Қазақстан • 13 Қаңтар, 2022

Коменданттық сағатты бұзғандар көбейіп тұр

259 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елді елең еткізген оқыс оқиға көптің көңіліне уайым салғаны белгілі емес. Бұзақылардың кесірінен бұқара жұрттың басына бұлт үйіріліп, үйінен шыққысы келмейтіндей үрейленгені шындық. Дегенмен Мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған шешімі негізінде төңірегімізге төтенше жағдай енгізіліп, коменданттық сағат бекітілді. Оның өзі жанын шүберекке түйген жалпақ жұрттың жүрегіне жұбаныш сыйлағаны анық. Бірақ екі аптаға енгізілген төтенше жағдайды ескермей, коменданттық сағатты елемей жүрген жандар да жетерлік.

Коменданттық сағатты бұзғандар көбейіп тұр

Жауапсыздық танытқандар жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан қаласының коменданты Ержан Сәденов қала тұрғындарын төтенше жағдай режімі аясында қабылданған шараларды бұзбауға шақырды. Коменданттың айтуынша, елордада жағдай тұрақты. Бір тәулік ішінде қалада 8 қылмыс жасалды, 83 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан екі адам зардап шекті.

Сондай-ақ 464 әкімшілік құқық бұзу­шылық анықталды, оның ішінде 183-і – тиісті ережелерді бұзу, 36-сы – қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу және 18-і – халықтың көші-қоны саласындағы бұзушылық фактілері. Естеріңізге сала кетейік, қала периметрі бойынша тәулік бойы 6 блок-бекет жұмыс істейді. Төтенше жағдай режімі енгізілгеннен бері 200-ден аса адам ұсталды. Оның ішінде 28 адам әкімшілік қамауға алынды. Төтен­ше жағдай кезінде жалған хабарламалар пайда болды, олар тоқтатылды. Тұрғын­дардан тек ресми ақпарат көздеріне сену сұралады. Жалған ақпарат таратудың 3 фактісі анықталды. Бар­лық факті бойынша қылмыстық істер қозғалды.

«Жалған ақпарат таратуға жол беріл­мейтіні туралы ескертемін. ТЖ жағ­дайында ҚР ҚК 274-бабына сәйкес 7 жылға дейін бас бостандығынан айыр­у көз­делген. Тағы да еске саламын, төтенше жағдай кезінде құқыққа қарсы іс-әрекет жасау жағдайды ауырлататын мән-жай болып саналады және неғұрлым қатаң жауап­кершілікке әкеп соғады. Құр­метті тұрғындар, коменданттық сағат­ты бұз­баңыз, заңға бағыныңыз және тыныш­тықты сақтаңыз», делінген елорда комен­дантының үндеуінде.

51 адам әкімшілік қамауға алынды

Қарағанды облысындағы қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Аймақ коменданты Ерлан Файзуллиннің ақпа­ра­ты бойынша өткен тәулікте тәртіп сақ­шылары 13 қылмыстық құқық бұзушы­лықты ашты.

ТЖ режімін бұзғаны үшін барлығы 586 әкімшілік хаттама толтырылды. 51 адам әкімшілік қамауға алынды. 14 бұзушыға айыппұл салынды, тағы 460 адам ескерту алды. Полиция қызметкерлері тыйы­м салынған 36 затты тәркіледі. Балқаш блок-­бекетінен 53 жастағы қала тұрғыны басқарған Land Cruiser автокөлігінен тегіс ұңғылы қаруға 6 патрон табылды. Иесіне қатысты азаматтық қаруға патрондарды тасымалдау тәртібін бұзғаны үшін хаттама толтырылды. Сондай-ақ ТЖ кезін­де полиция қызметкерлері 16 бірлік тегіс ұңғылы қару, 6 пышақ тәркілеп, есірткі заттарын сақтаудың 8 фактісін анық­тады. Қарағанды облысының полиция департаменті тұрғындарды төтенше жағдай режімін бұзбауға шақырады және полицейлердің жұмысына түсіністікпен қарайтын және оларға жәрдем көрсететін азаматтарға алғыс білдіреді.

Шетел азаматтары да шектен шығуда

Павлодар облысында бүлік шығарған 900-ге жуық адам жазаланды. Облыс комендатурасы өкілдерінің хабарлауынша, тәртіп бұзғандардың әрқайсысына қатысты әкімшілік іс қозғалған. Жауапқа тартылғандардың қатарында 4 шетел азаматы болған. Материалдардың барлығы сотқа жіберіліп, шешімдер қабылданды. Нақтырақ айтқанда, 220 азамат 15 тәулікке қамауға алынды. Тағы 300-ге жуық бұ­зақыға 30 АЕК көлемінде айыппұл салын­ды. Ал өзге ел азаматтары кері қайта­рылды. Қазіргі уақытта облыстың күштік құрылымдары күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Стратегиялық маңызы бар нысандар ерекше бақылауға алынды. Блок-бекеттердегі қызмет күшейтілді. Тәулік ішінде блок-бекеттер арқылы 6 мыңнан аса автокөлік өткен. Жүріп-тұруға рұқсат болмағандықтан, 39 автокөлік мен 88 азаматқа кіру мен шығуға рұқсат етілмеді.

«Коменданттық сағат енгізілсе де, заң­бұзушылықтар баршылық. Мәселен, уақыт режімін сақтамаған 700-ге жуық адам ұс­талды. Әр адамға қатысты әкімші­лік іс қоз­ғалды. Материалдар сотқа жол­данды. Со­нымен қатар 290 көлік тоқта­тылып, айып тұра­ғына қойылды», деді облыстық полиция депар­таментінің ресми өкілі Жанна Белялова.

