Қызылорда облысының мектептерінде түрлі сылтаумен ата-аналардан жылу жинау бүгінде қатерлі ісіктей қатты тамырлап кеткен. Жағдайдың осылайша өзінің шарықтау шегіне жеткенін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та жақсы біледі. Ол сондықтан да жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының соңғы отырысында жемқорлыққа қарсы күресті мектептерден бастау керек екенін ашып та, ашынып та айтты.
Аймақ басшысы мәжілісте мектептердегі кең етек жайған оқушылардан ретсіз ақша жинау үрдісінің тамырына балта шабуға шақырды. Жиында үстіміздегі жылы білім саласына бөлініп отырған қаржының үш есеге жуық артып отырғаны тілге тиек етіліп, оқу орындарының ақшадан мұқтаждық көретін реттері жоқ екендері алға тартылды. Білім жүйесінде балдырғандарды балалар бақшасы мен мектептерге орналастырудан бастап, педагогтарды осы мекемелерге жұмысқа алу, аттестациядан өткізу, оларды оқыту секілді үдерістердің әрбір кезеңі ешбір бүкпесіз ашық жүргізілулері керек. Сонда пара алуға да жол берілмейді. Осыған орай, білім беретін мекемелерге ата-аналардың арыздары мен шағымдарын қабылдайтын жәшіктер орнатып, мектептер мен балалар бақшаларында демеушілік көмек деген желеумен ата-аналардан ақша жинауды үзілді-кесілді тоқтату тапсырылды.
«Мектеп басшылығы осылайша тұрмыстары төмен отбасыларын тығырыққа тіреп, олардың балаларын өздерін кем сезінуге алып баратын жағдайларға жеткізеді. Осындай болмауы үшін бірөңкей мектеп киімінің үлгісі де жасалды. Ал отбасылары әл-ауқатындағы айырмашылықтарды білдірмеу үшін енгізілген мұндай шаралар, әсіресе, бастауыш сыныптардағы оқушылар арасында қатты қолға алынды. Мұғалімдер демеушілік көмек ретінде ақша жинау арқылы ата-аналардың әртүрлі жағдайда екендерін анық байқататын қадамдарды жасайды. Осыған көнген әке-шеше балаларын төмендетпеу үшін көршілерінен қарызға ақша алуға дейін барып жатады. Біз бұған жол бере алмаймыз», – деді аймақ басшысы.
Мектеп мұғалімдерінің моральдық бет-бейнелері – бөлек әңгіменің тақырыбы. Олар барлық жағынан өздері сабақ беретін оқушыларға үлгі-өнеге болуға тиіс. Алайда, мектептерде кей жағдайда қолайсыз психологиялық ахуал қалыптасып, директордың төңірегінде әртүрлі қитұрқы ойындар ойналып жатады.
«Қызылжарма кентіндегі №144 орта мектепте орын алған директордың оқушылармен және тұрғындармен «тұтас соғыс» ашқан оқиғасы бізге белгілі. Енді таяуда денсаулық сақтау саласында қордаланып қалған өзекті мәселелерді шешуге көңіл бөлгеніміздей, білім беру жүйесін де созылмалы сырқатынан «емдеуіміз» керек. Алайда, бұл емдеу өткен жылы 27 мектеп директорын орындарынан алғанымыз сияқты дәмі ащылау дәрілерді тағайындауымызды керек етеді», – деді Қ.Көшербаев.
Облыс әкімі осыған байланысты қала және аудандар әкімдеріне маңызды мәселелерді шешерде «тайпааралық шайқастардың» туып кету мүмкіндігін жоққа шығаратын жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ете отырып, бақылаушы органдарға «қолайсыз» адамдарды белгілеуді, сөйтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуді тапсырды.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.