Коронавирус • 12 Қаңтар, 2022

«Сары аймаққа» енгізілді

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус жұқтырған тұрғындардың саны көбеюіне байланысты Батыс Қазақстан облысы 11 қаңтарда «сары аймаққа» енгізілді.

«Сары аймаққа» енгізілді

Өңірде эпидемия басталғалы 40 249 адамға «коронавирус» диагнозы қойылған. Оның ішінде 26 022 науқаста ауру симптомдары анық байқалған. Ал соңғы тәулікте Батыс Қазақстан облысында 24 жаңа жұқтыру жағдайы тіркелді. КВИ репродуктивті саны – 2,25.

Сараптамаға қарасақ, өңірде 2020 жылы – 9 221 жағдай, 2021 жылы 30 849 жағдай тіркелген. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бері 179 адамның вирусты жаңа­дан жұқтырғаны хатталды. Соңғы ауырғандардың 113-інің сырқаты – симптомдық, 66-сы симптомсыз байқалған. Ауырып жатқандардың екеуі  кәмелетке толмаған. Өкініштісі, жаңа жылдан бері, дәлірек айтсақ соң­ғы аптада 3 адам осы дерттен қайтыс болды.

Облыс аумағында COVID-19 диагностикасы бойынша 14 зертхана бар. Соңғы тәулікте 322 зерттеу жүргізілген.

Облыста COVID-19 жұқтыр­ған науқастар 9 инфекциялық стационарда ем алып жатыр. Оның ішінде 6 науқастың жағ­дайы ауыр, оның үшеуі ӨЖЖ аппаратына, 3 адам оттегі­ге қосылған. Облыстық санитар­лық-эпи­демиологиялық ба­қылау департаментінің басшысы Мұхам­ғали Арыспаевтың айтуын­ша, инфекциялық төсек толымдылығы 11,3%-ды ғана құрайды. Яғни қауіпті вирус жұқтырған науқастарды дер кезінде ауруханаға жатқызып, тиісті ем-дом көрсетуге еш ке­дергі жоқ. Қазіргі қызмет етіп тұрған 504 стационарлық орын­нан басқа, 2 184 (1309 инфек­циялық, 875 карантиндік) төсектік орын резерві жасалған.

КВИ-ға қарсы вакциналау барысына тоқталсақ, бүгінге дейін 257 115 адам екпенің алғаш­қы компонентін алған. ІІ ком­по­нен­тін толық алған тұрғын­дар­дың саны – 244 140 адам. Бұл өңір­дегі екпе алуға тиісті халық­тың 58,9%-ы.

Тұрғындардың басым көп­шілігі, яғни 183 361 адам – «Спут­ник V», 19 896 адам – «QazVac», 24 998 адам – «Hayat-Vax», 7 728 адам – «Corona-Vac», 21 132 адам «Vero Cell» екпе­сін таңдаған екен. Ал Pfizer компа­ния­сының «Ко­мирнати» вакцинасын 5 770 адам алды, оның ішінде жүкті әйелдер – 195, бала емізетін әйелдер – 2 467 және жасөспірімдер – 3 108. Ревак­ци­налаудан 20 730 адам өткен.

Мұхамғали Арыспаев өңір­дегі эпидемиялық ахуал­ды қатаң бақылауға алып, егер жағдай түзелмесе, шектеу шараларын күшейтетінін хабарлады.

 

Батыс Қазақстан облысы