Жалған ақпарат таратқандар да анықталады

Атырау облысында коменданттық сағат талабы 121 мәрте бұзылған. Бұл туралы Атырау облысының коменданты – облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев мәлім етті.

«Атырау облысында төтенше жағдай жарияланғаннан бері коменданттық сағат талаптарын бұзған 121 дерек тір­келіп, әкімшілік іс қозғалды. Төтенше жағдай кезінде атқарылатын қызметтің басты мақсаты – қоғам тіршілігінің қалып­ты жағдайын орнату. Сондықтан осы ба­ғытта қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшылары мен өзге де жауапты мамандардың жұмы­сына түсіністікпен қарауға, терроризмге қарсы операция­лар кезіндегі шектеулерге сабыр­лық танытып, сақтық шараларын сақтауға шақы­рамын. Арандатушылыққа жол бермей, күдікті фактілер туралы міндетті түрде полицияға хабар беруді сұраймын. Сондай-ақ жалған ақпараттар таратпаған жөн. Мұндай әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес 3 жылдан 7 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарас­тырылған», деді Атырау облысының коменданты Қ.Үмбетқалиев.

Ереже бұзғандардың ешқайсына аяушылық жоқ

Алдыңғы түні Ақтөбе облысында коменданттық сағат тәртібін бұзған 169 адам полиция бөлім­деріне жеткізілді. Оның 149-ы әкімшілік жауапқа тартылды. Ақтөбе облысы аума­ғында құқық қорғау органдарының қызмет­керлері қоғамдық тәртіпті және азамат­тардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп отыр. Облыс­тағы жағдай полицияның толық бақылауына алынды.

«Өткен түні коменданттық сағатты бұзғаны үшін полиция бөлімдеріне 169 азамат жеткізілді, оның 149-ы әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар қазіргі уақытта 3 адам қамауға алынып, 4 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылып жатыр. Сотқа дейін тергеу жалғасады», деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Ақтөбе облысында 10 блок-бекет бар. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында орна­ласқан. Блок-бекеттерде полиция қызметкерлері мен әскерилер қызмет атқарып тұр. Олар облыс және аудан орталық­тарынан кіру-шығу кезінде автокөліктердің салонын, жүргізушілер мен жолау­шылардың төлқұжатын тексеріп жатыр. Ақтөбе облысының комендатурасы коменданттық сағаттың уақытын кеше сағат 23.00-ден 07.00-ге дейін өзгертті.

15 адам жауапқа тартылды

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған соңғы мәліметтерге сүйенсек, облыс бо­йын­ша жағдай тұрақты.

«Қазіргі уақытта өңірдегі жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында. Полицейлер күшейтілген режімде өз қызметін жалғастырып жатыр. Төтенше жағдай мен лаңкестікке қарсы операцияны өткізуге байланысты енгізілген шектеулер сақталады», делінген ақпаратта.

Бүгінде аймақ бойынша ұсталғандар саны 1 100-ден асады. Оның ішінде 79-ы қамауға алынған. Коменданттық сағат талабын бұзғаны үшін 15 адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Төтенше жағдай режімін 333 рет бұзған

Ақмола облысының соттары 2022 жылғы 6-11 қаңтар аралығында 333 әкім­шілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Облыстық Полиция департаменті басқармасы баспасөз қызметінің мәліме­тінше, алдыңғы тәулікте облыстың 8 тұр­ғыны Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі­нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.

«Облыс бойынша 13 блок-бекет жұмыс істейді, оның 8-і – Көкшетау қаласында, 3-еуі – Степногорда және 2-еуі – Бурабай ауданында. Қаңтардың 8-інде Бурабай аудандық полиция бөліміне Түркістан облысының 8 тұрғыны жет­кізілді. Олар бір күн бұрын астанадан Бурабай кентіне келіп, курорттық ай­мақ аумағында мемлекеттік тіркеу нө­мірі жоқ көлікпен жүрген. Жол қоз­ғалысы ережелерін бұзғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілері Әкім­шілік құқық бұзушылық кодексінің 591-ба­бының 1-бөлігі және 230-бабының 2-бө­лігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылды», деді ведомство өкілдері.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласына кіреберістегі блок-бекетте Аршалы ауданы Жібек жолының тұрғынынан 75 оқ-дәрісі бар «Сайгак-410» тіркелмеген мылтық тәркіленді. Дәл осы күні Көкшетаудан елор­да бағытына шығаберістегі блок-бе­кетте Щучье қаласы тұрғынының авто­­кө­лігінен «ТОЗ 87-01» маркалы тегіс ұң­ғылы мылтық табылды.

«Облыс аумағында сағат 23.00-ден 07.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Өңірдің 180-нен аса белсенді тұрғыны қо­ғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша ерікті жасақтарға қосылды, олардың 84-і – танымал спортшы. Облыс тұрғындарын құлағдар ету үшін «жедел желі» ашылды. Облыс тұрғындары 1303 нөміріне ха­бар­ласып, қажетті ақпаратты алуына болады. Бүгінгі таңда Сall-орталыққа комен­данттық патрульдеуге қатысу, алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу, көңіл көтеру орындарының жұмыс істеуі мәсе­лелері бойынша блок-бекет­тердің жұмы­сына қатысты 320 қоңы­рау келіп түсті. Қа­зіргі таңда облыс аумағындағы жағдай тұрақ­ты», деп толықтырды ведомствоның бас­пасөз қызметі.