Осы аптадағы Мәжілістің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да осы мәселеге тоқталды.
«Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуы керек. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз», деді Президент.
Шынында да, мемлекеттен берілетін субсидия артында тірегі бар ірі шаруашылықтарға ғана арналғандай. Ал үні ін түбінен құмығып естілетін шағын шаруашылықтарға мұндай сый көп жағдайларда бұйыра бермейді. Демек, ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидия ашық әрі әділ бөлінбейді. Мұны «Шопан ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев та растап отыр.
– Субсидия – ауыл шаруашылығы саласындағы ең өзекті мәселе. Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы атап өткендей, мал тұқымын асылдандыруға берілетін субсидия ашық әрі әділ үлестірілуі керек. Сондықтан бұл саладағы ашықтықты қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін шаруаларға субсидия алудың әдіс-тәсілдерін үйрету керек, – дейді А.Садырбаев.
Расымен, ауылдағы ағайын мал ұстауға мәттақам болғанымен, қағаз-құжатқа келгенде мүдіріп жатады. Субсидияға қол жеткізе алмаудың бірден-бір себебін содан іздеген де дұрыс. Екібастұздық жас кәсіпкер Дәулет Мәуеновтің пікірінше, шаруалардың көбі құжат ісіне немқұрайлы қарағандықтан, өз несібесінен айырылып отыр.
– Екі жыл бұрын шаруа қожалығын аштым. Сондағы аңғарғаным, көбіміз мемлекеттік қолдау шараларынан бейхабар екенбіз. Мен жастығымның арқасында жұлынып жүріп азды-көпті субсидияға қол жеткіздім. Ал кейбір шаруалар құжат жұмыстарымен жүгіруге құлықсыз немесе бюрократиялық кедергілерден әбден шаршаған. Олар істің жайын толық түсіне бермейді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері түсіндіруге тырыспайды. Өзара үйлесім жоқ. Сондықтан қолын бір сілтеп бастаған ісін орта жолдан тастай салатындар несібесінен қағылады. Ал ебін тапқан шаруалардың есебі түгел. Айтпағым, шаруалар арасында түсіндіру жұмысын жандандыру керек. Олардың сауатын арттыру маңызды. Сонда ғана олар өзгелерге жем болмайды. Біздегі үлкен проблеманың бір ұшы осында жатыр, – дейді Д.Мәуенов.
Қостанайлық кәсіпкер Александр Бородиннің пікірінше, ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге бірінші кезекте аграршылардың өзі қатысуы керек. Шаруалардың қатысуынсыз жазылған жобалардан шикіліктің көп шығатыны да сондықтан.
– Субсидия берудегі негізгі мақсат – шаруалардың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруге жұмсайтын шығынын азайту. Сондықтан субсидияны өткізілген өнімнің көлеміне берген дұрыс. Әйтпесе, қолдау шараларының көбі шаруаларды айналып өтіп жатыр. Мемлекет субсидияны көбірек бөлгенімен, ақшаның басым бөлігі шаруаларға емес, техника, гербицид, тыңайтқыш сататындарға тиіп жатыр. Ал субсидия берудегі негізгі мақсат бұл емес. Мақсат – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау. Мәселен, бұрын тыңайтқыштарды субсидиялаудың ыңғайлы әрі тиімді жүйесі жұмыс істеді. Фермер оларды тікелей зауыттан белгіленген бағамен сатып алатын. Содан кейін ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірушіге субсидия төлейтін. Бүгінде тыңайтқыштарды толық құнын төлемейінше ала алмайсыз, – дейді «Зуевка» ЖШС-нің директоры А.Бородин.
Оның айтуынша, субсидиялардың тиімділігі ашықтық болған кезде ғана көрінеді. Сондықтан субсидиялаудың қарапайым әрі ашық схемасы қажет.
– Мысалы, өсімдік шаруашылығы үшін бір ғана субсидия түрін бекітуге болады. Яғни субсидия өнімнің сатылған көлеміне қатысты «Астық саттым – субсидия алдым» деген қарапайым ғана қағидатпен берілсе. Ал мемлекеттен берілген ақшаны қайда жұмсайтынын фермердің өз еркіне қалдырған жөн. Техника ма, тыңайтқыш па, әлде тұқым сатып ала ма, ол әркімнің өз еркінде, – дейді ол.
