Қазақстан • 11 Қаңтар, 2022

Қазақ ұлысына үндеу

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бастамасымен елімізде орын алған жағдайға байланысты әдебиет және өнер қайраткерлерінің Қазақ еліне үндеуі.

Қазақ ұлысына үндеу

Қадірлі бауырлар!

Біз – әдебиет және өнер қай­рат­керлері, елдегі жағдайға үлкен алаңдау­шылық білдіріп, келесіні мәлімдейміз.

Елімізде қалыптасып отырған қоғамдық-саяси жағдай өте күрделі.

Іштен шыққан жау мен сырттан соққан жаудың қитұрқы әрекеттерінің нәтижесінде ел іші бүлініп, қалалары­мыз қирап, стратегиялық нысандарымыз отқа оранып, бейбіт тұрғын­дарымыз зардап шегіп жатыр.

Ірі сауда орталықтары тоналып, банктер мен қоғамдық орындар талқан­далып, жарамсыз болып қалды.

Сұлу Алматымыз әлі күнге дейін қара түтінге тұншығып тұр. Тұрғын­дарымыздың көзінде үрей, жүрегінде алаң орнап алды.

Сырттан мұздай қаруланған экстре­мис­тік топтар ел ішін ала тайдай бүл­діріп, тыныш өмірімізге ойран салды.

Мұндай сұмдық оқиғаларды Қазақстан бұрын-соңды көрген емес.

Өздерінің пасық мүдделері үшін халық пен қалаларды құрбандыққа шала салуға да бара салатын зымиян адамдардың мұндай өрескел әрекет­терін зиялы, көзі ашық азаматтар көріп отыр және қатаң айыптауда.

Сондықтан осындай алағай да бұлағай шақта, еліміз үшін тарихи сын сағатта біз заңды түрде сайланған, барлық құзы­рет­ті қолына алған Президенті­міз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қасына топтасып, бірлесе қимылдап, елдегі жағдай­ды тұрақтандыруға тиіспіз.

Және күллі Алаш жұртын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір болуға шақырамыз!

Қолымыздағы ең қасиет­ті, ең кие­лі деп саналатын ар­дақ­ты Тәуел­сіз­ді­гі­мізді сақтап қалайық!

Ел аман болсын!

Құрметпен

Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Сейіт Қасқабасов, Нұрғали Нүсіпжанов, Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Темірхан Медетбек, Жабал Ерғалиев, Молдахмет Қаназов, Алтынбек Қоразбаев, Досхан Жолжақсынов, Ұлықбек Есдәулет, Талғат Теменов, Секен Тұрысбеков, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Роза Рымбаева, Мереке Құлкенов, Құлбек Ергөбек, Кенжехан Матыжанов, Анар Фазылжан, Бауыржан Жақып, Дүкен Мәсімхан, Бекжан Тұрыс, Маралтай Райымбекұлы, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Бақыт Беделхан, Мейрамбек Бесбаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Ерғали Әбдірайым, Ақберен Елгезек, Серік Ақсұңқарұлы, Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Бабажанұлы, Елена Әбдіхалықова, Мәди Айымбетов, Толымбек Әбдірайым, Елмұра Жаңабергенова, Асхат Маемиров