Пікір • 14 Қаңтар, 2022

Біздің мықтылығымыз – заң мен тәртіпте

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Отанымыз қиын сәттерді басынан өткеріп жатыр. Бірақ біз кез келген қиындыққа қарсы тұрып, бүгінгі таңдағы қысылтаяң шақта оны бірлесе шеше аламыз.

Біздің мықтылығымыз – заң мен тәртіпте

Біз, құқықтық тәртіп әс­кері­нің ардагерлері, осындай сәтте Президентті қолдаймыз және бүкіл қазақ халқын бірігіп тәртіп­ті сақтауға және қалыпты өмірге оралуға шақырамыз. Біз бұрынғы Кеңес кезінде әртүрлі аймақтарда ұзақ жылдар қызмет ету барысында көптеген жағдай­ларды бас­­тан кешірдік, Кеңес Одағының құлауы мен жаңа Ішкі әскердің құрылуына да куә болдық.

Өкінішке қарай, әскеріміз – Ұлттық ұланның 30 жылдық мерейтойы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған лаңкестердің қолынан қаза болғандарды еске алуға орай жарияланған Жалпы­ұлттық аза тұту күніне сәйкес келді. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қоғам болып бірігуіміздің арқасында шабуылшыларға, соның ішінде кәсіби сценарий бойынша машықтанған қылмыс­тық топқа, мемлекет тұтастығын бұзуға ниеттілерге қарсы тұра білдік» деп өте орынды айтты. Өйткені жоғары лауазымда отырған саяси қайраткерлердің өзі қоғамның бір бөлігін жаппай тәртіпсіздікке дайындап, соңын қайғылы жағдайға ұластырғаны анықталып жатыр.

Біз Президентіміздің Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мем­лекет­терінің бітімгершілік күштерін енгізу туралы шешімін қол­даймыз. Шын мәнінде бітім­гер­шілік күштерінің шоғыр­лануы­ның арқасында әсем қаламыз – Алматы аман қалып, дер кезінде құтқарылды.

Бүгінде лаңкестікке қарсы операция өзінің соңғы кезеңіне аяқ басып отыр. Біз, ардагерлер, көп ұзамай саны он мыңнан асқан заңсыз әрекеттерге айдап салушылар мен қатысушылардың барлығы ұсталып, жауапқа тарты­лады деп сенеміз. Қанды қаң­тар күндерінің кінәлілері мін­­дет­ті түрде жазасын алуы керек. Зұлымдық лайықты және әділ жауап алуы тиіс. Прези­дент айтқандай, «бейбіт тұрғын­дарға қарсы қылмысқа қатысы бар барлық содырлар мен олар­дың сыбайластары табылып, жазаланғаны жөн».

Осы тұрғыда ҰҚШҰ мемле­кеттері көшбасшыларының Қазақ­стандағы тәртіпсіздік кезін­де көрсеткен көмектерін атап өткім келеді. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн кез­десу барысында ерекше айтып өтіп, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшыларына өзінің шынайы алғысын білдірді. Өз кезегінде осы бір сұрапыл күн­дері маған Қазан, Саратов, Санкт-Петер­бург, Мәскеу қала­ларынан бұ­рын бірге оқып, қыз­мет­тес бол­­ған әріптестер хабарла­сып, ел­­дегі жағдайдың тез оңа­­луына қол­дауларын білдірді. Олар­­дың да біздің мәселеге бейжай қарай алмайтынын жү­рек­ке жылу ұялатты.

Бұл ретте біз Мемлекет бас­шысының құқық қорғау жүйесін реформалаудан бастап, бар­лық маңызды салада ауқымды реформалар жүргізу туралы шешімін қуана қабылдадық. Өйт­кені Ұлттық ұлан мен поли­ция­ның мемлекет тарапынан жоғары деңгейде қолдау табуы аса маңызды. Президентіміздің барлық мәлімдемелерінде экстре­мистердің қиян-кескі шабуылдарына тойтарыс беріп, басқа да күш құрылымдарымен иық тірестіре отырып, сақшылардың батылдығы мен қырағылығы туралы оң сөйлейтіні қуантады.

Әсіресе, тәртіп сақшылары үшін Мемлекет басшысының сөйлеген сөзіне назар аударып қана қоймай, маңызды екпін айт­қанын есту өте маңызды. Өйт­кені Мемлекет басшысы: «Ұлттық ұланды сандық және сапалық жағынан күшейту қа­жет. Бөліністерін нығайтып, өңір­лерде жаңа бөлімшелерін жасақтауды қолға алу керек. Ұлттық ұланның көліктік және мате­риалдық-техникалық тұр­ғы­да толық қамтамасыз етілуін шешу қажет. Ішкі істер ми­нистр­лігі мен Ұлттық ұлан­ның арнайы мақсаттағы бөлім­ше­лерінің саны арттырыл­­сын. Жауынгерлік әзірлік дең­­гейі көтерілсін. Қажетті арнайы көлік­­термен қайта жаб­дық­тал­сын. Барлық құқық қор­ғау орган­дарының арнайы жаса­қ­тары қызметкерлерінің жалақысы көтерілсін», деді.

Осы қысқа да, маңызды сөз­дер­ден мемлекет тарапынан бізге жасалып жатқан қамқор­лық­ты, жаңа өзекті мақсаттарды көруге болады. Енді жеке құрам­ның алдында осының бар­лығын тиімді, әрі қысқа мерзімде атқару мін­деті тұр. Ал біз, ардагерлер, өмір­лік және қызметтік тәжі­ри­бе­мізді бере отырып, айтыл­ған оңтайлы бастамаларды то­лы­ғымен қолдай­мыз.

Мемлекет басшысы атап өт­кендей, бірге – біз мықтымыз. Өз тарапымыздан айтпағымыз: мық­ты­лығымыз – заң мен тәртіпте.

 

Қалиақпар ТОҚЫШЕВ,

отставкадағы генерал-майор,

ҚР Ұлттық ұланы Ардагерлер кеңесінің төрағасы