелері өткізу пункттері мен жұмыс жасап тұрған пункттерінен бірінші кезекте мемлекеттік шекараны кесіп өтеді.
Талқылаудан соң Мәжіліс Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты құру туралы Қазақстан-Қырғызстан келісімін ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Тараптар Алматы қаласында тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық орган болып табылатын Орталық құратынын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Тұрарбек Асанов қосымша баяндамасында атап өтті. Орталық заңды тұлға мәртебесіне ие және осы келісімге, Орталық туралы ережеге және болу мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес Орталықтың артықшылықтар мен иммунитеттеріне залал келтірмей өз функцияларын орындайды.
Мәжіліс, сондай-ақ, 1928 жылғы 22 қарашадағы Халықаралық көрмелер туралы конвенцияны, оған 1948 жылғы 10 мамырдағы, 1966 жылғы 16 қарашадағы, 1972 жылғы 30 қарашадағы хаттамаларды және оған 1982 жылғы 24 маусымдағы және 1988 жылғы 31 мамырдағы түзетулерді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды. Заң жобасын қабылдаудың өзектілігі Қазақстан Республикасының аумағында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты мәселелерді заң жүзінде бекіту қажеттілігіне байланысты екендігін Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жалпы отырыста атап өтті. Заң жобасын қабылдаудың мақсаты Техникалық өтінім дерекнамасында, Халықаралық көрмелер туралы ережелерінде (Париж қ. 1928 жылғы 22 қараша) және (Ыстамбұл қ. 1990 жылғы 26 маусым) көрсетілген Қазақстан Республикасының өзіне жүктеген міндеттемелерді орындауы болып табылады.
Мәжіліс Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы келісімінің күшін жою туралы заң жобасын жұмысқа алды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасын әзірлеу қажеттігі бүгінгі күнде қосарланған мақсаттағы тауарлардың жаппай қырып-жою қаруларын, жай қару-жарақ жасау, сонымен қатар, тікелей террористік қызмет үшін пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан қауіп төндіруіне байланысты туындады. ЕурАзЭҚ кеңістігінде бақыланатын тауарлардың еркін қозғалуы Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттерін, оның ішінде жаппай қырып жоятын қаруды таратпау саласында халықаралық конвенциялар ережелерін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі санкцияларын және халықаралық экспорттық бақылау режімі талаптарын іске асыру бөлігінде бұзуға әкеліп соғатыны жайында түсініктеме берді.
Мәжіліс, сонымен қатар, жалпы отырысында әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне енгізілетін заңнамалық түзетулерді жұмысқа алды. Жаңадан енгізілетін түзетулерге палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева түсініктеме берді. Бұл жаңалықтар Мемлекет басшысының осы жылдың 14 ақпанындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жәрдемақылардың көлемін ұлғайту туралы және ел Президентінің Жолдауын орындау туралы тапсырмалары шеңберінде әзірленді. Сонымен бірге, палата «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңдарға түзетулерді жұмысқа алды. Енгізілетін жаңалықтарға орай Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова түсініктеме берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».