Оның көш басында көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарихымызды тереңнен толғап, ұлт рухын көтерген Ілияс Есенберлин тұр. Әке-шешеден жастай жетім қалып, балалар үйінде өскен талапты жас отызыншы жылдардың ортасында Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түсіп, оны 1940 жылы аяқтап, алғашқы еңбек жолын Жезқазған руднигінен бастайды.
Қабырғалы қаламгердің алғашқы көркем шығармалары 1940 жылдан мерзімді баспасөзде жарияланып, әдебиет табалдырығын ақын болып аттап, тұңғыш жыр жинағы 1945 жылы басылған. Одан кейін де екі-үш поэзиялық кітабы жарық көрді.
Дегенмен, суреткердің жазушылық таланты «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогияларында жарқырап көрініп, осы шығармалары арқылы тарихымызға терең үңіліп, тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен сұңғыла хандар мен аузы дуалы билердің, баһадүр батырлардың тұлғасын көркем кестеледі. Әсіресе Кеңес заманында атын айтуға болмаған, туған халқының азаттығы үшін Ресей отаршылдығына қарсы он жыл бойы ат үстінен түспей күрескен Кенесары хан жайында «Қаһарды» жазып, есіл ердің әдеби бейнесін сомдады. Осы бірегей дүниелері арқылы Есенберлин әдебиетіміздегі тарихи туындыларға алғаш түрен салушы ғана емес, кейінгі буынға жол көрсетіп, мектеп қалыптастырған көшбасшы болды.
Ілияс Есенберлин «Маңғыстау майданы» мен «Аманат» атты романдарында кеңес қоғамында өмір сүрген қазақ зиялыларының болмысы мен олардың жаңа қоғамды құрудағы қажырлы еңбегін көркем сөзбен өрнектеді. Ал «Айқас» романы үшін жазушыға 1968 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Қайраткерлік пен қаламгерлікті тең ұстаған, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың да мамандығы кен инженері. Шал Құлекеұлы секілді атақты ақын туған топырақта өскен өрен жасынан өлеңге жақын болып, әкесінің ағасы, халық ақыны Молдахмет Тырбиевтің тәлім-тәрбиесін алады. Молдахмет атасы оны бала күнінен өнерге баулып, домбыра үйретеді. Орта мектепті үздік тәмамдаған зерделі жас енді ақбас Алатаудың етегіндегі әсем қалада оқысам деп армандайды. Бірде атасы одан қандай мамандықты таңдағанын сұрайды, сонда сезімтал бозбала: «Ақын немесе журналист болсам» дегенде, ол кісі сабырлы сөз сабақтап: «Балам, мен де ақынмын. Бірақ ақын болу үшін мамандық алудың қажеті шамалы. Қазақта ақын да, әнші де жетеді. Мен сенен үлкен үміт күтем, ақылымды алсаң – Қаныш Сәтбаев білім алған оқу ордасына бар. Көкшенің таулары да қойнауына бекер сыр бүгіп жатқан жоқ, Жалғызтауда, мынау − Сырымбетте, анау − Айыртауда ештеңе жоқ дейсің бе? Қаныш Жезқазғанды қалай жарқыратты, оның болашағын айтқанда біз таңғалдық. Соғыстың ауыр зардабын тартқан ел енді ес жиып келеді. Сондықтан Қаныштың жолымен жүрсең, жаман болмайсың» деп батасын беріп, алыс жолға шығарып салады.
Қазыналы қарияның ақ батасы қабыл болып, ақын Мәскеудегі түсті металлургия және алтын институтына түсіп, оны 1955 жылы ойдағыдай аяқтап, ұлы ғалымның жолымен Жезқазған кенішіне қатардағы маман болып қызметке орналасады. Ақын-ның жігерлі жастыққа толы жиырма жылдық ғұмыры Жезқазғанда өтіп, шахтадағы қарапайым кен шеберінен, басшылық қызметке дейін көтерілді.
Кәкімбек ағамыздың тағы бір қыры – қайраткерлігі. Ол кісі 1984 жылы Өзбекстан КПОК-нің бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалғаннан кейін, автономиялық республиканың қордаланып қалған проблемаларын шешуге ден қойды. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне мән беріп, халықтың тұрмысын жақсартуға бар күшін жұмсады. Осы жанашырлығы үшін сол елдің адамдары да ол кісіні жақсы көріп, құрмет тұтты. Одан кейін Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің Экология комитетінің төрағасы секілді лауазымды қызметті атқарды.
