Үкімет • 11 Қаңтар, 2022

Әлихан Смайыловты Өзбекстанның Премьер-Министрі құттықтады

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әлихан Смайыловты Өзбекстанның Премьер-Министрі құттықтады

Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А. Арипов Ә. Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.

Тараптар стратегиялық әріптестікті екіжақты және көпжақты форматта  одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

«Қазақстан Үкіметі бауырлас Өзбекстан Республикасымен стратегиялық серіктестікті тереңдету бағытын берік ұстанады. Біз бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға барынша дайынбыз. Ынтымақтастықтың екіжақты күн тәртібінің аясында белгіленген жоспарлар бірлескен күш-жігеріміздің арқасында іске асырылатынына сенімдімін», деді Ә. Смайылов.

Өзбекстан - Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70%-ға жуығы ҚР мен ӨР-ға тиесілі. 2021 жылдың 10 айында екіжақты сауда көлемі 3,26 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 30%-ға жоғары. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің қатарына кіре алады.