Президент • 08 Қаңтар, 2022

Алматыдан елорда және Атырауға қосымша 3 пойыз қосылды

506 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Алматыдан Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларына қосымша үш пойыз қосты.

Алматыдан елорда және Атырауға қосымша 3 пойыз қосылды

«Халық тарапынан артып отырған сұранысқа байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ Алматыдан Нұр-Сұлтан мен Атырауға қосымша үш коммерциялық пойыз қосты.

«Алматы-2 – Нұр-Сұлтан-1» бағытындағы №205/206 алғашқы пойыз бүгін Алматы-2 станциясынан шықты және ертең, 9 қаңтарда сағат 13.40-та келеді. Бұл пойыз ертең, сағат 16.20-да кері бағытта қайта аттанады.

«Алматы-2 – Нұр-Сұлтан Нұрлы Жол» бағытындағы №207/208 екінші пойыз бүгін, сағат 21.35-те Алматы-2 станциясынан шығады. Келуі – келесі күні, сағат 12.12-де. Кері бағытта бұл пойыз Нұр-Сұлтаннан 9 қаңтар күні, сағат 21.20-да шығады», деп мәлім етті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қайсар Жұмабайұлы.

Оның ақпаратынша, «Алматы-2 – Атырау» бағытындағы үшінші пойыз (№211/212) Алматы-2 станциясынан бүгін, сағат 22.10-да шығып, 10 қаңтар күні Атырауға сағат 23.33-те келеді. Бұл пойыз Алматыға қайтадан 11 қаңтар күні, түнгі сағат үште шығады.

«Еске салып өтейін, барлық пойыздың қозғалысы қалпына келтірілді. Жолаушылар пойыздары өз кестелері бойынша қатынауда», деп қосты Қ.Жұмабайұлы.

Бұған дейін хабарланғандай, 7 қаңтар күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол билеттерін bilet.railways.kz сайтында және Kaspi.kz қосымшасында интернетсіз сатып алуға мүмкіндік жасаған болатын.