Талантты ақынның алғашқы жыр жинағы 1970 жылы «Сыр» деген атпен жарық көрсе, одан кейін «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі», «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов», «Бәйкен Әшімов» және Фазыл Кәрібжанов туралы «Заман сыры» атты көлемді поэмалары жазылып, жырсүйер қауымның жүрегінен орын тапты. Кәкімбек Салықов шығармашылығын әдебиетіміздің айтулы өкілдері де жоғары бағалап, жылы пікірлерін білдірген.
Біртуар ақын, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов те қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің геология факультетін бітіріп, кейін М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. Арқалы ақын шығармаларын орысша жазса да, оның өлеңдерінен ұлттық рух пен өр намыс атойлап тұрады. «Арғымақтар» атты алғашқы жыр жинағымен поэзияға дүбірлетіп келген ақынның «Адамға табын, Жер енді» поэмасы жарыққа шыққанда көптеген шет тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып, бірнеше рет басылды.Олжас ағамызды көпшілік тілтанушы ғалым ретінде де жақсы біледі, ол көбінесе көне түркі тілін зерттеп, әсіресе Батыс ғалымдарының көне тіл үнді – Еуропа тілдерінен бастау алады дейтін қасаң теориясына пәрменді соққы берді. Ардақты азаматтың 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» кітабы түркі және славян халықтарының ежелгі жазба ескерткіштеріне арналған кітабы − көпшіліктің қызығушылығын тудырып, оқырмандардың қолынан түспеген туындыға айналды. Кейін бұл еңбек «1001 сөз» атты этимологиялық сөздікке ұласып, кемелдене түсті. Сонымен бірге ақынның жазған сценарийімен «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс – қолайсыз маусым», «М.Әуезов туралы сөз», «Үндістан сазы», «Жастық шақ заставасы», «Ақырғы аманат» және т.б. фильмдер түсірілді.
Бала күнінен академик Қаныш Сәтбаевты үлгі тұтып, орта мектепті алтын медальмен аяқтаған белгілі жазушы Медеу Сәрсеке де инженер-металлург мамандығын меңгерген.
Медеу ағамыз көркем сөз өнеріне ғылыми-қиял жанрында жазылған «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі», «От және атом» және «Жетінші толқын» атты хикаяттарымен келіп, осы саланың дамуына үлкен үлес қосты. Инженер-қаламгер ретінде өндіріс тақырыбына қалам тартып, «Жарылыс», «Көмбе» атты романдарын жазды. Оны жалпақ елге танытқан басты шығармасы – ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев туралы жазған ғұмырнамалық романы. Бұл туынды 1980 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар өмірі» сериясы негізінде 100 мың данамен оқырманға жол тартты. Бүгінге дейін аталған кітап қазақша − 12, орысша – 5 және ағылшынша, бас-аяғы 18 рет басылды. Сонымен қатар жазушының халқымыздың ардақты перзенттері, қазақ ғылымының дамуына ерен үлес қосқан көрнекті ғалымдар − Ебіней Бөкетов пен Ермұхан Бекмахановтың өмір жолын жан-жақты зерделеген деректі кітаптары оқырмандардың ризашылығына бөленді. Ал жазушының кейінгі шыққан «Семей қасіреті» атты еңбегінде автор өзі туған өңірдің атом жарылысынан тартқан азабын нақты деректермен баяндаған.
Өткен жылы сеңгірлі сексенді бағындырған парасатты прозашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Софы Сматаев та 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, бір жылдан кейін Мәскеудегі Болат және қорытпалар институтына ауысып, оны бітіргесін Ресей астанасындағы «Орақ және балға» зауытында, Ново-Тульский металлургия зауытында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтында инженер болып жұмыс істеген.
