Қазақстанға жаңару керек. Жұрттың да күтіп отырғаны сол. Президент барлық сала бойынша артық-кем тұсын айтып, түйткілді мәселелерді шешуді тапсырып отыр. Жаңа Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмасын қалай жүзеге асыратынын уақыт көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ашығын айтты, олигархиялық топтың пайда болуы әділ бәсекелестіктің жолын кесіп отыр, көлеңкелі экономика қымбатшылыққа әкелді. Оған дәлел – Ақтау халқының сұйытылған газ бағасына қатысты талабы. Нәтижесінде, бағаның негізсіз, қолдан жасалғаны белгілі болды. Бейбіт талаптың арты жаппай тәртіпсіздікке алып келді. Бүгін айтылған елдегі мәселелер бұған дейін де қозғалып жүр. Бірақ соны шешушілердің күш-жігері болмаған секілді. Енді Президент іске жең түре кірісіп, жігерлі болуды өзінен бастап отыр. Мемлекет басшысының сөзден іске көшу керектігін баса айтқаны көңілге үміт ұялатады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев біраз жайт пен кейбір құзырлы органдардың қызметін сынады. Расында, былай алып қарасақ, бейбіт шерудің арты жаппай тәртіпсіздікке айналды. Лаңкестік әрекеттің болғанын Президенттің өзі айтты, сонда лаңкестік әрекетке жол беріп, ұлттық қауіпсіздік комитеті, басқа да құзырлы органдар қайда қарап отырды? Тәртіп сақшылары содырлармен күресті, олар қайдан келді? Шекара қызметі қайда қарап отыр? Сұрақ көп. Ендігі мақсат – осыдан сабақ алып, оның қайта болуына жол бермеу.
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы