12 Мамыр, 2010

АЛЫС АУЫЛ АЖАРЛЫ

806 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Облыстың оңтүстік бүйірінде жатқан Ойыл ауданы мал шаруашылықты өңір. Күні кешегі көлем қуушылықтың құры­ғын ұстаған кеңестік кезеңде мұнда да егіншілікпен айналысып көрген. Егін­шілікке жарамсыз жерлердің өзін ауыл-ауылдың іргесіне дейін жыртып, егіс сал­ға­нымен тұқым мен жанармай шығынын өтемейтін тірлікті нарықтық қатынастар та­лабы ығыстырып шығарған-ды. Ойыл­дықтардың ендігі тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке қарап қалғаны да рас. Онда да терісі мен жүні кәдеге аспайды, еті мен сү­ті болмаса. Өндірісі жоқ, өнеркәсіпті ша­­һарлардан шалғайда жатқан Ойыл өңі­рінің тұрғындары қиыншылықтың небір әуселесін де көрді. Дегенмен қа­зіргі облыс әкі­мі Елеусін Сағынды­қов­тың баста­масымен Ойыл мен Қобда ара­сындағы 140 шақырымға қатты жа­мылғы төсеп, ау­дан орталығында осы заманғы меди­ци­налық қондырғылармен жабдық­талған ау­рухана салып бергеннен кейін-ақ ауыл­дық­тардың үдере көшуі тоқтап, адамдар­дың ертеңгі күнге сенімі нығая түскен-ді. Мұндай игілікті үрдіс аудан­дағы жеті се­лолық округте жалға­сын тауып, тұрмысқа береке кіре бас­таған болатын. Ақтөбеден арнайы ат басын бұр­ған Сарбие селолық ок­ругінде осын­дай игі істердің ізі ашыл­ғанын естіп жүр­генбіз. Облыстан – 300, аудан ор­та­лы­ғынан 60 шақырым қашықта орна­лас­қан бұл ауылға еш қиындықсыз жеттік те. Сарбие селолық округінің әкімі Рыс­бай Есмұханов кеңсесінде күтіп отыр екен. Оның осы ауылдың тума­сы екенін бұрыннан білетінбіз. Алматы малдәрігер­лік институтында студенттер қалашы­ғының директоры болып қатар­лас­тары арасынан іскерлігімен танылға­нынан да хабардар болатынбыз. Кісілі­гінің кемдігі жоқ кеңқолтық жігіт ағасы аман­дық-саулықтан кейін бұйым­тайы­мызды айт­тырмай ұғып, округтің тыныс-тірші­лігімен таныстыра бастады. Бұған дейін шаруашылықтарда мал маманы болып істеген оның ауыл шаруасының қыр-сырын жетік білетіні аңғарылады. Осы округтегі екі ауылдың тұрғын­дарының еңбектеген жасы, еңкейген кәрісіне дейін жатқызып, өргізеді. Туған ауылы, оның үстіне әкімдік қызметтің де ауылдық­тармен қоян-қолтық қатынаста болуды міндеттейтіні және бар. – Округ орталығы Сарбие ауылында – 233, Қаракөл елді мекенінде 24 түтін бар. Осы елді мекендердегі 1668 адамның 702 -сі еңбекке жарамды, Сапақкөл мектеп балабақшасы, Қаракөл негізгі мектебінде 323 оқушы білім алуда, отыз­ға жуық бүлдіршін балабақшаға барады. Мектеп жасына дейінгі бала­бақша үш мезгіл тамақпен толық қам­тылған. Был­тыр 6,5 млн.теңге бөлініп, орта мектептің жылу жүйесі жаңартылды, биыл 32 млн.теңге бөлініп, мектепке күрделі жөн­деу жұмыстары басталмақ­шы, – деп бастады әңгімесін ол. Ауылда бірқатар әлеуметтік мәсе­ле­лер оң шешімін тауыпты. Ауыл тұрғын­дары төрт канал бойынша теледидар көреді екен. Биыл телефон стансасы сандық жүйеге көшіріліп, 72 абонентке қызмет көр­сетуде. Мұнда ұялы телефон байла­ны­сы жүргізіліп, ауылдықтар алыс-жақын­дағы ағайын-туыспен айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып тұрған кө­рінеді. Округ бойынша бюджет саласында 129 адам қызмет етеді екен. Ауылда төрт дүкен, осыншама жеке кә­сіпкер жұмыс істейді. Округтегі 35 шаруа қожалығы мен бір өндірістік коопера­тивте 179 адам еңбек етеді. Осы агро­құрылымдар былтыр 12000 тонна шөп дайындап, 480 гектар жерге егін өсіріпті. Оның 390 гектары мақсары дақылы. “Жақып”, “Рақым” шаруа қожалықтары биылғы егіске жер жыртып, тұқым дайындап қойыпты. Жер дегдісімен бұл шаруаға кірісіп кетпекші. Қазір округ бойынша 3620 ірі қара бар. Жыл сайын малдың саны көбейіп, өнді­рілетін өнім көлемі де молая түсіпті, 457 цн. ет өнді­ріліпті. Мал тұқымын асыл­дан­дыру мақ­сатында “Атамекен” өндірістік коопе­ративі тауарлы несиеге еділбай тұқымды 615 қой алып өсірсе, “Рахым”, “Жақып”, және “НҰР” шаруа қожа­лық­тары асыл тұқымды бұқа сатып алыпты. Өткен жылы еңбек биржасына 15 адам тіркеліп, 9 адам кәсіптік қайта даярлаудан өткен. Жаңадан 18 жұмыс орны ашы­лыпты. “Жол картасы” бағ­дарламасы бойынша үш шаруа қожалығы 11 адамды жұмысқа тартыпты, екі адам жастар тәжірибесі бойынша еңбек етіпті. – Көшелердің санитарлық тазалы­ғына, көгалдандыруға, жарықтандыруға айрықша көңіл бөліп отырмыз. Өткен жы­лы 5000 тонна қоқыс шығарылып, ау­ыл­ды көшпелі құмнан сақтау үшін Ойыл орман шаруашылығы мекемесінің кү­ші­мен 100 гектар жерге ағаш көшеттері егіл­ді. Биыл шықпай қалған көшеттерді жа­ңадан отырғызу көзделуде. Бізді ойлан­дыратын проблемалардың бірі ауыз су еді, қазір су құбырын қалпына келтіру жұмыс­тары аяқтала келеді. Мал өсірген соң оның жеткілікті жемшөбі болуы керек. Біздің өңірде көлтабандар көп. Бірақ, Тауасар бөгеті бұзылып, соңғы жылдары оларға су шықпай жүр еді. Биыл 1,5 мың гектар алқапқа су жіберу мүмкіндігі бар осы бөгеттің жобалау-сметалық құжаттары жасалды. Бұйыртса, қыркүйек айына дейін күрделі жөндеуді аяқтаймыз, – деді Рысбай Есмұханов сөзін түйіндей келе. Соңғы жылдарда ау­ылда қолға алынған игі істердің біра­­­зы­нан хабардар еткен округ басшысы “мақтанып тұр деп ой­ларсыз, солардың бір-екеуін өз көзі­ңізбен көріңіз” деп әкімшілік кеңсесі мен еңселі құрылыс ортасында орналасқан ақ шаңқан үйге қарай бастады. Жаңадан салынып жатқан құрылыс 50 орындық балабақша ғи­ма­раты,оған бюджеттен 140 млн. теңге бө­лінді, биыл бітеді. Ал біз келе жатқан от­ба­сылық амбулатория былтыр пайдала­нуға берілген отбасылық амбу­латория деп түсіндірді. Отбасылық дәрігерлік амбулатория үйі мақтауға тұрарлық-ақ екен. Іші мұнтаздай таза, қажетті қондырғылармен жабдық­тал­ған. Күндізгі стационар бөл­месіне то­ңа­зытқышқа дейін қойы­лыпты. Селолық дәрігерлік амбулатория аға дәрігері Аман­ғос Қисықов бұған дейін ауданда қызмет істеген тәжірибелі дә­рігер. Зейнеткерлікте жүрген ол өзінің ал­дындағы адам басқа жаққа қоныс ау­дар­ғаннан кейін бос қалған орынға ау­дандық аурухананың бас дәрігері Жолдас Қамбаровтың өтінішімен келген екен. Оған қуанбаса, өкінбейді. – Біздің ұжым ұйымшыл, мұнда жұмыс істейтін медбикелер өз кәсібін же­тік меңгергендер. Үш медбике, бір фельд­­шер жұмыс істейді, жедел жәрдем мә­шинесі бар. Фельдшер Гүлсара Му­сина­ның еңбек өтілі 28 жылдан асты. Ол жас­тардың жақсы тәлімгері. Солардың кү­ші­мен адамдарды екінші қайтара медици­налық тексеруден өткізіп жатыр­мыз. Аяғы ауыр әйелдердің денсаулығын ұдайы қадағалап тұрамыз, айы-күні жақын­дағанда аудандық ауруханаға жатқызамыз. Соның арқасында соңғы жылдары ана мен бала өлімі болған жоқ. