Кеше елімізде төрт жылдан бері күрес десе делебесі қозатын жанкүйерлердің қызыға тамашалайтын жарысына айналған Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі басталды.
Осы оқиғаға байланысты кеше турнирді ұйымдастырушылар кездесу өткізіп, биылғы жарыстың ерекшеліктері туралы айтып берді. Онда алдымен Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев төрт жылдан бері дәстүрге айналған турнирге жылдағыдай салмағы 80 килодан асатын, жасы 18-ге толған әрбір балуанның қатысуға мүмкіндігі бар екенін айтты. Содан кейін ол елімізде қазақ күресімен айналысатын адамдардың көбейіп жатқанын, қазір Қазақстан бойынша 35 000-нан астам балалар мен ересектер төл күресімізбен айналысса, 500-ден астам жаттықтырушы солармен жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Осыдан кейін ол биылғы «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу жарыстарына тоқталды.
«Жарыстың бірінші кезеңі 31 наурызға дейін ауылдарда өтсе, екінші кезеңі аудандық және қалалық деңгейде сәуір айында өтеді. Осы екі кезеңнен өткендер 1-20 мамыр күндері болатын облыстық жарыс түріндегі үшінші кезеңге қатысады. Турнирдің финалы 29 маусымда Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді», – деді ол.
Жалпы, Т.Есентаевтың айтуынша, қазір балуандардың жарысқа дайындығы жақсы. Бүгінде елімізде қазақ күресінің балуандары басқа да күрес түрлерінен өтетін сындарға қатысып, шеберліктерін арттырып келеді. Осының өзі балуандардың шыңдалуына септігін тигізіп отыр. Енді осы үш кезеңнен іріктелген спортшылар 25-30 мамыр күндері Алматыда 5 күндік оқу-жаттығу жиынына қатысады. Осы жиында финалға қатысатын балуандар үшін тереңдетілген медициналық тексеру, допинг-сынама, фото-бейне түсірілімдер өткізіледі.
Кездесуде агенттік төрағасы «Қазақстан барысы» турниріне өзгерістер енгізілгенін айтты. Ол биылғы белдесулерге бұрынғыдай 12 емес, 6 төреші ғана қызмет ететінін, олардан турнир алдында емтихан алынатынын баяндады. Оның айтуынша, сынақтан өткен төрешілер жарнаға 1 000 АҚШ доллары көлемінде ақша төлейді. Егер турнирде жақсы төрешілік етсе, ақшасы қайтарылып, бұған қоса 5 000 доллар көлемінде сыйақы алады.
Жиында тағы бір айтылған өзгеріс жеңімпаз балуанның жаттықтырушысының сыйақысына қатысты болды. Осы мәселе бойынша агенттік төрағасы биыл жеңімпаз балуанның бапкеріне былтырғыдай 50 000 АҚШ доллары емес, 20 000 доллар берілетінін ескертті. Сонымен бірге, ол екінші, үшінші орын алған балуандардың және олардың жаттықтырушыларының сыйақылары сол күйінде қалатынын айтты. «Яғни, күміс жүлдегер 75 000 АҚШ долларын алса, қола жүлдегер 50 000 доллар алатын болып қалды», – деді ол.
Осы жерде «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев турнир жеңімпазына 150 000 АҚШ доллары табыс етілетінін мәлімдеді. Биылғы жылғы тағы бір жаңалық, бұрын турнирде жеңімпазға беріліп келген көлік жүлдеге жете алмаса да, көрермен көзайымына айналған балуанға тапсырылатын болды. Осыдан кейін агенттік төрағасы қазақ күресін Олимпия ойындарына енгізу жоспары жасалғанын хабарлады. Ол қазір агенттік алдында қазақ күресін Азия және Олимпия ойындарының бағдарламасына кіргізу мақсаты тұрғанын айтты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».