Қоғам • 12 Қаңтар, 2022

Министрлік Әлеуметтік кодекстің басым бағыттарын атады

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Президент тапсырмасы бойынша ведомствоның атқарып жатқан жұмысы туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрлік Әлеуметтік кодекстің басым бағыттарын атады

«Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісінің отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында Министрлік Әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеуде, оны 2022 жылғы желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Әлеуметтік кодекс аясында азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін бекіту, мемлекет пен жұмыс берушілердің әлеуметтік саладағы міндеттері мен жауапкершілігін нақтылау жоспарлануда», деді Серік Шапкенов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, кодекс халықтың мемлекет жүргізіп отырған әділ әлеуметтік саясатын түсінуге септігін тигізіп, азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін сапалы арттырады.

«Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша келесі шаралар көзделетін болады: халықтың проблемалық топтарын, NEET жастарын ерте анықтау жүйесін жеке қолдау шараларын атаулы көрсету үшін енгізу», деп толықтырды министр.

Ведомствоның баспасөз қызметі атап өткендей, көмек мамандық таңдауда, оқыту мен жұмысқа орналасуда көрсетілетін болады. Ақпараттық жүйелердің көмегімен іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды және жұмысқа орналастыруды бақылауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Жұмысқа орналасуда жастарға, әсіресе NEET санатына басымдық берілетін болады.