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда дүниеге келген сәбилер саны үшеуге арт­ты. Бұл тұр­мыстың жақсарғанының, ме­дициналық қызмет сапасының артқа­нының нәтижесі. Тұрғындар жұқпалы ауруларға, туля­ре­мияға, гепатитке қарсы, т.б. түрлі ауру­лар­ға қарсы уақытында егілді, – дейді Аманғос Қисықов. Оның айтуынша, Қаракөлдегі меди­циналық пункт маман жоқтықтан жа­бы­луға жақын қалған екен. Осы ауылға медбике Айсәнім Жумина келін болып түскен соң медпунктті ұстап қалудың сә­ті түсіпті. Клубтың екі бөлмесіне ор­на­лас­қан медпункттің жұмысын шыр ай­нал­дырған жас маманның аяқ алысы тәуір көрінеді. Осындағы денсаулық сақ­тау жұмысын қазірдің өзінде жолға қой­ып үлгеріпті. Отбасылық дәрігерлік амбулатория қызметкерлері ауылдың тазалығы, аурудың алдын алу, жеке бас гигиенасы мәселелері жайында лекция­лар оқып, санитарлық бюллетеньдер шы­ғарып тұрады екен. Жыл өткен сайын ауруға шалдығушылардың азайып, ау­ыл­дың тазалығы артып келе жатуы осындай жұмыстардың арқасы екені сөзсіз. Биыл бұл өңірде қар түсіп жарымады. Содан да болар күн жылып, тоң түсіп ке­тіпті. Боқтыарал қыстағында отырған “Жақып” шаруа қожалығының малшы­ларының қыстан қысылмай шыққанын мұрты бұзылмаған істерден-ақ аңғаруға болады. Мұнда 187 ірі қара қыстаты­лыпты, сиырлардың алды бұзаулай бастапты. Шаруа қожалығының жетек­шісі Жұмабай Жақыповпен әңгімеміз атакәсіптің жай-күйіне ауыса берді. Кезінде марқұм әкесі Жарылқасынның қызмет бабымен көшіп келген екен. Ол кісі осында шаруа­шы­лықтың бас ин­женері болыпты. Кейін кеңшар тарағанда өндірістік кооперативте механизатор болып еңбек еткен Жұмабай бұл құры­лымның да күні өткенде “Жақып” шаруа қожалығын құрып, бөлініп шығыпты. Бастапқыда бір ғана ескі “МТЗ” трак­торы еншісіне тиген жас жігіт ісінің ұты­рын таба білді. Ілдебайлап жөндеп алған комбайн да кәдеге асты. Шөп шап­­ты, егін салды. Ауысқан пішен, ас­тық­­­ты малға ауыстырды. Ауылда қайнап өскен еңбекқор жас жігіт жатпай-тұрмай тырбанып жұмыс істеді. Шаруасы жүріп, бір мал екеу бола бастады. Қолым бай­лыққа жетті деп астына қымбат мә­шине мініп, қымбат дүние жинаудан бой­ын аулақ салды, бастаған ісін бір би­ікке көтеруге ұмтылды. Ілкімділік пен ізденіс өз нәтижесін берді де. Қазір “Жақып” шаруа қожалығында екі “МТЗ”, бір “ДТ-75” тракторы, екі “КТП-4” шөпшапқыш агрегаты, бір шөптайлағыш, сегіз тірке­месі, комбайны бар. Осының бәрін тірнектеп жинап, кәдесіне жаратуының өзі жігіттің қолының ісмерлігін көрсетсе керек. Шөп шауып, тай-тай пішенді көршілес Миялыға апарып өткізді, ауылдағыларға малға айырбастады. Қазір шаруа қожалығында екі жүзге жуық ірі қара, 900 қой өсірілуде. Осы малдың бағым-күтіміне сегіз адам қарайды. Олардың әрқайсысына 20 мың теңге айлық беріп, жемшөптен қыстық отын­нан қарасып тұрған да өзі. Ауылдағы аз қамтылған отбасыларына да арзаннан жемшөп, отын беруден қашпайды. Әкім­дік өткізген шараларға да демеу­шілік жасап жүр. Өзгелер біздің өңірде бұрын-соңды өсірілмеген дақыл деп ат-тонын ала қашқанда мақсары егіп, тым-тәуір өнім алды. Оны аудан шаруашылық құры­лымдарына тұқымға өткізгені де пайда әкелді. Енді осы мақсарыны сығып, шемешкі майын өндірмекші. Ол үшін Шымкент асып, май сығатын қондырғы әкеліп қойды. Оны қондырып, іске қосу ғана қалып тұр. Оған бүгін-ертең кіріс­пекші, мақсарының майын алғаннан кейінгі қалдығын семіртілетін малға жем ретінде пайдалануды көздеуде. Жұмабай Жарылғасынұлы тек мал санын көбейтуді ғана місе тұтқысы жоқ. Асыл тұқымды ірі қара мен қой өсіруге бағыт ұстауда. Өткен жылы Батыс Қа­зақ­стан облысындағы “Бірлік” асыл тұ­қым­ды қой шаруашылығынан он жеті қошқар әкеліп, күйекке жіберген. Енді тағы да жиырма – отыз асыл тұқымды қошқар әкелуге бел буып отыр. Ірі қа­раның тұқы­мын асылдандыру үшін осы облыстың “Аңқаты” шаруашы­лығынан 300 мың теңгеге екі асыл тұқымды бұқа сатып әкел­ді, биыл тағы да екеуін та­бынға қоспақшы. Жалпы талғамы биік та­лапты жастың ­ғылым мен технология­ның озық үлгілерін кәдеге жаратауға деген ұмтылысы нарық­тың әліппесін игер­гендігінен болса керек. Пайдаланылмай тұрған ескі ғимараттар­дың материалдары қолына тисе мал семірту алаңын салуды қолға алмақшы. Ет бағытындағы асыл тұқымды мал өсіріп, сапалы ет өндірумен айналысуға белін буған шаруа қожалығының жетек­шісі бұл бағыттағы біраз жұмыстарды тындыр­ғаны көрініп-ақ тұр. Асыл тұ­қымды мал шаруашылығы атану үшін қойылатын малдәрігерлік талаптардың біразын тап-тұйнақтай орындап та қойыпты. – Осы Боқтыбай қыстағынан тағы бір тұрғын үй салуды ойластырып жүрмін. Бұл жер малға шүйгін, шаруаға жайлы, ауылға жақын. Жалпы, еліміздің бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге талаптануы, Кеден одағына кіруі мал өнімдерін еуропалық стандартқа сай өндіруге міндеттейді. Ал, оған таңертең айдап салып, кешке қамаумен жете алмаймыз. Сондықтан асыл тұқымды мал өсіріп, сапалы өнім өндірудің жолын таңдауымыз ғана ұтымды болмақ. Менің қазіргі ниетім де осы талап үдесінен шығудың қамы, – дейді “Жақып” шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай Жақыпов. Алыстағы ауылдың ажарлы тұр­мы­сын, алаңсыз көріп, көңіліміз марқайып қалды. Сарбиенің үш облыстың қол­тығында шалғайда жатқанын меңзеп жол қаты­насы болмаса деп ишара жаса­ға­нымызда округ әкімі Рысбай Есмұханов “Бұдан да жаманда тойға барғанбыз” дегендей әзірге жол қатынасы онша қиындық тудырып тұрған жоқ. Мәскеу де бірден салынған емес. Қазір ауылға қаржылай қарасу жақсарды. Эконо­ми­камыз қуаттанып келеді. Ауданмен екі ортадағы жол бұдан гөрі де жақсаратын кез келер, деп ертеңгі күнге деген сені­мін білдірді. Артта малын төлдетіп, егіс салудың қам-қаракетіне кіріскен ауыл қалып бара жатты. Олардың бұрынғыдай өкімет өлтірмейді дегенді малданатын ауылдықтар емес, өгіз қара күшім бар деп тырбанып, еңбек етіп жатқаны қуантты бізді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.