Үкімет • 13 Қаңтар, 2022

Әзербайжанның үкімет басшысы Әлихан Смайыловты еліне шақырды

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Әзербайжан Республикасының Премьер-Министрі Али Идаят оглы Асадовпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әзербайжанның үкімет басшысы Әлихан Смайыловты еліне шақырды

Әзербайжан Республикасының Премьер-Министрі А. Асадов Ә. Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. А. Асадов деструктивті күштердің агрессиясы салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты, сондай-ақ еліміз үшін осы қиын сәтте Қазақстан халқына деген қолдауын білдірді.

«Әзербайжан – Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі. Біздің елдеріміз арасында сындарлы саяси диалог және екіжақты қарым-қатынастардың кең саласы бойынша жемісті өзара іс-қимыл жолға қойылған. Біз өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және тереңдетуге ниеттіміз», деді Ә. Смайылов.

АР Премьер-Министрі А. Асадов ҚР Премьер-Министрі А. Смайыловты өзіне қолайлы уақытта Әзербайжанға келуге шақырды.

Әзербайжан – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі $261 млн құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен үш есе көп және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден едәуір артық. Биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады.