Экономика • 08 Қаңтар, 2022

Терроршылар әрекетінен экономикаға қанша залал келді?

224 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде, әсіресе Алматы қаласында болып жатқан жаппай тәртіпсіздік салдарынан мемлекетке және бизнеске аса ауқымды экономикалық шығын келді. Бұзақылардың басбұзарлық әрекетінен әлеуметтік маңызы бар нысандар, сауда орындары және бизнес субъектілері қатты зардап шекті. Алдын ала есептеу бойынша бүкіл ел аумағындағы шағын және орта бизнес нысандарына келген залал мөлшері 87 млрд теңгеге (200 млн доллар) бағаланады.

Терроршылар әрекетінен экономикаға қанша залал келді?

Алматыда ұйымдасқан қарақшы-терроршылар тобы қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасаған және полицияның қаруларын тартып алған. Олар полиция бөлімшелеріне, әкімшілік мекемелерге, телеарна кеңселеріне, сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтану орындарына шабуыл жасады. Мұның барлығы миллиардтап саналатын шығынға әкеліп соқты. Қалада әсіресе, Magnum, Small, «Технодом», Sulpak, Alser, «Эврика», «Спортмастер», «Интертоп», Mon Amie және Kimex сауда желілері қатты шығынға ұшырады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараты бойынша, Алматыда 519 бизнес нысаны мен 14 ірі ойын-сауық орталығы зардап шеккен. Жалпы, еліміздің 10 аймағында 1091 нысанда орналасқан 920 бизнес субъектісі зардап шеккен. 8 қаңтар таңғы 9:00-дегі жағдай бойынша келген шығын көлемі 88,1 млрд теңге болса, соның 86,8 миллиарды Алматыға тиесілі.

Соның ішінде қару-жарақ сатумен айналысатын 6 дүкен («Корган-центр» ЖШС, «Арма-56» ЖШС, «Анна-16» ЖШС, «Анна» ЖШС, «Оружейник» ЖШС, Pro-Hunt ЖШС) түгел тоналған.

«Түнгі уақытта бұзақылардың есік-терезіне бұзып, дүкенді тонап жатқанын әріптестерімнен естідім. Біз оқиға орнына жедел жетіп, болған жайды видеоға түсірдік. Тауарлардың барлығы дерлік ұрланды. Ал компаниямыз шаш етектен шығынға батты. Әзірге шығын көлемін нақты айту қиын. Өзіміз де есімізді енді жиып жатырмыз» дейді Людмила есімді дүкен қызметкері.

Көптеген кәсіпкерлер қираған нысандарына әлі толық жетіп үлгермегендіктен және толыққанды есептеу жүргізілмеуі себепті сома көлемі алдағы уақытта өсе түсері сөзсіз. Негізінен сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және қаржы секторындағы кәсіпкерлік нысандарына үлкен залал тиген. Ғимараттардың қасбеті, кіреберісі, қолжетімді үй-жайлар бүлінген. Қымбат жабдықтар, техника, интерьер заттары, тауарлық-материалдық қор және басқа да заттар ұрланған. Азаматтардан мүлікке келтірілген залал және аулалар мен тұрғын үй кешендерінде жарықтың жоқтығы туралы шағым келіп түсуде. Кәсіпорын басшылары болса жұмысшылардың жалақысын есептей алмай отыр, өйткені интернет жоқтықтан транзакциялар толық тоқтаған.

Экономика тақырыбында жазатын журналист, сарапшы Айбар Олжайдың айтуынша, Алматы мен өзге қалалардағы оқиғалар Ұлттық қорға салмақ түсіріп, экономиканың дамуын тежейді.

«Алматы 1-2 ай өзінің донор мәртебесінен айырылуы мүмкін. Бірақ оны қаладағы орта бизнестің қираған, тоналған мүліктерінің шығынын, онымен бірге ортақ коммуналды шаруашылықтың шығынын есептегеннен кейін ғана айтуға болады. Қазір шағын бизнес онсыз да салықтан босатылған. Алматы – үлкен қала, тиісінше шығыны да аз болмайды. Донор өңір қатары азайса (Маңғыстаудың ендігі донорлығына қатысты үлкен сұрақ бар) бүкіл Қазақстанды қайта қалпына келтіру мен халыққа арналған түрлі жаңа жеңілдіктердің шығыны Ұлттық қорға артылатыны сөзсіз. Оның активтері құнды қағазда болғандықтан кэш алу үшін жаңа үкіметтің халықаралық қаржы институттарынан қарыз алуынан басқа жол жоқ. Қазақстанның биржалық индекстері құлап жатыр. Несие рейтингінің де төмендеуі біз үшін қарыз ставкаларының қымбаттауына алып келеді», дейді сарапшы.

