«Мен Шымкент қаласы, Абай ауданы, Пролетар көшесіндегі №26-үйде тұрамын. Көрші №24 үйге әлдебір шағын кәсіпкерлік нысаны орын тепкен. Жақында олар біздің үйдің жер учаскесіне жақындатып үлкен трансформатор аппаратын қойды. Біздің үй мен трансформатордың арасы небәрі 2-ақ метр. Шағын кәсіпкерлігіне қоятын ешқандай кінәміз жоқ. Бірақ, осы трансформатордың орналасуы, құжаттары қаншалықты заңды? Денсаулыққа зиян емес пе?». Өткен жылдың соңына таман Шымкент қаласының тұрғыны Пакизат Сыздықова редакцияға осылай деп хат жазып, араша сұраған болатын.
Бір қарағанда, әрине, күнделікті тіршілікте сан мәрте кездесетін ұсақ-түйек шаруа сияқты көрінетіні рас. Шағын кәсіпкерлік иесі біреудің емес, өз жер учаскесіне ток беретін жәшікті орнатып отыр. Жекеменшік аумағына қандай зат қойса да өз шаруасы емес пе?! Алғашында біз осылай ойлағанбыз. Бірақ, хатта көрсетілген мекенжайға барып, орнатылған трансформаторды өз көзімізбен көргеннен кейін жағдайдың мүлдем басқаша екенін бағамдадық. Адам бойынан биік бұл үлкен темір жәшік шынында көрші үйге тіптен тақалып тұр. СЭС мамандары түгілі қарапайым адамның өзі бұл жәшіктен денсаулыққа өте зиянды энергия тарайтынын бірден мойындаса керек. Әрі бұл трансформатордан жазатайым өрт шыға қалса, тура түбінде тұрған үйді тілсіз жаудан сақтап қалу тіптен мүмкін емес.
Әр нәрсенің өз тәртібі, өз ережесі болады ғой, біз бұл мәселені арнайы мамандар зерттеп, нәтижесін шығарсын деген оймен Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевқа хат жаздық. Шынында трансформатордың үй түбіне орналасуы қаншалықты заңды, құжаттары дұрыс па, денсаулыққа зиян емес пе, қаншалықты қауіпсіз? Обалы не керек, көп өтпей-ақ Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш хабарласып, хатты алғанын, бұл мәселені түбегейлі зерттеп, егер шынында зиянды болса темір жәшіктің орнын ауыстыруға ықпал ететінін айтып, ағынан жарылды. Әрине, әкімдік бұл мәселені жақсылап зерттеген болуы керек, артынша Абай ауданы әкімінің орынбасары Н.Тілештен «Сіздің Абай ауданы әкімдігі аппаратына Пролетар көшесі, №26-үй тұрғыны П.Сыздықованың трансформатор орнын ауыстыру жөніндегі арызы бойынша жазған хатыңыз «Оңтүстік Жарық Транзит» АҚ бас директоры М.Ибрагимовтің атына жолданды. Шешімі жөніндегі жауапты қосымша хабарлайтынымызды ескертеміз» деген жауап хат келді. Хаттың соңына аудан әкімдігінің «Оңтүстік Жарық Транзит» АҚ бас директоры М. Ибрагимовқа жазған өтінішінің көшірмесі қоса тіркеліпті. Онда әкімдік бас директордан трансформаторды 10 метрге ауыстырып беруін өтінген. Яғни бұл хат темір жәшіктің шынында денсаулыққа зиян, тұрған орны дұрыс емес екенін айғақтап тұр. Әйтпесе, әкімдік бүйтіп хат жазар ма еді?
Бірақ, Абай ауданы әкімдігі осыдан кейін «Біздің ісіміз осымен бітті» дегендей тіптен үнсіз қалды. Іздеп барсаң таппайсың. Ал, әкімнің хатшы қызы өмірі бастығын телефон байланысына қоспайды. Ал орынбасары Н. Тілеш ұялы телефонын мүлдем көтермейді. Әкім қадағаламаған соң «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры М. Ибрагимов осы күнге дейін трансформаторды ауыстыруды кейінге қалдырып, бұлталаққа салып келеді. Біресе, «жақын күндерде ауыстырамыз» десе, біресе «ауыстыратын орын жоқ» деген сылтау айтады.
Ахмет Татыбаев «таптырмай» кеткен соң бұл мәселе бойынша «Егемен Қазақстан» газеті Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға хат жазды. «Әндіжанда бір апам бар, бұдан өткен сорақы» демекші, Дархан Сатыбалды басқаратын аппараттың тірлігі Абай ауданы әкімдігінен де сорақы болып шықты. Басқа-басқа, келген хат-хабарға жауап беруде әкімдіктер өте ұқыпты, асқан жауапкершілікпен қарайды деп ойлаушы едік, осы ойымызды Шымкент қаласының әкімдігі тас-талқан қылды. Өткен жылдың желтоқсан айында Астанадан Шымкентке жіберілген хатқа әлі күнге ләм-мим деген жауап жоқ. Қала әкімі Дархан Сатыбалды бұл мәселені ұсақ-түйек деп есептеп, жауап беруді артық көрсе керек. Тіпті, «Келген хатқа пәлен уақытта жауап беру керек, тұрғындардан келген ешқандай хат қараусыз қалмасын» деген заң тармақтары да адыра қалды.
Біз Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевты таппай жүрген кезімізде бірнәрсені түсінгендей болғанбыз. Шынын айтқанда, әкімдік бұл мәселеден басын алып қашып жүр. Неге дейсіз ғой? Біздіңше темір жәшіктің артында темірдей керіліп біреулер тұр. Осылайша шенеуніктер ұсақ-түйек деген шаруаның «шаңын» шығармай отыр. «Өзің қаңбақсың, кімге тұлға болмақсың?» демекші, бір трансформаторды ауыстыруға (о баста «ауыстыру керек» деген де өзі ғой) шамасы келмей, қалбалақтап қалған әкім шынында халықтың алдында қалай тұлға болмақ? Ал Дархан Сатыбалдының үнсіз қалуында не сыр жатыр? Әлде Астанадан ат арылтып келгеніне көп бола қоймаған шаһар басшысы Шымкенттің дөйлерімен «сіз-біз» деген сыйластығына сын түсіргісі келмей жүр ме? Қалай айтсақ та, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегенді ұмытпауы керек қой...
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.