Руханият • 12 Қаңтар, 2022

Бақ, қайда барасың?

9642 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұрынғы бабаларымыздан қалған «Бір­лік болмаған жерде – тірлік болмайды» немесе «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейтін ескі сөз бар. Бұл атүсті айтыла сал­ған дүние емес. Сонау шыңырау жылдарды артқа тастап, ғасырлар қойнауынан шың­далып, уақыт бедерінен сұрыпталып, халқымыздың санасына терең сіңіп, бұл­жымас ақиқатқа айналған ұғым. Өйт­кені береке мен бірлік бұзылса ұлыстың іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалады. Бұны бұрынғы қазақ атамыз жақсы білген. Сол себепті, қоғамның қабыр­ғасы қақырамай, түтіні түзу ұшу үшін береке мен бірлік аса қажет екенін ежелден білген. Осы жолда басын бәйгеге тіккен.

Бақ, қайда барасың?

«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ, Қараймын келбетіңе мен таңырқап» деп, да­уылпаз ақын Қасым Аманжолов айтқан­дай, болашақтың баянды болуы мен ұрпағымыз­дың аман-есен өмір кешуінің кепілі – тыныш­тық пен бейбітшілікте һәм береке мен бірлік­те. Үлкен қаламгер Әбіш Кекілбаев: «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуа­на білмегенге құт қонбайды, барымызды баға­лай білейік, жоғымызды түгендеуге кірісе­йік, ағайын. Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін тәубемізден жаңылмайық, тәуекелімізден та­йынбайық!» деген екен. Қандай керемет сөз!

Расында бағын бағалай білмегеннің соры алда. Ертеректе өмір сүрген атақты Қаблиса жыраудан бізге: « – Бақ, қайда барасың? – Елі­мен болған бірлігі, Тағат, ғибадат тірлігі, Ұйымшыл елге барамын» деп келетін аса құнды тәмсіл жеткен. Сол сияқты, әз-Тәукенің заманында өмір сүрген дала данышпаны Әнет бабадан бата алуға келген жас бала Төле: «Баба, бірліктің белгісі қандай?» деп сұрайды. Қарт би жауап айтпас бұрын әуелі бір бума шыбық алдырып, «Балам, мынаны сындыр?» дейді. Төле жөргемдеп буылған бума шыбықты сындыра алмайды. Содан қарт баба шыбықтарды бумадан суырып, Төленің қолына бір-бірлеп ұстады да «Ал, енді сындыр!» дейді. Төле түгел сындырады. Әнет баба:

– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле бала:

– Бірлігі бекем жұртты жау алмайды, деге­ніңіз ғой.

– Бәрекелді, ұлым ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.

Бірлік мәселесінде Абай атамыздың да ерекше пайымы бар. Алтыншы қарасөзінде: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дегенді көлденең ұстай отырып, «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» дейді. Абай атамыз айтып отырған бұл түсінікті тәпсірлесек, ақылға бағынбаған бірлікті нәпсі билеп алады.

Ақырында бірлігін нәпсі қалауына айыр­бас­таған қауым – жаман мен жақсыны, зиянды мен зиянсызды ажырата алмайды. Нәтижесінде, бүтін қоғам бүлінеді. Осындай алмағайып оқиға туған жағдайда, халық ақ пен қараны ажыратып түсінсе – пайдасы өзіне, егер де ажырата алмаса, пайдасы жауына. Берекесіздік немесе бүлікке құмартушылардың дені – жүйе өзгерсе, бақытқа кенелеміз деп армандайды. Түк те олай емес.

Жалпы бүліктің тамыр жая бастағанын аң­ғару адамдардың сұңғылалығы мен аңғарым­­паз­дығына байланысты. Абайдың сөзімен айт­қан­да, «жүрек көзі» барлар ертерек аңғара алады. Яғни бүлік тұман басқан биік тау сияқты, оны көрмей қалуыңыз әбден мүмкін. Бұл мәсе­ле жайлы үлкен ғалымдар «Бүлік ақиқат пен жал­ғанды айыра алмайтын адамдарға келеді» дейді.

Сөйтіп, адамдар асығыстық танытып, күмән­ді бастамаларға еріп кетеді де, тыныш­тықтан айырылады. Адам аяғына нық тұрып, асығыстық танытпаса және күмәнсіз дұрыс шешімдер қабылдаса, сол қоғам, сол орта, сол қауым, сол мемлекет нағыз жетістікке жетеді.

Абай атамыз 14-ші қарасөзінде: «Осы жұрт­тың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын ісі» депті. Бабамыздың осы пайымын қазіргі күн ахуалына қарай тәпсірлесек, әлеуметтік желілердегі «тисе терекке, тимесе бұтаққа» бағытталған айқай-сүрең, бүгінгі өміріне разы-қош емес әсіре «батырлар» әре­кеті сөз жоқ «айда, батырлатулар». Басқа еш­теңе емес. Сөйтіп, айда батырлатамыз деп жүріп «жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» (Абай).

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, береке­сіздік, бүлік ешқашан жақсылыққа апармайды. Атақты Әйтеке бидің «Біз үш жүздің ба­ласы, Керіспейік, келісейік, Егер керісер бол­сақ, Онда бізге хандық түгіл, Ондық та бұйыр­майды» дегені сияқты Алаш баласы ақылға келгені жөн.