Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасы «Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі» мемлекеттік мекемесі оқудан шығарған Гауһар Дүйсенбаеваның шағымын қарау барысында оқу орны басшылығының кәмелетке толмаған қыздың Конституциялық құқықтарына елеулі нұқсан келтіргенін анықтады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы 1-бабының 49-тармағы азаматтардың орта білімді Конституция кепілдігіне сай алатыны анық көрсетілген. Сол сияқты Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңы 15-бабының 1-тармағында әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар екені айтыла келіп, оған тегiн бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi делінген.
Міне, осындай заңдылыққа сүйенген колледж директоры М.Ахметов 2013 жылғы 29 тамызда берген бұйрығына сәйкес, 1997 жылы туған Гауһар Дүйсенбаеваны «Тігінші» мамандығы бойынша күндізгі оқу бөлімінің №56 оқу тобына қабылдаған. Алайда, ол оқу жылы толық басталып үлгермей жатып, 2-6 қыркүйек күндері сабаққа себепсіз қатыспады деген желеумен 7 қыркүйек күні шығарылып жіберілген. Адам тағдырын ойыншық көрген басшы мұндай тұжырыммен оқудан шығаруға болмайтынын ескермеген. Ол тіпті бұл келмеудің астарында не жатқанын тексеріп, оған терең бойлауды жөн көрмеген. Директордың мұндай өрескел қадамға баруына №56 оқу тобының шебері А.Әлиеваның берген көрсетуі негіз болған. Ал оқу шебері Г.Дүйсенбаеваның сабаққа келмеуіне байланысты 2 қыркүйек күні оның үйіне барып, анасымен сөйлескенін, әйелдің қызы ауырып қалғандықтан, оқуға бара алмағанын айтқанын жазып берген. Әңгіме барысында оқушының анасы қызын дәрігерге көрсететінін жеткізіпті. Осы мезгілде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Дәндібаев өз көрсетуінде топ шебері А.Әлиеваның оқушы отбасы жағдайына байланысты колледжде оқи алмайтынын жазып бергенін, бірақ оның Г.Дүйсенбаеваның сабаққа келмей жүрген күндеріне қатысты зерттеу жүргізбегенін келтірген. Осының бәрін көріп-біле отырып, колледж директоры кәмелетке толмаған оқушы қызды бір-ақ күннің ішінде оқудан шығарып жіберген.
Ал жоғарыдағы Заңның 15-бабы 2-тармағында тегiн жалпы орта бiлiм немесе техникалық және кәсіптік бiлiм алғанға дейiн баланы мемлекеттiк бiлiм беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртiбiн сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн екені көрсетілген. Осылайша, колледж басшылығы кәмелетке толмаған қыздың Конституциямен кепіл берілген міндетті орта білім алуының қасақана жолын кескен. Сондықтан іске аудандық прокуратура араласып, облыстық білім басқармасына заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс келтірді. Оның қаралу нәтижесінде Г.Дүйсенбаева өзі түскен оқу орнының 1-курсына қайта қабылданды. Мұның қорытындысында заң бұзушылықтарға жол берген колледж директоры М.Ахметов, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Дәндібаев – сөгіс, өндірістік оқу шебері А.Әлиева мен кадр бөлімнің қызметкері Д.Рүстемова ескерту түріндегі тәртіптік жазалар алды.
Руслан ПІРНАЗАР,
Жаңақорған ауданы прокурорының көмекшісі.
Қызылорда облысы.