Қаламгердің техникалық білім алуына заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің жас шәкіртіне айтқан бірауыз сөзі түрткі болған. Ол туралы ағамыздың өзі бір сұхбатында тоқталыпты: «Үшінші курс студенттеріне сабақ беретін Мұхаңның дәрісін 1960 жылы бірінші курста жүріп-ақ әдейілеп барып тыңдайтынмын. Содан ұлы ұстаздың байқағыш, пайымдағыш жанарына шалындым білем, кітапханадан шықпайтын мені сыртымнан бағып жүреді екен. Бірде Мұхаң иығымнан қағып қана: «Сары бала, жазушыны ешбір оқу орны дайындап шығара алмайды. Сенен соның ұшқынын сезгендеймін. Жазушыға ең керегі – білім. Онда да ақыл-ойыңды анализ жасатқызып ұштар физика, математика ғылымдары. Сенің техникалық оқу орнына түскеніңді қалар едім», – дегені ҚазМУ-дегі оқуымды тастап, Мәскеуге кетуіме себепкер болған еді» дейді.
Көркем сөз зергері әдебиетке «Астана оттары» деген поэзиялық жинағымен келіп, сосын прозаға ауысып, өндірістегі жұмысшы жастар туралы «Алау», «Аймандай» атты хикаяттарымен сүйсіндірді. Кейін жиырмасыншы жылдардағы халқымыз бастан кешкен ашаршылық пен қуғын-сүргінді бейнелеген «Алғашқы асу» хикаяты мен «Ақжелең» романы жарыққа шықты. Әсіресе жазушы кеңес дәуірінде тарихымызға терең бойлаған «Елім-ай» роман-дилогиясын жазып, оқырмандарының ықыласына бөленді. Қарымды қаламгер осы сүйекті шығарманың жазылуына қазақтың мұңлы тағдырын бейнелеген «Елім-ай» әні ой салғандығын әңгімелейді.
Ұлы Абай туған топырақта дүние есігін ашқан белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев та Семей инженер-технологиялық институтын бітіріп, облыстық органдарда жауапты қызмет істеген. Кейін Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдап, КСРО Жазушылар одағы басқармасының қазақ әдебиеті жөніндегі кеңесінің жауапты хатшысы болды. Жазушының алғашқы шығармасы 1975 жылы жарық көрген. Содан бері «Аңсау», «Өзімді іздеп жүрмін», «Сағынып жеткен жаз еді» повестері мен «Егер өмір сүргің келсе», «Тау басында түйіскен жол», «Шайтанның тағы», «Құм кезген өліктер» атты романдары оқырмандарына жол тартқан. Сондай-ақ қаламгер Абайдың қара сөздерін орыс тіліне аударуға ат салысып, Англияда «Абай» үйін ашуға үлес қосты. Бірақатар драмалық туындылары бүкілодақтық байқауларда топ жарып, республикалық театрлар сахнасында қойылып келеді.
Өткен ғасырдағы алпысыншы жылдардың соңында қазақ поэзиясына теңіздің асау толқынындай буырқанған бір буын келіп, әдебиетімізге жаңаша леп әкелді. Ол буынға әдебиет сыншылары «Соғыстан соң туғандар» деген атау берген. Осы буынның ішінде талантты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) та болды. Айтулы шайыр да Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетін тәмамдап, одан соң Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсын бітірген. «Жүрек жырлайды» атты алғашқы жыр жинағымен әдебиет есігін еркін ашқан ақынның бүгінге дейін «Жеті қазына», «Түннің көзі», «Өмір өлең», «Дүниежарық», «Сөз патша», «Қорқыттың көрі» секілді бірқатар поэзиялық кітаптары мен «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар», «Жамбылдың қызыл жолбарысы», «Қанына тартқан қыңырлар», «Алтын адам», «Киелі күнә», «Хан-Абылай-Сабалақ», «Махамбет» атты драмалық дастандары жарық көрді.
Иран-Ғайып жұртшылыққа ақын ретінде ғана емес, дарынды драматург ретінде де танымал. Бірқатар драмалық шығармалары еліміздің театрларында сахналанып, сыншылар мен көрермендердің оң бағасын алған.
Сонымен бірге танымал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов бұрынғы Қазақ политехникалық институтының машина жасау факультетін бітірсе, белгілі балалар жазушысы Әлібек Файзуллаұлы да осы оқу орнында тау-кен инженері мамандығында білім алыпты. Бұл екеуі де әдебиетімізде өз орны бар қаламгерлер.
Қорыта айтқанда, техникалық жоғары оқу орындарында оқып, әдебиетке келген ақын-жазушылар тізімін әлі созуға болады. Бірақ бұл жолы жалпақ жұртқа танымал тұлғаларға ғана тоқталдық. Біз оларды инженер мамандығын меңгерген деп қана емес, жан тазалығын игерген инженер деп айтамыз.