Бұл орайда «Атамекен» ҰКП бизнес-қауымдастықпен бірлесе отырып келтірілген шығын мөлшері туралы кәсіпкерлерден алдын ала ақпараттарды хабарлайды. Қазірге дейін call-орталыққа 2000-ға жуық қоңырау келіп түскен: мародерлық мәселелер бойынша – 937; форс-мажор мәселелері бойынша консультация үшін – 23; жеке тұлғалардың қоңырауы – 650. Әзірге нысандарға келген шығынды толықтай зерделеу мүмкін болмай тұр. Елде интернеттің болмауы да жұмысқа кедергі келтіруде.

Алматыда және Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында ірі супермаркеттер әлі жабық күйінде тұр. Тек үй жанындағы кішігірім дүкендер ғана жұмысын жалғастыруда. Азаматтар негізінен нан, ұн, макарон өнімдерін көптеп алып жатыр екен. Сонымен қатар қалалардағы жанар-жағармай бекеттері де ішінара жұмыс істеуде. Бекеттерде максимум 3 мың теңгеге бензин құюға мүмкіндік бар.

Елде Төтенше жағдайдың енгізілуіне және интернеттің жоқтығына байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 5-19 қаңтар аралығын техникалық ақау деп мойындау туралы хаттамаға қол қойды. Қажет болған жағдайда салық төлеуші шот-фактураны қағаз күйінде шығара алады. Ол үшін айыппұл санкциясы қолданылмайды. ТЖ мерзімі кезінде кәсіпкерлер фискалды чек орнына тауар чегін басып шығарып, тұтынушыға ұсынуға құқылы. Бұл ретте Ақорда экстремистер әрекетінен зардап шеккен шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне қолдау көрсететінін мәлімдеді. Бүкіл ел бойынша ШОБ-қа келген залал көлемі 90 млн долларға бағаланып отыр.

Сонымен қатар бірқатар екінші деңгейлі банктер, соның ішінде Halyk Bank, Kaspi, Forte Bank, Altyn Bank, «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank және «Нұрбанк» 5-19 қаңтар аралығында несиелербойынша төлем жасалмаған жағдайда айыппұл мен пеня есептелмейтінін хабарлады. 7 қаңтар таңертеңнен бастап Kaspi мобилді қосымшасы қайтадан жұмыс істей бастады. Өзге банктердің мобилді қосымшасы әлі қалыпты жұмыс режиміне оралған жоқ.

Бас прокуратураның хабарлауынша, тәртіп бұзушыларға 8 жылдан бастап өмір бойына дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Сонымен қатар олар азаматтықтан да айырылады. «Қазіргі кезде қылмыстық істерді фиксациялау және жинақтау жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты халықтан мобилді телефондарындағы орын алған тәртіп бұзушылықтардың видео жазбасын сақтауды сұраймыз» делінген хабарламада. Қазірдің өзінде терроризм актісі фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғау басталып кетті.

Өткен аптаның соңында теңге курсын анықтайтын Қазақстан қор биржасы (KASE) жұмыс істеген жоқ. Соңғы саудадағы жағдай бойынша бір доллар 431,5 теңгеге сатылды. Kaspi мобилді қосымшасында долларлық депозитті толтырған жағдайда теңге курсы 436, долларлық депозиттен шешіп алған жағдайда 433 теңге деп көрсетілген. Кросс-курс режимінде жұмыс істейтін халықаралық сервистер бір долларды 435,28 теңге деп бағалайды. KASE-тегі сауда-саттық бүгін ашылады. Ал Қазақстандағы тәртіпсіздіктер кезінде Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 82,5 долларға дейін қымбаттады.