Субсидия – жемқорлықтың «заңдастырылған» түрі. Қазір қоғамда осындай пікір көп айтылады. Оған негіз де жоқ емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми дерегінше, 2021 жылдың 11 айында елімізде 1 576 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Оның басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында тіркелген. Салалық тұрғыдан тарқата айтсақ, ауыл шаруашылығы, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау салалары «алда тұр». Сыбайлас жемқорлыққа 1 280 адамның қатысы бары әшкереленді. Оның 159-ы түрлі деңгейдегі басшылар.
Мемлекет қаржысы ауыл шаруашылығы саласында көп ұрланған. Бұл салада 960 қылмыс тіркеліпті. Олардың жартысынан астамы, яғни 54 пайызы субсидияны талан-таражға салуға қатысты істер. Соңғы бес жылда субсидияларға шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Өкінішке қарай, оның көп бөлігі діттеген жерге жұмсалмапты.
– Фермерлер өтінімдерді қабылдаудың қашан басталатыны туралы ақпарат қолжетімсіз дейді. Бізге түскен шағымның көбі осыған қатысты. Субсидиялар «кім үлгерді, сол алды» қағидаты бойынша әділетсіз бөлінеді. Ал өтінімдерді қабылдау мерзімі қаражат бөлінген күнге тікелей байланысты. Демек, қаражаттың қашан түсетіндігі туралы инсайдерлік ақпарат сатылуы мүмкін. Салдарынан субсидияны белгілі бір топтар ғана алады. Шаруалар өтінім беретін Qoldau жүйесінде кезекке тұрудың ашықтығы қамтамасыз етілмеген. Бұдан бөлек заң бойынша өтінім беруге қатысты қызметтердің бәрі тегін болса да, түптеп келгенде осы үшін ақша алатындар бар. Себебі нормативтік база қиындатылып жазылған. Оны қарапайым фермер түсінбейді. Осы күнге дейін субсидиялау қағидаларына 47 рет өзгеріс енгізілген. Бірақ жаңа нормаларды түсіндіру жұмыстары бірде-бір рет жүргізілмеген, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.
Оның пікірінше, субсидиялау жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары. Ал субсидия үлестіретін ақпараттық жүйелер қылмыстық схемаларға сәйкестендіріліп жасалғандай.
– Мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу кезінде ғылыми, экономикалық аспектілер ескерілмейді. Бұл сыбайлас жемқорлық схемаларын құру үшін керек секілді. Олардың нысаналы индикаторлары, ең алдымен, нәтижеге емес, оған дейінгі процестерге бағдарланған. Бақылаудың жоқтығы да осыдан басталады. Субсидияларды тиімді пайдалануға Ауыл шаруашылығы министрлігі де, әкімдіктер де жауап бермейді, – дейді ол.
Айтпақшы, бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі субсидияны талан-таражға салған тұлғаларға қатысты 62 қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл айсбергтің көзге көрінген бір ұшы ғана.
Жаңа Үкіметтің кеше өткен алғашқы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев агроөнеркәсіптік кешенге қатысты қабылданатын жүйелі шаралар туралы баяндады. Оның ішінде субсидиялау жүйесі де қамтылған. Министрдің айтуынша, субсидия алушылардың нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізуін реттейтін норма енгізіледі. Қазіргі уақытта ұсыныстарды агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобы қарап жатқан көрінеді.
– Жұмыс топтарының қорытындылары бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүшелерінен агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың жаңа жүйесіне қатысты көптеген ұсыныс пен ескерту келіп түсті. Олар жүйелендіріліп, негізді ұсыныстар мен ескертулер субсидиялау жүйесін пысықтау кезінде ескерілетін болады. Алдағы наурызда субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасын Үкіметтің қарауына енгіземіз. Бұдан бөлек министрлік субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірледі. Ақпараттық жүйенің көрсетілетін қызметтері субсидия алушылар үшін тегін болады. Ол Ақмола облысында қанатқақты режімде тестілеуден өткізіледі, – деді Е.Қарашөкеев.
Түйіндей келе айтарымыз, шаруалардың ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялық саясатқа деген сенімі тым төмен. Алдымен сол бір сенімді қайтарған абзал шығар. Ол үшін субсидиялаудың ашық та әділ жүйесі керек. Шаруалардың негізгі талабы да – осы.