13 Наурыз, 2014

Теория практикамен ұштасса тиімді

422 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Жексенбек Әділов пен Абай атындағы ҚазҰПУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариеваның қатысуымен брифинг өтті. Онда Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауындағы ұлттық білім сапасын жақсарту, отандық ғылымның әлеуетін көтеру туралы айтқан ойлары әңгімеге арқау болды. Алдымен сөз алған ҚазҰТУ ректоры Ж.Әділов еліміздің ары қарай дамып, әлемнің өркениетті отыз елінің қатарына қосылуы қадамына Мемлекет басшысының Жолдауы темірқазық іспетті екенін атап көрсетті. Әсіресе, ғылым мен білімнің дамуы үшін айтылған тапсырмалар бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда, ғылымның әлеуетін көтеруде нақты ұстанымға айналуы тиіс екенін жеткізді. «Елбасының міндеттерін орындау барысында, яғни университетте оқу сапасын жоғарылату үшін жаңа бағдарламалар жасау­ды қолға алдық. Оның ішінде «Ғарыштық техника және технология» мамандығын, ядролық энергетикалық құрылғылар мен ядролық химиялық технология­ны жетілдіру, атомдық энергетика бойынша білім беру ба­ғ­дарламасын жасап шығу және оны енгізу міндеті тұр. Оқу орда­мыз Қазақстанда геологиялық кластер құру жұмысына, атап айтқанда, пайдалы қазбалар қорына болжам жасауға, болашағы бар кен орындарын анықтауға, «Кәсіби инженерлерді сертификаттаудың ұлттық жүйесі» атты жо­баны жасауға тікелей қатыспақ ниеттеміз» – деді ректор. Ол жақын жылдарда ғылым саласын біршама жақсы өзгерістер күтіп тұрғанын, оның ғылымға бөлінетін қаражаттың ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын құрауымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, болашақта университеттердің автономды басқару жүйесіне өтуі де бәсекелестікті арттырып, отандық ғылымның көкжиегін кеңейтуге себепші болатынын тілге тиек етті. «Елімізде бұл жаңа үдеріске 106 оқу орны даяр тұр. Бірақ, соның 5-6-уы ғана автономды басқарылуы мүмкін», – деп сөзін түйіндеді Жексенбек Әділов. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева Кеңес Одағында ғылымға ішкі жалпы өнімнің 4-5 пайызы көлемінде қаражат бөлінгенін, бұл сол тұста ғылымның жоғары деңгейге көтерілуіне себепші болғанын әңгімеледі. Қазір де дамыған елдерде ғылымға сол көлемде қаражат бөлетінін, өйткені, қоғамдағы бүкіл саланың алға басуы ғылым-біліммен тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол, сондай-ақ, осы күнге дейін қоғамымызда ғылым қаражатын нақты салаларға бөлу барысында фундаментальді ғылымдарға әрқашан ең төменгі пайыз тигенін баяндай отырып, алдағы уақытта осы мәселе оң шешімін тауып, ғылымның барлық саласына қаражат тең бөлінеді деп үміттенетінін алға тартты. «Кәсіби білігі жоғары маманды даярлап шығару қажеттілігі қай кезде де маңызды болған. Бұл тұрғыда қазіргі қоғамда да кемшіліктер жоқ емес. Ол кемшіліктер барлық мамандарды даярлау барысында кездеседі. Біздің теориядан практикаға көбірек көңіл бөлетін кезіміз келді», – деді ол. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».