13 Наурыз, 2014

Еңбекақы мөлшері өсуде

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен ақпан айында төл тең­геміздің АҚШ доллары­на шақ­қандағы бағамына жасал­ған түзетулер Елбасы атап көрсет­кен­дей макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Сонымен бірге, бұл қадам елімізге құйылатын инвестициялық қаражаттардың көлемі артуына, жұмыспен қамту ісіне қатысты мәселелердің оң ше­шімін табуына септігін тигіз­бек. Соның нәтижесінде респуб­лика азаматтарының әл-ауқатын көтеруге алғышарттар қаланбақ. Осы арада БАҚ-тарда дүркін-дүркін айтылып, жазылып, көр­се­тіліп қалып жүрген бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігінің бәсі де биіктей түседі. Қысқасы, қазір­гі таңда бизнес қауымдастығы өкіл­дерінің алдында тұрған әлеуметтік жауапкершілік өте жоғары. Мұны терең түйсіну отандық бизнес өкілдерінің мәртебесі мен абырой-беделін одан әрі асқақтатары анық. Бүгінгі күні бизнестік бағыт­ты ұстанған бірқатар батыс­қазақ­стандық ірі кәсіпорын бас­шы­лары осындай мерейлі мін­дет­тің үдесінен шығып отыр­ғаны ризашылық сезімін туғыз­бай қоймайды. Олар ұлттық валюта бағамына қатысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген міндеттер мен талаптарды терең түсіністікпен қабылдады. Кәсіп­орын жетекшілері тарапынан еңбекақыны үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап он пайызға өсіру жөнінде шешім алынуы осы пікіріміздің дәлелі. Атап айтқанда, Орал қала­сын­дағы мұндай мерейлі кәсіп­орындардың қатарында «Зенит» Орал зауыты АҚ-пен «Юнисерв», «Орал механикалық зауыты» және «Квант» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Соны­мен бірге Орал өңіріндегі «Оме­га» прибор құру зауыты АҚ және «КазТрубПром» мен «Жайық мұнай» ЖШС секілді іргелі кәсіпорындар да 2014 жыл­дың 1 сәуірінен бастап өз жұмыс­шы қызметкерлерінің жала­қысын өсіру жөнінде шешім қабыл­дағандарын мәлімдеді. Сөйтіп, биылғы жылдың алғашқы айларында аймақтағы бизнес саласында істеп жүрген үш мыңға жуық адамның айлығы өсірілмек. Осы орайда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев газет тілшісіне өз ой-пікірін былайша жеткізді. – Мұның бәрі бүгінгі күн­нің қажеттілігі. Әрине, алдағы уа­қытта әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен коммуналдық төлем­дердің бағасы ретсіз әрі жөнсіз көтерілмеуі үшін біз барлық тұт­қа­­ларды қолданатын боламыз. Алайда, бүкіл істің шешімін тек осымен шектей салуға болмайды. Бұл мәселенің тек бір қыры ғана. Оның екінші жағы бұдан да гөрі маңызды деп санаймын. Оны тек бизнес-қауымдастығы өкілдері ғана оң шеше алады. Бұл еңбек өнімділігін көтеру үшін адамдарды материалдық жағынан ынталандыру деген сөз. Белсенді азаматтық және басшылық ұстаным­ның қа­жет жері де осы. Ел-жұрт алдын­дағы әлеуметтік жауап­керші­лік­ті тек осындай тәсіл­дер­мен көтеру­ге болады. Иә, қазір тұ­тастай облыс бойынша алған­да тұ­рақты экономикалық өсім мен ди­намикалық даму қарқы­ны бай­қалып отыр. Осы фактор кәсіп­орын қызметкерлерінің ең­бек­ақы­ларын өсіруге негіз бола алады. Өңір­де өзге де бизнес-құры­лым­дар өз ұжымдарының табы­сын арттыруға мүдделі деп сенемін. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.