13 Наурыз, 2014

Шарайна

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық барлау қызметіне айып тағылды

Дайен ФайнстайнАҚШ сенатының барлау жөніндегі комитетінің басшысы Дайен Файнстайн Орталық барлау қызметіне конгресс қызметшілері пайдаланатын компьютерлерге бұзып кірді деген айып тағып отыр. Сенатор Файнстайн журналистерге мұндай әрекеттің заң шығарушы биліктің барлау қыз­меттерін қадағалауына негізделген конституциялық қағидаттарға нұқ­сан келтіретінін мәлімдеген. Орталық барлау қызметінің ішкі тергеулер бөліміне АҚШ конгресі компьютерлеріне бұзып кіру оқи­ғасын тексеру тапсырылды. Мен бұл іске үлкен маңыз бере қараймын, бұл тұрғыда Орталық барлау қызметінің федералдық заңдарды бұрмалаған болуы әбден мүмкін, деп атап көрсеткен Файнстайн. Дегенмен, Орталық барлау қызметінің директоры Джон Бреннан сенат тарапынан тағылған айыпты жоққа шығарып отыр.

Гамбия ағылшын тілінен бас тарта ма? 

Құрлықтық  Африкадағы ең шағын мемлекет болып табылатын Гамбия президенті Яйч Джамме өзінің ағылшын тілін ресми тіл ретінде пайдаланудан бас тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы батыстық ақпарат құралдары хабарлап отыр. Біз өзіміздің туған тілімізде сөйлеспекпіз, деп мәлімдеген ол елдің астанасы Банжулде жаңа әділет министрінен ант қабылдау рәсімі кезінде. Дегенмен, ол қай тайпа тілінің ағылшын тілін алмастыратынын нақты атап көрсетпеген. Сонымен бірге, бұрынғы метрополияға бітімсіз көзқарас ұстанатын 48 жастағы ел президентінің өз сөзін ағылшын тілінде айтқаны да белгілі болып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымын кінәлауда

Шарайна-2Гаитиде тырысқақ ауруынан зардап шеккен бірнеше жүздеген адам Нью-Йорк сотына БҰҰ үстінен ұжымдық талап арыз түсірген. Онда БҰҰ-ға ауру таратты деген айып тағылып отыр.

Талап арыз 1,5 мың гаитиліктер атынан берілген. Олар бүкіләлемдік ұйымнан 2010 жылы тырысқақ ауруының пайда болуына байланысты жауапкершілікті мойындауды және зардап шеккендерге өтемақы төлеп, тиісті санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуді талап етуде. Айта кету керек, 2010 жылдың қазанынан бері Гаитиде аталған аурудан 8 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ал осы науқасқа ұшырағандардың жалпы саны 650 мыңнан асып отыр. Жергілікті тұрғындар мен эпидемиологтардың пікірінше, БҰҰ-дағы непалдық бітімгершілер лагерінен Артибонит өзеніне құйылған сулар қауіпті аурудың тарауына себепкер болған.

Жол апатына вице-премьер кінәлі

Чехияның вице-премьері Павел Белобрадек мопед жүргізушісін соғып кеткен. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлаған көрінеді. Оқиға ел астанасы Прагада дүйсенбі күні кешкілік орын алған. Полицияның мәліметі бойынша, автомобиль рөлінде келе жатқан Белобрадек көше қиылысында басты жолмен келе жатқан мопедке жол бермеген көрінеді. Соның салдарынан екі доңғалақты көлік жүргізушісі жеңіл жарақат алған. Құқық қорғау органдары абайсыздан денеге жарақат салу дерегі бойынша іс қозғаған. Ал Белобрадек болса, өзінің мопед жүргізушісін байқамай қалғанын, дегенмен, апаттан кейін бірден «жедел жәрдем» шақырғанын айтып ақталған.

Үкімет басшысы қызметінен кетті

Шарайна-3Ливия парламентінің депутаттары өткен сәрсенбі күні премьер-министр Али Зейданға сенімсіздік білдірген. Оқиғаның бұлайша өрбуіне солтүстіккореялық «Морнинг Глори» танкерінің жергілікті әскери әуе күштері кемелерінің жолды жапқанына қарамастан Ливияның Эс-Сидр портынан кетіп қалуы түрткі болған. Елдің қорғаныс министрі Абдалла әл-Тани, премьер-министр міндетін уақытша атқаратын болады. Ал тұрақты премьер-министрді Ливия парламенті таяудағы екі аптаның ішінде сайлауы тиіс. Айта кету керек, Али Зейдан Муаммар Каддафи режімі құлатылып, алғашқы парламенттік сайлау өткен 2012 жылы Ливия үкіметін басқаруға келген болатын. Премьер-министр лауазымында жүргенде Зейдан талай рет сынға да ілікті. Әсіресе, оның саясатын тым бейтарап деп санаған исламистер ел үкіметі басшысын жиі-жиі сын тезіне алатын.

26 жылдан соң ақталды

Луизиана соты 26 жыл бойы өлім жазасына кесілген үкімді күтіп отырған 64 жастағы Гленн Фордты ақтап алды. Ол шешім шыққаннан ке­йін бірнеше сағаттан соң-ақ бос­тандыққа шыққан. Фордтқа оның адвокаттары адам өлімі болған кезде оның қылмыс орын алған жерде болмағанын дәлелдегеннен кейін ғана ақталудың сәті түскен. Фордтқа 1980 жылғы қылмыстық іс бойынша зергер және сағат шебері Изидора Розманды өлтірді деген айып тағылған болатын. Өйткені, Фордт Розманмен таныс болып, кейде оған үй шаруасында көмектесіп те тұрған. Сонымен бірге, ол өзінің зергердің өліміне еш қатысы жоқ екенін де айтумен болған екен. Осылайша Фордтқа өзіне қатысты шығарылған үкімнің орындалуын 26 жыл бойы күтуге тура келген. Интернет материалдары негізінде әзірленді.